СҚО әкімі облыста апатты мектептің жоқ екенін айтты

Солтүстік Қазақстан облысы Мәмлүт ауданының орталығында 300 орынға арналған жаңа мектептің тұсауы кесілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, білім беру ғимаратының лентасын қиды. Аудан тұрғындарын құттықтаған өңір басшысы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында білім саласына ерекше мән берілгендігін атап өтті. Сондықтан, облыстағы балалар мен жастарды оқыту ісі қарқынды дамып келеді, деді ол.

"Ұстаздар беріп отырған білімді, тәжірибені бойларыңызға ерінбей сіңіріңдер. Осы мектепті бітіргенде сендер білімді, өз ұлтының бетке ұстар патриоттары болып шығатындарыңа сенімдімін" деді Ерік Хамзинұлы жаңа мектептің оқушыларымен болған кездесуде.

Облыс әкімі оқушыларға жаңа ғимаратпен бірге шағын автобустың да кілтін сыйға тартты. Көлік үйлері алыс орналасқан балаларды тасымалдау үшін қажет.

Бүгінгі таңда аталған мектепке 228 бала келіп білім алуда. Мектеп директоры Ғалихан Бүйрекбаевтың айтуынша, Мәмлүт қаласында барлығы 400-дей мектеп жасындағы бала бар. Солардың ішінен тағы 50 бала биыл жаңа мектептің табалдырығын аттайды.

Айта кету керек, жаңа білім ордасының ашылуымен облыстағы апатты мектеп проблемасы 100 пайызға шешілді. Ал, үшауысымды мектептер мәселесін шешу мақсатында облыс аумағында екі мектептің құрылысы жүргізілуде. 

Сонымен қатар, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында СҚО-дағы Ғ.Мүсірепов ауданында 90 орынға арналған орта мектеп ашылған болатын. Нысан Буденный ауылында орналасқан. Елдімекендегі бұрынғы оқу орнының ғимараты апатты жағдайда болғандықтан онда бала оқыту бұдан кейін жүргізілмейтін болады. Ауылдың 75 оқушысы ендігі кезекте кең әрі заманауи құралдармен жабдықталған сыныптарда білім алмақ. Сондай-ақ, осы мектептің жанынан 25 балаға арналған шағын орталық та ауыл тұрғындарының игілігі үшін пайдалануға беріліп отыр.

Аталған мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі мекеме ұжымына оқушыларды тасымалдауға арналған автобус сыйға тартып, әрбір шәкіртке Елбасының «Менің отаным - Қазақстан» кітабын үлестірді.

Айта кетейік, биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептерде 71 312 бала білім алуда. Олардың 8175-і биыл алғаш рет бірінші сынып табалдырығын аттады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе