Дуалдық оқыту жүйесі - мамандар даярлаудағы функционалды білім мен кәсіби құзыреттілік кепілі - Әлима Әбдіхалықова

Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы бұрынғы педагогикалық училище, қазіргі Қызылорда гуманитарлық колледжі аймақтағы тұңғыш арнаулы білім беру ордасы болып табылады. Құрылғанына ғасырға жуықтап келе жатқан білім ошағынан түлеп ұшқан түлектер қоғам өмірінің барлық саласында жемісті еңбек етуде. Колледж бүгінде уақыт талабына сай еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауды да қолға алып тілшісі колледж директоры Әлима Әбдіхалықоваға жолығып, білім ордасының тыныс-тіршілігі жайлы сұхбаттасқан еді.- Әлима Жақыпқызы, сөз басын биылғы жылдың ақжолтай жаңалығы болып қазақ елін, қала берді Сыр жұртшылығын қуантқан колледж түлектерінің  спорттағы жетістіктерінен бастасақ...

- Біздің колледжде «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының ашылғанына жеті жыл ғана болды. Осы уақыт ішінде түлектеріміз шынында да мақтануға тұрарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Бұған дейін Илья Ильин бастаған Қорқыт Ата уинверситетінің студенттері ғана жеңіс тұғырынан табылып келсе, енді біздің колледждің спортшылары әлемдік додаларда топ жарып жатыр. Мақтанышымыз Бауыржан Жауынтаев Бейжіңде өткен жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы Олимпиадалық ойындарында дзюдо күресінен алтын медаль иегері атанды.Бауыржан студенттер арасындағы Қазақстандағы тұңғыш әлем чемпионы. Олимпиадада еншімізге тиген үш алтынның алғашқысын қоржынымызға салды. Ол дзюдо күресінен Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Тайпэйде өткен Азия чемпионатының жеңімпазы, Германияда өткен халықаралық турнирдің алтын медаль иегері, Майамидегі әлем чемпионатының чемпионы атақтарын соңғы екі жыл ішінде қанжығасына байлады. Бауыржанның алар асуы алда. Ол әлі-ақ қазақ жұртын үлкен олимпиада алтынымен қуантады деп сенемін. Қыздарымыздың арасынан Гүлфайруз Наймантаева биыл самбо күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды. Ол да бұған дейін Азияны екі дүркін бағындырып, әлем чемпионатының қола жүлдесін еншілеп үлгерген талантты жастарымыздың бірі. Табандылығымен танылған Гүлфайруздың да көтерілер тұғырының биік боларына сенім зор. Ол қыздар арасында облыс бойынша тұңғыш халықаралық спорт шебері болып тарихқа есімін жазды. Жеңіл атлетикадан студентіміз Құлдас Азамат 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азиялық жарыстарда алтыннан алқа тақты. Ол түрлі қашықтықта Азиялық додаларда жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрініп жүр. Желдей жүйткіген Құлдастың әлі талай биіктерді бағындырарына мамандар үлкен үміт артып отыр. Спортқа деген сүйіспеншілігі зор жастардың бірі - «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы 3-курс студенті Құттыбай Аслан. Ол алдына үлкен мақсат қойып, жазғы демалыс кезінде екі ай Лондон қаласында кәсіби спорттық білімін жетілдірді. Нәтижесінде «халықаралық дәрежедегі төреші» сертификатын иеленді. Жалпы, аз ғана уақыт болса да спорттың біршама түрінен жеткен жетістіктеріміз аз емес.

- Колледжде дуалды оқыту жүйесін алғашқылардың бірі болып енгіздіңіздер, оның тиімділігі қандай?

- Біздің оқу орнымыз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып дуалды оқыту жүйесі экспериментін оқу-тәрбие процесіне енгізді. Дуалдық оқыту жүйесін енгізу - халықаралық білім беру стандарттарына сай жас мамандардың жұмысқа тұру мүмкіндігі және бәсекеге қабілетті кадрлар дайындаудың кепілі болып табылады. Бұл жүйе - теориялық білім мен практикалық білімді ұштастыра білген және кадр дайындауда ықпалы зор әлем мойындаған форма. М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледждегі дуалдық оқыту тәжірибесі дәстүрлі сабақ беруге қарағанда өз басымдылығын көрсетіп, теориялық және практикалық даярлықты қатар алып жүруге жағдай жасады. Колледжде соңғы бес жыл ішінде заман талабы мен еңбек нарығындағы сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтқанда: «Негізгі орта білім» біліктілігі бойынша «Математика пәнінің мұғалімі», «Физика пәнінің мұғалімі», «Туризм» біліктілігі бойынша «Менеджер», «Аударма ісі» біліктілігі бойынша «Гид-аудармашы». Жүйе нәтижесінде түлектердің 70 пайызы жұмысқа орналасып, ал қалған 30 пайызы жоғары оқу орындарының грант иесі атанды. Кәсіптік білім берудің дуалдық жүйесін қолдану тәжірибесі бұл жүйенің дәстүрлі жүйеден келесі артықшылықтарын көрсетіп отыр. Мысалы, дуалдық жүйе оқытудың дәстүрлі жүйесінің негізгі кемшілігін - теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жояды. Сондай-ақ, дуалдық білім беру жүйесінің механизмінде кәсіби маманның жеке тұлғасына әсер ету, болашақ маманның жаңа психологиясын жасау жатыр. Оқушыларда білім алу мен дағдыға ие болуға үлкен мотивация туады, себебі олар өздерінің кәсіби сапасының жұмыс орнындағы функционалдық міндеттерді орындаумен тікелей байланысты екендігін сезінеді. Жұмыс берушімен тығыз байланыстағы оқу орны болашақ мамандарға қойылатын талаптарды әрдайым ескеріп отырады. Сонымен бірге  жұмыс берушілер өздерін кәсіби-функционалды құзыреттілігі жоғары, білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Міне бұл жүйенің осындай артықшылықтары бар.

- Елбасының «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауы біздің барлық бағыттарымздың бағдаршамы іспетті. Осы орайда колледжде атқарылып жатқан істерге тоқталсаңыз...

- Колледжімізде «Елбасы салған нұрлы жол» тақырыбында жаңадан «Тұңғыш Президент» залын жабдықтадық. Онда «Елбасы салған нұрлы жол» атты ҚР Тұңғыш Президентіне арналған ақпараттық-танымдық дүниелер қойылды. Сонымен бірге  «Жолдау-болашаққа жол көрсетер маңызды тарихи құжат» тақырыбында «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы мазмұны бойынша ақпараттық-саяси сабақтар өткізілуде. Облыстық ішкі саясат басқармасы тапсырысы бойынша «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорымен бірлескен «Елбасы-ел бірлігі, ел сенімі» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. «Біз таңдаған нұрлы жол» тақырыбындағы кешенді рухани-патриоттық шара, «Ел бірлігі-халықтар достығында» тақырыбында Ассамблеяның 20 жылдығына арналған өзге ұлт өкілдерімен кездесу-сұхбаттар өткізіліп келеді. Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздіктің жұлдызды күндері» тақырыбындағы кешенді шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар басталып кетті.

- Аймақтағы мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешілерін негізінен сіз басқарып отырған колледж дайындайды. Бүгінгі таңда олардың біліктіліктерін арттыру бағытындағы жұмыстар қалай жүріп жатыр?

- 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына сай балабақшалар санын арттыру, мектеп жасына дейінгі балаларды 100 пайыз балабақшамен қамту қажеттілігіне орай мектепке дейінгі ұйымдарға сапалы кадрлар дайындау мақсаты көзделіп отыр. Осыған орай «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша бітіруші түлектерге сұраныс та артты. Соңғы төрт жылда колледж қабырғасын 103 оқушы бітірді. Олардың 86 пайызы жұмысқа орналасса, қалғаны  жоғары оқу орындарына түсті. Қосымша білім беру бағыттары жанданды. «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» біліктілігімен қоса қосымша біліктілік беру бағыттары бойынша олар мәдени іс-шара ұйымдастырушы, гувернант, массажист, логопед-дефектолог, әлеуметтік педагог, педагог-ұйымдастырушы мамандықтарын қосымша игереді. Дуалдық жүйенің алғашқы тәжірибесі де 2009-2010 оқу жылында «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша басталды. Алға қойылған мақсат кәсіби-функционалдық құзыреттілік деңгейі жоғары, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие, кәсіби әлеуеті мығым маман даярлау болды.

- Өңірде «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізілуіне орай туристердің  Байқоңыр қаласы мен Қорқыт Ата кешеніне келетіні белгілі. Осы мақсатта колледж қабырғасында мамандар даярлау ісі қолға алыныпты... 

- 2014-2015 оқу жылынан бастап «Туризм», және «Аударма ісі» мамандықтарында дуалдық оқу жүйесін енгізу жұмыстары жалғасын тапты. Қазақстан Республикасындағы туристік саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес 5 кластерге бөлінген. Қызылорда облысы оңтүстік кластерге енді. Облыс әкімі мемлекет басшысымен «ЭКСПО-2017» медиа жоспарына Байқоңыр қаласын қосу мәселесін шешкеннен кейін облысымызда танымдық, этномәдени және экологиялық туризмді дамытудың негізгі бағыттары айқындалып, туристік кластерді дамыту көзделді. «Байқоңыр ғарыш кешенін», «Қорқыт ата мемориалдық кешенін», табиғи рекреациялық аймақтарды, Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық, Сығанақ, Шірік-Рабат, Жент, Жанкент және Жетіасар оазисі сияқты тарихи көне қалаларды қамти отырып, «Батыс Европа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 3 категориядағы жол бойы сервистік нысандарды салу арқылы туристік кластерді дамыту көзделіп отыр. Осыған орай туристік мүмкіндіктерімізді насихаттау мақсатында «Туризм менеджері» мен «Гид аудармашы» біліктілігі бойынша мамандар даярлануда. Мұндағы мақсат - теориялық білім мен дуальдық оқыту жүйесін сапалы қалыптастыра отырып, құзіретті маман дайындау. Бүгінде өндірістік тәжірибе жинақтаудың тәжірибелік келісімшарты «Оазис» туристік агенттігімен, «Саяхат», «Волшебный мир» туристік кешенімен, Облыстық  тарихи-өлкетану  мұражайы, Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен, Астана қаласындағы «Еуразиялық аккредитациялық» агенттігінің «Туризм және бизнес» академиясымен әріптестік келісімге қол қойылды. Осылайша кәсіби сапалы маман даярлаудағы өндіріс пен әріптес серіктестер қатары тағы да толыға түсті.

- Колледждің республика мен басқа да таяу шетел білім ордаларымен қарым-қатынасы қандай деңгейде жалғастығын табуда?

-  Бүгінде біздің колледжімізбен алпыстан астам облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі оқу орындары мен түрлі мекемелер тығыз кәсіби және әлеуметтік  серіктестік байланыста. Олардың арасында Мәскеудегі мемлекеттік мәдениет пен өнер университеті, Инновациялық технологиялар орталығы, №5 Мәскеу педагогикалық колледжі, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжі мен Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Алматы қазақ-түрік техникалық гуманитарлық колледжі, Қызылорда облысының Назарбаев Зияткерлік мектебі, Нартай Бекежанов атындағы облыстық музыкалық-драмалық театры, Облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебі, «ҚазМұнайГаз» компаниясы, «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Мұз айдыны», «Евразия» спорттық-сауықтыру кешені, т.б. атауға болады. Колледж жаһандану процесіне үн қосып, кәсіби маман даярлауды халықаралық стандарттар деңгейіне көтеру арқылы болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруды мақсат етеді. Әлемдік бағдарламаларды оқу жүйесіне енгізу үшін Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясымен де тығыз байланыс орнатылған. Британия, Жапония, Израиль, Германия, Ресей, Швеция, Норвегия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінің білім жүйесінің оң тәжірибесін оқу-тәрбие үдерісінде кеңінен пайдалану арқылы түйінді мәселелерді шешуде. Осы мемлекеттер өкілдері қатысуымен семинарлар, арнайы курстар жүргізілді.

- Сұхбатыңызға рахмет.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе