Ақмола әкімі үздік ұстаздарды марапаттады

Ақмола облысында мұғалімдер күнін мерекелеуге арналған салтанатты шара өтіп, үздік ұстаздар марапатталды, деп тілшісі.

Көкшетаудағы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында ұйымдастырылған шараға аймақ басшысы Мәлік Мырзалин, өскелең ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде жоғары нәтижеге қол жеткізген мұғалімдер, педагогикалық қызмет ардагерлері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. 

«Бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың білім беру саласы уақыт үрдісіне сай, түбегейлі өзгеріске түсуде. Биыл облысымызда алғашқы ІТ-мектептің іске қосылуы осы міндеттерді атқарудағы қанатқақты жоба саналады және бұл үрдіс үнемі жалғаса бермек», - дей келе, М.Мырзалин  Мемлекет басшысының тапсырмасын, елдің жаңа дәуірдегі даму стратегиясын жүзеге асыруға өңірде зор мүмкіндік пен мықты әлеует бар екенін атап өтті.

Аймақ басшысының айтуынша, мемлекеттік қолдау жыл сайын өсіп келеді. Облыста жүзден астам мұғалім - республика бойынша білім саласының үздігі, 86 ұстаз - Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері. Биыл 264 оқушы мектепті алтын медальмен аяқтаса, дарынды өрендер пәндер бойынша халықаралық, республикалық, облыстық олимпиадаларда 680 медаль жеңіп алған. 

Салтанатты жиында облыс әкімі М.Мырзалин айрықша көзге түскен мұғалімдерге Ы.Алтынсарын атындағы медальді табыс етсе, зеренділік Жанкелді Уәйісов, бұландылық Бейсенбі Ырысалды, ақкөлдік Оксана Верникова, сандықтаулық Наталья Рыжкова және басқалары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген білім қызметкері атағына ие болды. Сондай-ақ,  үздік мұғалімдердің бір тобы облыс әкімінің Алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Облыс басшысы орыс тілді мектептер мен колледждерде қазақ тілі пәнінен сабақ беретін мұғалімдер арасындағы облыстық байқаудың қорытындысын шығарып, жүлдегерлерін марапаттады. Қуаныш иелері қатарында Бурабай ауданының өкілі Дамир Сұрағанов 600 мың теңгелік гран-приді жеңіп алса, байқауға Жақсы ауданынан қатысқан Жаңагүл Алшынбаева 400 мың теңге және Целиноград ауданындағы Қосшы ауылының мұғалімі Кенжебай Дәндебай 200 мың теңгелік сыйлықты иемденді. Сонымен қатар, жиында Қазақстан Республикасының 2018 жылғы «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанған ақмолалық ұстаздар -  Көкшетау қаласындағы №3 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың химия пәнінің жоғары санатты мұғалімі Дана Манапова, облыс орталығындағы №1 мектеп-гимназияның физика пәнінің мұғалімі Нәзифа Зәкірова, Щучье қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің оқытушысы Наталья Семкинаның да есімдері аталды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе