БҚО-да 12,5 мыңдай оқушы 1-сыныпқа қабылданбақ

- Батыс Қазақстан облысында алдын ала мәлімет бойынша 12 490 оқушы 1-сыныпқа қабылданбақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарова мәлім етті, деп тілшісі.

Зәуре Базарғалиқызының айтуынша, өткен жылы 11 263 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған болатын.

Өңірде алдағы оқу жылында 379 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепте 100 мыңнан астам оқушы білім алады деп болжам жасалуда.

Оқушылар санының азайып, талапқа сай келмеуіне байланысты 3 бастауыш мектеп жабылмақшы.

Биыл оқулықтарды сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 2 730 млн теңге бөлінді. Облыс бойынша жаңартылған білім мазмұнына көшуге байланысты 4, 6, 8 сыныптарының барлық оқулықтары, мектепалды даярлық сыныбы мен арнаулы мектеп оқулықтарына,  1 сынып дәптерлері, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқытатын және қосымша оқулықтарға тапсырыс берілді. Баспалармен келісімшарттар жасалып, алдын ала төлемдер жүргізілді. Оқулықтарды тасымалдау осы айдың 10-ынан  басталады.

Биыл жергілікті қазына есебінен 3 білім беру мекемесі (Оралдағы №19 мектеп, №24 «Солнышко» балабақшасы, Шыңғырлау ауданындағы Шыңғырлау орта мектебі) күрделі жөнделеді.

«Республикалық бюджет қаржысына Оралға қарасты Зачаган кентіндегі «Сарытау» шағынауданында 900 орындық, Зеленов ауданы Дариян ауылында 100 орындық интернатымен 300 орындық мектеп қолданысқа беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында 70 орындық интернат, Қазталов ауданы Қазталов ауылында өнер мектебі салынуда. Шетелдік инвестиция есебінен Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылында 198 орындық мектеп құрылысы аяқталды», - деді З.Ғұмарова.

Айта кетейік, 1 тамыз - 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» шарасы биыл да жалғасады.

Бұған дейін 10 жыл ішінде 158 126 балаға 794 млн 967 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. Өткен жылы 19 433 балаға 139 млн 327 мың теңге, соның ішінде бюджеттен тыс қаражат есебінен 10 544 балаға 61 млн 892 мың теңге қаржылай және материалдық жәрдем берілді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе