Қорқыт ата дүниеге келген шаһар

Сыр өңірінде оғыздар астанасы болған Жанкент шаһары жайында елдің аузында айтылып жүрген аңыздар мен әпсаналар аз емес. Бұл қалада иісі түркінің абызы атанған Қорқыт атаның кіндігі кесілген деген деректер бар, деп тілшісі.

«Сыр - Алаштың анасы» деген сөз тіркесі тектен-текке айтылған жоқ секілді. Кезінде Сыр өңірі түбі бір түркі жұртының тамыр жайған, түп қазығы атанған ғажайып аймақ болғаны белгілі. Оған дәлел боларлық талай қазына бар. Жанкент шаһары Сырдарияның Арал теңізіне құятын сағасына жақын қоныс тепкен. Ол жайында айтқанда ойымызға талай тарихи оқиғалар оралады. Қорқыт атаның кіндігі кесілген шаһарда қазақ өнерінде орны бөлек музыкалық аспап -қобыз алғаш осы қалада жасалған деген дерек айтылады. Сондай-ақ ,Жанкент дегенде атақты Бегім ана оқиғасы да елдің есіне түседі.

Бүгінгі таңда аталмыш шаһар республикалық сипаттағы археологиялық ескерткіш санатына енгізілген. Сыр өңірінің Қазалы ауданына қарасты Өркендеу елді мекеніне іргелес жатыр. Қазіргі көрінісі - биік төбе сияқты топырақ басқан қорған. Деректерге сүйенсек, аталмыш ескі қала VІІ -ХІV ғасырларда Жанкент, Янгикент атауымен өмір сүрген. Оғыздар елінің астанасы болған. Жүздеген жылдар бойы осылайша оғыздардың бас ордасына айналған. Түрікмен тарихшысы Әбілғазы Баһадүр Жанкент аумағын оғыздардың ертеден мекендеп, ел билеген патшасы сол қалада өмір сүргенін жазады.

Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Серікбай Қсоанның айтуынша, ғылыми тұрғыдағы зерттеулер беріде жүргізілді. Орыс археологы Петр Иванович Лерх 1867 жылы Сыр жағасына келіп, Жанкенттің өткен кезеңін таразыға тартып, көптеген деректер тапты. Оны жазба жүзінде бүгінгі ұрпаққа мол мұра етіп тастап кетті. Орыс зерттеушісі Сергей Павлович Толстов та Жанкент тақырыбына біршама уақыт зер салғаны белгілі. Бұл қала маңайында Ресей астанасы - Мәскеу қаласындағы И.Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының мамандары да зерделі зерттеу жасады. Қазақстандық Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары да бұл жерге ат басын тіреді. Жергілікті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті де оғыздар астанасы жайында мол мағлұматтар жинауға атсалысып келеді.

«Көне дәуірдің шежіресін тарқатқан ғалымдар Жанкенттің Ұлы Жібек жолы бойындағы іргелі сауда-саттық орнының бірі болғанын айтады. Ауыздан ауызға тараған әңгімелерге сүйенсек, бұл қалада аларман таңдай қағатын әдемі кілемдер тоқылған деседі. Сондай-ақ тұскиіздер де жасалған. Жергілікті алтын қолды шеберлер ат-сайманын жасап, садақ-жебені де әзірлеп, көзе-сауытты да шығара білген. Жалпы алғанда, Жанкент Мәуреннахр жерін Еуропа, Үндістан және Иран жерімен байланыстыратын ұлы керуеннің бойында бойлай орналасқан. Осыдан мың жылдай бұрын Арал теңізі аймағында тұз өндірісі дамыған делінеді. Еуропаның бірқатар елдері тұзды осы аймақтан алдыртқан екен. Соған дейін кәрі құрлықтағы халық тұзсыз тамақ ішіп келген көрінеді», - дейді Серікбай Қосан.

Қала орнын орыс ғалымы Петр Иванович Лерх алғаш қазып зерттеген. Ол кезде қала орны бүгінгідей жоғала қоймаған. Жанкенттің ескі қабырғалары сақталыпты. Кейбір архитектуралық дүниелері де жарым-жартылай сақталған. Тіпті бірқатар көшелерінің ізі де бар екен. Сырттай қараған адамға Жанкент үлкен төбе сияқты үйінді болып көрінген. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрге жуық. Қаз-қатар тізбектеліп, бірнеше биік мұнаралар мен оқ ататын тесік көздер орнатылған оңтүстік қабырғасы сол кезде жақсы сақталған. Ал ең биік мұнара оңтүстік-батыс беткейінде орын тепсе, қаланың қақ ортасында жан-жағын қоршаған ескі сарай болған көрінеді.

Көптеген зерттеулер барысында ғалымдар үйлердің орны мен қабырғасын ашып көргенде бірқатар көріністерге көз қанықтырды. Сол жұмыстарында олар сан алуан архитектуралық үлгілер, қабырғаға түсірілген суреттер, күйдірілген кірпіштерді байқаған. Оған қоса көк және қызғылт шынымен жабылған көзе тақталар да көбірек кездескен. Сондай-ақ түрлі керамикалық дүниелер мен өрнектер, көзе сынықтары қолға іліккен. Араб қарпімен әшекейленген сауыттар және өзге де өнер өрнектерді ғалымдар тапты. Осындай орасан зор мәдени байлықтар Жанкенттің өркениетті өмір сүргенін дәлелдей түседі. Кезінде біздің ата-бабаларымыз талайды таңғалдырған дүниелерді жасаумен айналысқанын мақтанышпен айта аламыз.

Ғалымдар Жанкентті қазу барысында көне кезеңде әдемі дүниелер жасап шығарған шеберхананың орнын тапты. Шеберхананы зерттеу жұмысында көп жайға көз жеткізілді. Атап айтқанда, онда кірпіш және көзе сауыт күйдіретін орындар бар екенін белгілі болды. Сондай-ақ көркі көз қанықтыратын глазурь шыныларының шеберхана орындары да анықталды. Олардың барлығында сол кезде өндірістен қалған жұмыстардың қалдығы көп табылған. Осындай құнды дүниелердің қатарында, араб қарпімен жазылған кірпішті атап өтуге болады. Шеберхананы зерттеу барысында глазурь қорытатын пештің қалдығы табылып, ғалымдар осылайша қызық дүниеге кезікті. Бір қызығы, пештің үстінде шойын қазан сақталған. Бұл құнды дүниелер ХІІІ-ХІV ғасырлардағы Алтын Орда (Дешті Қыпшақ) дәуірінің өркениетінен көрініс береді. Ғалымдар Жанкентті зерттеу барысында сол кезеңдердегі күміс және мыстан жасалған теңгелерді де тапты. Жанкентті зерттеу барысында С.П. Толстов көптеген құнды дүниелерді жинақтады.

Ендігі бір әңгіме - Қорқыт атаға қатысты. Араб географы Истахри осы аймаққа келгенде Қорқыт ата жайында деректерді естиді. Аты аңызға айналған абыз жайында мәліметтерді тасқа басады. Жалпы алғанда, Қорқыт ата жайында түркі тілдерінде көптеген аңыздар мен әпсаналар айтылады. Сондықтан ескі түркі, парсы, араб жазбаларында ол туралы көптеген әңгімелер кезігеді. Орта ғасырдағы белгілі ғалым Рашид ад-Дин «Жами-ат-тауарих» атты еңбегінің бір бөлігінде Қорқыт, оғыз және олардың ұрпақтары жайында бейнелейді.

Зерттеушілердің айтуынша, Жанкенттен көптеген ғұламалар шыққан. Сондай-ақ түбі бір түркінің тереңнен тартатын тамырын әйгілейтін талай деректер де осы қала маңынан табылатыны айдан-анық.

Қаланың жойылуы жөнінде де біршама деректер кездеседі. Оның алғашқысы - Бегім ана оқиғасына байланысты. Бегім ана Жанкентті билеген Санжар ханның жұбайы болған. Оның пәктігіне күмән келтіріп, әйелінің екі қолын шауып, зынданға тастайды. Бегім ананың әкесі - Қарабура әулие оқиға барысына қатысты Жанкент қаласына келеді. Ол қызының ақ екеніне көз жеткізіп, Санжар ханға наразы екенін білдіреді. Күйеу баласы хандық құрған Жанкент қаласы содан кейін жыландар шабуылынан жермен-жексен қирапты деген деректер айты¬лып жүр.

Тағы бір жорамал бар. Жанкент Азия мен Еуропаны жалғаған қала болды емес пе? Ұлы Жібек жолының кейіннен құрлық арқылы өтетін дүниежүзілік керуен жолдары қысқара бастайды. Осылайша, өркендеген Жанкенттің де ғұмыры аяқталады. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жергілікті жұрт басқа аймақтарға қоныс аударады. Жанкенттің ХV ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз. Ол жайында жазба деректерде ешқандай мәліметтер кездеспейді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе