МЕКТЕПКЕ ЖОЛ: Алматыда 15 ірі сауда орнына мектепке қажетті керек-жарақтарды жинауға арналған контейнерлер орнатылды

Алматыда тұрмысы төмен отбасыларына балаларын мектепке дайынауға көмек көрсету мақсатында 15 ірі сауда орнына арнайы үлкен контейнерлер орнатылды. Қайырымды жандар келіп, оған мектепке қажетті керек-жарақтарды, киім-кешектер мен аяқ киімдерді және басқа да бұйымдарды өткізе алады. Бұл туралы бүгін Алматыда жүріп жатқан «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы аясында Алматы қалалық Білім басқармасының әдіскері Саида Такеева мәлімдеді.

«Қазір үлкен контейнерлер қаламыздағы 15 ірі сауда үйлерінің аумағына орнатылды. Кез-келген адам келіп, оған мектепке қажетті керек-жарақтарды өткізе алады. Сонымен қатар, алдағы 15-ші тамыздан бастап, қаламыздың ірі сауда орындары мен базарларында мектеп жәрмеңкелері өте бастайды. Барлығы 15 жәрмеңке ұйымдастырылады», - деді С. Такеева.

Сонымен қатар, ол қазір Білім басқармасында мектептерде қосымша сабақ ұйымдастыру мәселесі шешіліп жатқандығын жеткізді.  

«Бұл мәселе қазір шешіліп жатыр. Енді қаламызда балалардың саны жылдан- жылға артып келеді ғой. Есесіне, қосымша сабақ өткізуге бөлмелер де барған сайын азайып барады.Осыған байланысты, алдағы  уақытта бірқатар мектептер оқушыларға қосымша сабақ беруді мүлдем тоқтаулары мүмкін. Мұны түсінуге болады. Ал мектепке дейінгі білім беру жүйесін қалайда сақтап қалуға тырысамыз», - деді С. Такеева.

Сөз соңында ол, Наурызбай ауданына биыл ерекше көңіл бөлінетіндігін білдірді. Оның айтуынша, ешбір бала назардан тыс қалмайды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе