Астана өзін өзі қамтамасыз етуге қабілетті, қарымына қауқары сай шаһар болды

АСТАНА. 27 Бірнеше айдан бері ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде әр апта сайын еліміздің әр өңірінің әкімі өздері басқарып отырған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының мәліметтерімен таныстырып, тілшілер қауымының сауалдарына жауап беруге тырысып бақты. Осы күнге дейін Қазақстандағы 14 облыстың басшылары мен Алматы қаласының әкімі осы міндеттерінен құтылып, өңірлеріндегі ахуалды жақсы жағынан жеткізуге талпынды. Сонымен қатар биылдың соңына қарай бүгін осындай баспасөз мәслихатын Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов қорытындылады.Алдымен әкім мырза елорданың әлеуметтік-экономикалық ресми мәліметтеріне тоқталып, әр саладағы деректер мен жетістіктер жайында баяндап берді.

«2013 жыл бойынша қаламыздың жалпы ішкі өнімі 7 пайызға өсіп, 2 трлн. 700 млрд. теңгеден асады деп күтудеміз. Өнеркәсіп өнімі 230 млрд. теңгені құрайды. Орташа жалақы мөлшері 165 мың теңге болады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға артық», - деді ол.

Биыл шағын және орта кәсіпкерлікті қолдаудың нәтижесінде олардың өндіретін өнімінің көлемі алғаш рет 1 трлн. 100 млрд. теңгеге жеткен көрінеді.

Сонымен қатар Астананың индустриялық-инновациялық дамуы бойынша жалпы көлемі 87 млрд. теңгеден астам қаржыны құраған 19 инвестициялық жобаның жұмысы жолға қойылды. Осының арқасында қалада 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы қала бойынша 2013 жылы 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылса, оның 12 мыңы шағын және орта бизнес саласында. Нәтижесінде осы жылы қала қазынасына құйылған салық түсімінің көлемі 600 млрд. теңгені құрады.

Бұдан бөлек, И. Тасмағамбетов емханалардағы ұзын-сонар кезекті алдағы жылдың соңына қарай жоюға уәде етті. Әкім денсаулық сақтау саласында қала әкімшілігінің барлық күш-жігері емханалық буындағы жүктемені жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті. Бір жыл бұрын емханалар екі есе жүктемемен жұмыс істеген екен. Емдеу мекемелерінің тапшылығын шешу мақсатында өткен жылы екі ауруханадан бөлек, бір емхана тапсырылды. Биылғы желтоқсанда тағы бір амбулаториялық-емханалық кешен ашылды. Осы емхананың пайдалануға берілуімен және Сол жағалауда 2014 жылдың екінші жартысында амбулаториялық-емханалық кешеннің, сондай-ақ Ильинка елді мекені мен Досмұхамедов көшесі бойында емханалардың ашылуымен елордалық емханалық буын нормативті жұмыс тәртібіне көшеді. «Яғни, біз 2014 жылдың соңына қарай емханаларда бұндай ұзын-сонар кезек болмайды деп жоспарлаудамыз»,-деп нақтылап өтті ол.

Қала басшысы мектептер мәселесіне тоқтала келе, бұл салада 23 мың оқушы орны тапшы болып отырғандығын, биылғы оқу жылының өзінде Астанаға мектеп жасындағы 5 мыңға тарта бала келгенін жеткізді.

Айта кетейік, ағымдағы жылы төрт мектеп пайдалануға берілді, ал 2014 жылы жапы білім беретін тағы 10 мектеп есігін ашады. Бұл 10 нысанның құрылысы жүріп жатыр және олар алдағы жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар 2014 жылы орта білімнің тағы 5 нысанының құрылысы басталмақ.

Мәселен, жыл басынан бері ХҚКО-ларда еліміздің өзге өңірлерінен елордаға келген 101 283 адам тіркелді, ал тіркеуден шыққандар тек 22 747. Яғни қалада 78 мыңнан астам адам тұрақтады.

«Әрине, қарқынды даму үрдісі елорданы еліміздің барша өңірлерінің адамдары үшін тұрғылықты жер ретінде тартымды етуде. Олардың өздерінің болашағын Астанамен байланыстыру ниеті ауқымды ішкі көші-қонға себеп болуда. Осы орайда бұл әлеуметтік салаға күрделі ауыртпалық түсіреді. Өз кезегінде осының нәтижесі балабақшалардағы орындардың жеткіліксіздігіне соқтырады», - деді әкім. Бүгінде қалада алты жасқа дейінгі 110 мыңнан астам бала бар. Қала мүмкіндігін ескерсек, балабақшаға 32 684 бала орналастырылған. Жалпы қазіргі кезде кезектегі балалар саны 72 мыңға жуық. Белгілі болғандай, соңғы 4 жылда елордада 80 балабақша салынған. 2014 жылы тағы 17 мектепке дейінгі мекемені пайдалануға беру жоспарланған.

Мұнымен қоса, қазіргі уақытта қалада жыл сайын 1 млн. шаршы метрден артық тұрғын үй пайдалануға беріледі екен. 2013 жылдың қорытындысы бойынша елордада 1 млн. 200 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылмақ. Қала басшысының атап өтуінше, Астана еліміздің елордасы аталған уақыттан бері 12 млн. шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Мемлекеттік қолдау мен түрлі бағдарламалардың арқасында 18 мың отбасы немесе 60 мың адам баспаналы болды. «Осылайша, соңғы 15 жылдың ішінде Астана халқының тұрғын үймен орташа қамтамасыз етілуі адам басына 15-тен 25 шаршы метрге дейін өсті», - деді И.Тасмағамбетов.

Елорда әкіміне қойылған сауалдардың бірқатары жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдерін бөлу мен қала маңындағы ауылдарға инфрақұрылым тарту мәселесі төңірегінде болды.

И. Тасмағамбетовтің сөзіне қарағанда, Астана қаласы аумағының жер көлемі 71 мың гектар. Қаладан 60 шақырым қашықтықтағы 80 ауылда 156 мың адам тұрады. Алайда олардың кейбірі Қарағанды облысына, ал кейбірі Ақмола облысына қарайды. «Оларды қазір коммуникациямен, жолмен, әлеуметтік мәселелермен, яғни балабақшамен қамтамасыз ету менің құзырымда емес. Бұл екі облыстың шаруасы. Мен оларды ысырып тастап отырған жоқпын, өйткені ауылдарда тұратын халықтың көбісі Астанада жұмыс істейді. Көбісі қалада балаларын оқытып, денсаулық сақтау мекемелерінде ем қабылдайды. Сондықтан бұл бағытта арнайы бағдарлама қабылданды. Қазір бұл ауылдарда халық саны 156 мың болса, орта есеппен 250 мыңға дейін өсуіне жағдай болады»,-деп тоқталды әкім. Астанаға қосылған 20 ауыл бар. Осыдан үш жыл бұрын мәслихат қабылдаған шешімге сәйкес, аталған ауылдардың күрделі мәселелерін шешу назарға алынды.

«Бүгінде 6 ауылдағы мәселелер толықтай шешілді, ал басқаларында қаражатқа байланысты жұмысымыз жүріп жатыр. Сондықтан біздің алдымызға қойып отырған міндет, қалаға қосылған 20 ауылдағы қордаланған мәселелерді шешу. Қалған ауылдардағы проблемалар облыстың жағдайына байланысты»,-деді И. Тасмағамбетов.

Осы тақырыпты жалғастыра отырып, қала басшысы игерілмеген жер мәселесіне тоқталды. «Кезінде 14 мың гектар жер меншікке берілген. Ал елорданың көлемі 71 мың гектар жерді қамтиды. Сол 14 мың гектарды осыдан он жыл бұрын алып, алайда, ол жерлер игерілмегеннен кейін тиісті мәселе көтерілді. Бұл мәселені Елбасының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары қарап жатыр. Оның екі мың гектарындай алқабы қазір мемлекеттің қорына қайтарылып, қалғаны қаралып жатыр»,-деді әкім. Осы орайда И. Тасмағамбетовтің айтуынша, бұл учаскелерді алғандар инвестициясын салып сол жерлерді игеруді бастайды немесе олай болмаған жағдайда міндетті түрде жер мемлекетке қайтарылады.

Қаладан 30 шақырымдық қашықтықта жеке үй салуға жер беруге тыйым салу туралы Елбасының тапсырмасы бар екені мәлім. Әкімнің пайымынша, қалаға жақын жерлерге үй салынып, ауылдар пайда болып жатыр. Бірақ бұл ауылдарда не жол жоқ, не электр қуатымен қамтамасыз етілмеген. Ең бастысы, бұл жерлерде жұмыс орны жоқ. Сондықтан барлығы қалаға келіп жұмыс істеп, жағдайын осында шешеді. Олай болатын болса, мұндай тұрмыс халыққа қолайлы болмайды.

Астанада 10 сотық жерге ие болуға ниетті адамның саны 100 мыңнан асып отырғанына тоқталған қала басшысы, «Бұндай жағдай қалада жоқ. Себебі, Бас жоспарымыз бойынша 2025-2030 жылға дейін беруге мүмкіндік бар жердің көлемі 10 сотықтан есептейтін болсақ, тек 15 мың адамға арналған. Бұл 15 мың учаскені халыққа қазір бөліп беруге болады. Бірақ та, бұл жер телімдерінде жол жоқ, құбырлар тартылмаған»,-деді И. Тасмағамбетов.

Осы орайда ол азаматтар үй салып алғаннан соң қажетті инфрақұрылым болмағаннан кейін қиындыққа тап болатынын сөз етті. Аталған 15 мың жер телімін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 150 миллиард теңге қажет. Бұл қаржыны бір сәтте бөле салуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бұл бірте-бірте шешіліп келе жатқан мәселе.

Айтпақшы, қазіргі кезеңде Астана өз күшімен қаладағы өмір сүруге қажетті шығыстарды қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар 2015 жылдан бастап елорда қазынасынан республикалық бюджетке 7,5 млрд. теңге көлемінде қаржы аудару басталады, ал 2016 жылдан бастап оның көлемі 17,3 млрд. теңгеге жетеді. «Бұл өте маңызды көрсеткіш. Яғни, осы сәттен бастап Астана республикалық бюджеттің донор өңірлерінің төрттігіне енеді»,- деп түйді әкім.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе