ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясында курсанттар әскери ант қабылдады

Бүгін ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының Алматы облысының Қарой кентінде орналасқан далалық оқу-жаттығу базасында шетелдік әскери жоғары оқу орындарына түскен бірінші курс курсанттары әскери ант қабылдады. Салтанатты шараға, академия басшылығы мен жеке құрамы және жас курсанттардың ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.

«Бүгін біздің бөлімшеде ерекше мереке болып жатыр. Ресей мен Белоруссияның әскери жоғары оқу орындарында білім алуға бара жатқан бірінші курс курсанттары әскери ант қабылдады. Сондай-ақ бүгін -  Қазақстан шекарашыларының күні. Құрылғанына мінеки 23 жыл толды. Бір ерекшелігі, осы екі мереке сәйкес келіп отыр. Енді бүгінгі шарадан кейін Беларусь Республикасына - 20, ал Ресей Федерациясына 53 қазақстандық курсант оқуға аттанады. Олар 4-5 жылдан кейін елімізге жоғары білікті маман болып және лейтенант шенін алып оралады», - деді өз сөзінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясы бастығының ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары, полковник Алексей Горячко.

Сонымен қатар ол, шетелдік жоғары оқу орындарына үздіктердің үздігі таңдап алынғандығын жеткізді.

«Биыл біз ҰБТ бойынша 50 және одан да жоғары балл жинаған мектеп түлектерін қабылдадық. Олар ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының Далалық оқу-жаттығуды қамтамасыз ету басқармасының базасында дене даярлығы және психология бойынша тест тапсырды», - деді А. Горячко.

Әдеттегідей, алаңға академияның жеке құрамы мен шет елдерге аттанатын курсанттар сап түзеп тұрды. Кейін мемлекеттік ту шығарылып, Қазақстан Республикасының әнұраны шырқалды. Өз сөзінде полковник Алексей Горячко курсанттарды ант бере отырып, халық пен Қазақстан Президентіне адал болуға шақырды. «Әскери ант қабылдау - бұл өте маңызды құқықтық және моральдық-саяси акт. Бұл әскери қызметтің мемлекеттік маңызға ие екендігін білдіреді. Әскери антта мемлекеттің сіздерге қояр талабы айқын көрсетілген. Әскери  ант сіздерге отанды қорғау бойынша ең жоғары дәрежеде қасиетті де құрметті жауапкершілік пен міндеттер жүктейді. Ата-бабаларымыздың бай мәдени-рухани мұраларын сақтаңыздар. Әскери қызметке,  әскери антқа адал болыңыздар», - деді полковник А. Горячко.

Бұдан кейін автомат асынған курсанттар салтанатты жағдайда кезекпен ант қабылдады. Ал олардың алаң сыртында тұрған ата-аналары мен туған-туыстары толқып тұрды. Бұдан соң курсанттар мен академияның жеке құрамы әскери оркестрдің сүйемелдеуімен мінберде тұрған академия басшылығы алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.

Айта кетелік, курсант алмасу жүйесі ТМД елдері арасында қабылданған арнайы келісім бойынша жүзеге асырылады. ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясында Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан Ислам Республикасының жастары білім алатын болса, академия базасында қазақстандық жастар негізінен Ресей және Беларусь елдерінде білім алады. Мысалы, биылғы курсанттар Ресейдің Краснодар қаласында орналасқан профессор Н. Е. Жуковский және Ю. А. Гагарин атындағы әскери әуе академиясында, Сызрань қаласындағы Әскери әуе академиясы, Вольск қаласындағы Материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскери академиясы, Санкт-Петербор қаласындағы С. М. Буденный атындағы байланыс әскери академиясы, Калининград Шекара институты және Беларусь Қорғаныс министрлігінің Әскери институтында білім алатын болады
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе