ҚАРАҒАНДЫ. 18 Бүгін Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін аралау барысында, инженер қызметкерлерін дайындау жағдайларымен танысып, жастар саясатының мәселелерін талқылады.Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысы студенттік жобалық-техникалық бюроның, «Минералды шикізат ресурстарын кешенді игеру» инженерлік лабораторияның және жұмысшы мамандықтары орталығының, «Қазақстан дәнекерлеу институты» ғылыми зерттеу институтының және университеттің басқа да құрылымдарының жұмысымен танысты.
Ол жастар үшін маңызды мәселелердің бірі - жұмысқа орналасу мен барлығына бірдей жағдайлардың жоқтығы болып отырғандығын атап өтті. «Осыған орай ел Үкіметі бүгінгі күні жастарға арналған әлеуметтік баспалдақ қалыптастыру үшін заңнамалық және әлеуметтік-экономикалық шаралар тізбесін әзірлеп жатыр», - деді облыс әкімі.
Өңір басшысының пікіріне қарағанда, ҚарМТУ-да білім беру және ғылыми-инновациялық орта қалыптасқан. «Бұл жерде ғылыми-зерттеу институттары бар. Осының арқасында атқарылатын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстың көлемі 15 есе артты, өткен жылғы көрсеткіш 1 млрд. теңгеден асты», - деді Ә. Құсайынов.
Облыс әкімі университетті аралаудан жақсы әсер алғандығына ризашылығын білдірді.Айта кетейік, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті 1953 жылы құрылған болатын. Университте шамамен 13 мың студент білім алады. Бакалаврдың 38 мамандығы бойынша, магистратураның 26 мамандығы бойынша және PhD - 4, әскери-есептің 6 мамандығы бойынша мамандарды дайындау жүргізіледі. Университеттің құрамына 9 бейінді институт пен біліктілікті арттыру институты кіреді.