Ереванда «Абай оқулары» өтті

Қазақстан елшілігінің бастамасымен Арменияда «Еревандағы Абай оқулары» атты әдеби-сазды кеш болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.

«Еревандағы Абай оқулары» әдеби-сазды кеші Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бастаған делегацияның Ереванға жасаған мәдени сапарына қарай ұйымдастырылды. Кешке Сирек жазбалар мен кітаптар ұлттық орталығының директоры Асылхан Сәдуов қатысты. Қазақтың ұлы ақынының шығармашылығы арқау болған кеш армян астанасының әдеби және шығармашылық топ өкілдерінің қызығушылығын тудырғаны анық. Кешке белгілі армян ақындары мен жазушылары, мәдениет қайраткерлері мен студент жастар қатысты.

«Жаһандану заманында Қазақстан мен Армения жастарының Абай шығармашылығына қызығушылық танытып отырғаны қуантады. Қазақтың ұлы ақыны Абай өзінің өлеңдерінде білімді жастарды айта келе жетістіктер мен жеңістерге жетудің жалғыз жолы - білім екенін жазып кеткен ойшыл», - деді ЕҰУ ректоры шара барысында.

Өз кезегінде Қазақстанның Армениядағы елшісі Тимур Оразаев осы кештің ұйымдастырылуы - қазақтың ұлы ойшылы, философ, композитор, қара сөздің қас шебері Абай Құнанбайұлының рухына көрсетілген құрмет екенін атап өтті.

«Ұлы Абай ұлы шығармаларымен бірнеше буынды тамсандырған тұлға. Оның атағы қазақ халқының аясынан шығып кетіп, әлемді шарлап кеткен. Абай арқылы қазір әлем қазақты, Қазақстанды таниды», - деді Тимур Оразаев.

Әдеби-сазды кеште меймандардың алдында «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай өнер көрсетті. Маестро концертмейстер, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, пианиношы Любовь Глинканың сүйемелдеуімен «Көзімнің қарасы», «Мен көрдім ұзын қайын құлағанын», «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін әуелете орындады. Сонымен қатар, Кенжеғали Мыржықбайдың армян композиторы Арно Бабаджанянның «Нюкторн» туындысын орындап беруі армяндарға ерекше сый болды.

Кеш қонақтары алдында сонымен қатар күйші, композитор, «Шабыт» халықаралық фестивалінің лауреаты, Құрманғазы атындағы халықаралық байқаудың жеңімпазы Айбек Бекбосын «Адай», «Елбасы-толғауы», «Торжорға», «Байжұма» күйлерін орындап берді.

Әдеби-сазды кеш барысында меймандар қазақтың ұлы ойшылының шығармашылығымен танысып, қос халықтың мәдени дәстүрлерінің бастауы туралы ой бөлісті. Өздерінің жылы лебіздерінде армян халқының мәдени қайраткерлері Абай өлеңдерінің тереңдігін сезінгендерін білдіріп, кеш ұйымдастырушыларына алғысын айтты.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе