Бұрынғы балабақша ғимараттары халыққа қайтарылатын болды - көшпелі кеңес

АСТАНА. Қарашаның 26/Арман Асқаров/ - Қазіргі кезде республикадағы балабақша мәселесі - аса көкейкесті әлеуметтік проблемалардың бірі. Бұл мәселе жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей желі арқылы халықпен тілдесуі кезінде де көтерілген болатын. Осыдан кейін Президент Үкіметке балабақша мәселесін түбегейлі зерттеп, барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шешуді тапсырды.Оның нақты нәтижесі бүгін, қазанның 26-сы күні ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтың қатысуымен өткен көшпелі кеңестің жұмысы кезінде көрінді. Үкімет басшысы қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Білім  және  ғылым министр Жансейіт Түймебаевпен бірге елордадағы бұрынғы балабақша ғимараттарын аралап, кезінде мемлекеттік органдарға беріліп кеткен осы нысандарды мемлекеттің иелігіне қайтару барысымен танысты. Мәселен, Мәскеу көшесінде орналасқан №3 балабақшаның бұрынғы ғимараты кезінде Астана қаласының Қорғаныс жөніндегі департаментіне беріліп, қазіргі кезде бұл жерде № 5570 Әскери бөлімі жатақханасы мен асхана бөлмесі ашылған. Затаевич көшесіндегі №5 балабақшада ҚР Қорғаныс министрлігінің департаменті орналасқан. Жеңіс даңғылында орын тепкен №23 балабақшада ҚР Әділет министрлігінің ақпараттық-өндірістік орталығы» РМК-сы, ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің көші-қон және азаматық басқармасы мен Көші-қон полициясы басқармасы бар. Сондай-ақ Қырқыншы кентінің балабақша ғимаратында ҚР Ішкі істер министрлігінің Кәсіби дайындық училищесі ашылған. Осы нысандарды аралап шыққан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов жақын арада бұрынғы балабақша ғимараттарын қаланың коммуналдық меншігіне қайтару қажеттігіне тоқталып, оларды балабақша ретінде қайтадан жабдықтауға қажетті қаражатты бөлудің тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Осынау игілікті істің пайдасын К.Мәсімов Көктал-1 кентінде жаңадан ашылған № 39 «Меруерт» балабақшасының үлгісінде көрді. Кезінде Ақмола облысының әкімдігінің құзырында болған бұл нысан 2008 жылы елорданың меншігіне қайтарылды. Қала әкімдігінің шешімімен бұл жерде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылғаннан кейін жаңа балабақшаның есігі бүлдіршіндер үшін өз есігін айқара ашты. Қазіргі кезде қазақ және орыс тілдерінде оқытатын осы балабақшаға 11 топ бойынша 240 бала бара алады.

Астана қаласының әкімдігі балабақшалар жүйесін дамытуды осы санатағы шағын нысандарды ашу арқылы жүргізуді көздеп отыр. Елордада салынып жатқан 15 тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасатын шағын балабақшалардың жалпы ауданы 16 мың шаршы метрден аспақ. Бүгінгі таңда осы іспетті балабақшалардың құрылысы «Еуропалық-2», «Тәуелсіздік» және «Оқжетпес» кешендерінде жүргізілуде. Қалған шағын балабақша орындарын 2010 жылға дейін жабдықтау көзделген. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың сөзіне қарағанда, шағын балабақшалардағы орындардың саны 2,5 мыңға дейін жетеді. Бірақ осы мақсатқа қосымша 735 млн. теңге қажет. Астана қаласының әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, бұл қаражат елордадағы шағын балабақшалар орналасатын проблемалы құрылыс нысандарын аяқтауға қажет. Сондай-ақ құрылысы аяқталмаған нысандардағы белгілі бір тұрғылықты ауданды коммуналдық меншікке беру немесе оны шағын балабақшаларды ұйымдастыру мақсатында заңды тұлғаларға тапсыру бойынша бүгінгі заңнамаға тиісті өзгерістерді енгізу керек.

Жалпы, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов атап көрсеткендей, қазіргі кезде Астана қаласындағы балабақша мәселесін шешу жұмысы төрт негізгі бағыт - кезінде мемлекеттік органдарға беріліп кеткен балабақша ғимараттарын қайтару, шағын балабақша орындарын ашу, осы санаттағы жеке меншік нысандарын дамыту және республикалық бюджеттің есебінен жаңа балабақшаларды салу      бойынша жүргізілуде. Осының нәтижесінде 2010 жылы Астана қаласында қосымша 11 мың балабақша орындарын ашуға мүмкіндік бар. Бұл қала тұрғындарының сұранысын 50-60 пайызға өтейді. «Ал 2011 жылы елордада 20 жаңа мектептің бой көтеретінін ескерсек, сол жылы Астанадағы балабақша мәселесі толықтай шешіледі деуге болады», - дейді И.Тасмағамбетов.

Ал көшпелі кеңестің жұмысына қорытынды жасаған ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ел аймақтарындағы балабақшалар мәселесін Астананың үлгісінде  шешуді тапсырды. «Бүгіннен бастап бір аптаның ішінде жергілікті әкімдер біз сияқты бұрынғы балабақша ғимараттарын аралап, Астананың үлгісінде осы мәселені шешуі тиіс. Мен бұқаралық ақпарат құралдарын балабақша мәселесінің елордада қалай шешіліп жатқандығын көрсетіп, жергілікті жерлерде осы проблема бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды жіті бақылауда ұстауды сұраймын. Біз Астананың тәжірибесі негізінде республикадағы балабақша мәселесін шешуіміз қажет. Бұл біздің негізгі бағытымыз болмақ»-, деді К. Мәсімов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе