Қазақстанда биыл 146 жаңа мектеп есігін ашты, ал 2015 жылға дейін 522 мектеп салынады - Н. Назарбаев

АСТАНА. 1 Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астанадағы №70 мектеп-лицейінің ашылу салтанатында барша Қазақстан балалары мен ата-аналарын, ұстаздарды білім күнімен құттықтады.«Бүгін елімізде 1 қыркүйек - Білім күнін атап өтеміз. Міне, осы күні Астанада іске қосылатын 4 мектептің біріне мен келіп тұрмын. Заманауи жабдықтармен жабдықталған бұл мектепте 1200 бала білім алады. Бүгінде Астанада 270-ке жуық білім беру мекемесі жұмыс істейді. Егер өткен жылы Астана мектептерінде бірінші сыныптарға 10 мыңға жуық бала қабылданса, олардың қатары биыл 12 мыңнан асты. Бұл - елордамызда халық санының қарқынды өскенінің көрсеткіші. Бұл мектепте спортпен шұғылдану, рухани және мәдени даму үшін барлық жағдай жасалған. Өткен жылы астаналық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардан 23 алтын медаль жеңіп алды. Енді осы жоғары деңгейді астаналық оқушылар да, ұстаздар да өз биігінде ұстап тұруға тиіс», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті тек биылдың өзінде Қазақстанда 146 жаңа мектеп есігін ашқанын, ал 2015 жылға дейін 522 мектеп салынатынын айтты.  «Мемлекеттің істеп отырған барлық шаруасы жастарды тәрбиелеп өсіріп, 21 ғасырға сай, ең жоғарғы деңгейде білім беру», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

№70 мектеп-лицейі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жамалхан Іңгебаеваның айтуынша, осы оқу орнында физикалық-математикалық бағыт тереңдетіліп оқытылады. «Қазіргі кезде 70 мұғалім жұмысқа қабылданды. Оның 25 пайызын жоғары оқу орнын бітірген жас мамандар мен магистрлер құрайды.  Сондай-ақ оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін бірінші және жоғары санаттағы ұстаздарды көбірек қабылдадық», - деді директордың орынбасары. Оның айтуынша, мектепте биыл 1-ші сынып оқушыларынан құралған 12 параллель сыныптар жасақталды.

Айта кетейік, бұл оқу ордасы елорданың Б. Момышұлы даңғылы мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысында орналасқан. Мұнда 44 оқу кабинеті, 360 орындық акт залы, оқу залы мен кітапхана, 356 шаршы метрлік асхана, ағаш, металл өнімдерімен жұмыс жасау, мата өңдеу, сондай-ақ аспаздық шеберханалары бар. Ауданы 422 және 276 шаршы метр болатын спорт, гимнастика залдары жасақталған.

Бірінші сынып оқушылары үшін логика, шахмат және тоғызқұмалақтан қосымша үйірмелер өткізу үшін ұзартылған күн тобын ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ көп тілді оқыту жүйесін енгізу көзделген.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе