Соғыста соқыр болып қалған шешен жігіті: Қазақстан маған екінші өмір сыйлады

«Емир-Ойл» ЖШС кен орнының басқарма бастығы Джамалайл Элимханов өзінің отбасының басына түскен ауыртпалық кезеңінде Қазақстан халқы қандай көмек көрсеткенін айтып берді, деп тілшісі.

«Екі жасымда Шешенстанда соғыс басталды. Соғыс - қайғы мен күйзеліс, ауыртпалық пен туғаның үшін қорқыныш. Біздің көпқабатты үйіміз бұзылып, әкемнің ағасы қайтыс болды. Ал мен соқыр болып қалдым. Мыңдаған шешен халқымен бірге туған жерімізді тастап кетуге мәжбүр болдық. Қай елге барамыз деп ойласқан кезде ата-анам бірден Қазақстанды таңдады. Себебі, үлкендердің айтуынша, 75 жыл бұрын кеңпейіл қазақ халқы сонау 1944 жылы шешендерді құтқарып қалыпты», - дейді жас бизнесмен ҚХА-ның 27-ші сессиясында.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстан сол тұста  тағы да босқындарды құшақ жая күтіп алған.

«Мені қазақ отбасы тәрбиеледі, денсаулығымды қалпына келтіріп, екінші өмір сыйлады. Біздің елдегі берілген басымдықтың арқасында мен мектеп пен университетті үздік бітіріп, қазақ, ағылшын және қытай тілін меңгердім. 26 жасымда малайзиялық «Емир-Ойл» компаниясының кен орындары бойынша басқарма бастығы болдым. Бұрынғы босқын, соқыр, соғыс баласы... Қазақстанда еңбектің арқасында жетістікке жету мүмкін емес дегенді маған енді біреу келіп шамасы жетсе дәлелдеп көрсін», - дейді ол.

Өз сөзінде шешен жігіті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сөзін арнады.

«Шешен халқының басынан ең ауыр күндер өтіп жатқан кезде Сіз бірінші болып көмек қолын создыңыз. Сіздің тапсырмаңызбен, Грозныйда мектеп пен көпқабатты үй салынды. Алғыс ретінде аталған мектеп пен үй тұрған көшеге Сіздің атыңыз берілді. Сіз шешен халқының тарихында мәңгілік қалдыңыз. Сізді бітімгер деп атайды. Өткен жылдың тамыз айында Каспийдің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселеге нүкте қойдыңыз. Маңғыстау жастары - Ассамблея ұранымен Каспий маңындағы елдердің жастар саммитін өткізуді ұсынамыз. Халықтық дипломатия аймақтағы сіздің бейбітшілік пен келісімді ту еткен саясатыңызды жалғастыра берсін», - дейді бизнесмен.

Еске сала кетсек, елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтіп жатыр.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе