ҚазАқпарат «Сынақ-2011»-ден өтті

АЛМАТЫ. 14 Алматыда Халықаралық бизнес академиясы мен Қазақстандық Баспасөз клубының бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілген «Сынақ-2011» республикалық байқауы мәресіне жетіп, бүгін оның жеңімпаздары анықталды.Естеріңізге сала кетейік, байқау өткен жылы Қазақстан Республикасындағы білім тақырыбын көтерген авторлар мен БАҚ редакциялары үшін жарияланған болатын. Байқаудың мақсаты - жұртшылықтың назарын Қазақстандағы білім беру мәселелеріне аудару, қоғамды елімізде, шетелде сапалы білім алу мүмкіндіктері туралы хабардар ету. Ал негізгі міндеті - еліміздегі білім беру проблемаларын терең әрі шынайы баяндау үшін БАҚ-тың қызығушылығын арттыру, сондай-ақ білім беру тақырыбына жазатын журналистердің біліктілігін жоғарылату.

Байқау жеңімпаздарын танымал журналистер мен қоғам қайраткерлерінен құралған тәуелсіз әділқазылар  анықтады. Мониторинг нәтижесінде 2011 жылдың үздік деп танылған жұмыстарына «Сынақ-2011» атағы берілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл байқауға 24 автордан 112 жұмыс келіп түскен. "Жұмыстарды қарау барысында біз мақаланың өзектілігі мен маңыздылығына, мәселені қоя білу мен оны жан-жақты көрсете алуына мән бердік", - деді әділқазылар алқасының мүшесі Жәмилә Әбенова.

Марапаттау рәсімінде ХБА ректоры Асылбек Қожахметов: "Қазіргі уақытта білім берудің рөлі мен қадір-қасиеті күн санап өсуде.  Ал білім саласындағы тақырыптарды кәсіби тұрғыда жазып, оның өзекті мәселелерін көтере білген БАҚ өкілдерінің қыруар еңбектерін бағаламауға болмас деп білемін.  Сіздерге Қазақстан білімін дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін  алғысымыз шексіз", - деді.

Сонымен биыл, жеңімпаздар 23 аталым бойынша анықталды. Бас жүлдені "Капитал.kz" газеті жеңіп алды. Марапат Қазақстандағы бизнес-білім тақырыптарын кәсіби түрде көрсеткені үшін берілді.  Ал басылымдар арасында  «Сынақ-2011» атағын Қазақстанның білім беру саласындағы өзекті тақырыптарды көтерген «National Business», "Литер", "Бизнес и власть", "Заң газеті", "Нұр Астана", "Алаш айнасы" газеттері иеленді. Телеарналар арасында "Білім беру секторындағы халықаралық ынтымақтастық тақырыбында үздік телерепортаж" аталымын СТВ телеарнасы, ал, "ҚР бизнес білім берудің мәселелері туралы үздік телерепортаж " аталымын Таң арнасы жеңіп алды. Ақпараттық агенттіктер арасындағы жүлделі орынға "ҚазАқпарат" агенттігі ие болды. Марапат "Қазақ тілінде білім саласының жаңалықтарын жедел жеткізгендігі үшін" берілді. Бұнымен қатар, Халықаралық Бизнес Академиясының 4 арнайы сыйлығы және авторлар арасында үздік материалдар жеңімпаздары марапатталды. Авторлар арасында орыс тілінде білім жаңалықтары үшін аталымын "ҚазАқпарат" агенттігі Алматыдағы қосынының бас редакторы Сара Мұстафина иеленді.

Барлық журналистер байқау дипломдары және сыйлықтарымен марапатталады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе