«Дипломмен ауылға» жобасынан мемлекеттің де, ұлттың да ұтары көп

АСТАНА. Қарашаның 6 /Айдар Оспаналиев/ - Елбасы  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттеріне оқыған дәрісінде ел ертеңі үшін аса маңызды  мәселелерді қозғады.  Соның бірі - «Дипломмен ауылға» атты жоба қазақ елінің қазығы  болған ауыл үшін де, жастар үшін де өзекті ұсыныс болғаны анық. Бұл шара мемлекеттің ауылды қолдауға бағытталған бұрынғы іс-қимылдарынан өзгеше маңызды болып отыр. 

 

Өйткені жоба сәтімен жүзеге асатын болса, одан тек ауыл ғана емес, мемлекеттің де, ұлтымыздың да ұтары көп. 

       Біріншіден, бүгін әлемді дағдарыс жайлап отыр. Қазақстан осы дағдарыстың салдарын қаншама сәтті еңсере алды десек те, қауіптің ауылы алыстап кетті деуге әлі ерте. Осындай жағдайда кеше ғана оқу орнын тәмамдап, білім мен тәжірибенің оң-солын енді ғана ажырата бастаған «сарыауыз балапандарды» ұйым, мекемелердің бірден қызметке алуға  қиынсынатыны  бар. Оның  үстіне дағдарыстың әлі қанша уақытқа созылатынын ешкім де дөп басып айта алмай отыр және айта алмайды да. Яғни студент жастарға оқуын бітірген соң, дипломын ала сала бұрынғыдай қаладағы ұйым, мекемелерге жүгіре жөнелудің реті жоқ. Тіпті солай бола қалған күннің өзінде де жастарға қалада тұрақтап қалу немесе тұрғын үй мәселесін шешу оңайға соқпайды. Өйткені қалалық жерлерде әсіресе жастарды ерекше қызықтыратын немесе жастардың сөзімен айтқанда, «мәртебелі» қалаларда қазір тұрғын үйге қатысты проблемалар онсыз да жетерлік. Бұл бір. Екіншіден, қалалы жерде жұмыс орындарына қатысты бақталастық та бар. Яғни, «сенен зор болмасам, кем емеспін» деп, жұлқынып тұрған мамандар да көп.

       Ал ауылдық аймақтар білімі жоғары, көзқарасы кең, білікті мамандарға зәру. Бұл әсіресе білім саласына көбірек қатысты. Ауылдық аймақтарда математика, физика, химия сияқты пәндер бойынша білікті мамандардың жетіспей отырғандығы жөнінде осы сала мамандары жиі айтады. Осындай жағдайда отырған ауылдарға еліміздің ең үздік деген жоғары оқу орындарында білім алған жастар бара қалса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ауылға барған жас маман тек кадр мәселесінің шешілуіне ғана ықпал етіп қоймай, ондағы өзге де салаларға серпін береді. Айталық қазір ауылдық аймақтардағы ұйым, мекеме, мемлекеттік қызмет салаларында болсын, көбінде егде тартқан және кезінде бойына кеңестік жүйенің тәрбиесін әбден сіңірген ағаларымыз отыр. Әрине олардың еңбек тәжірибесі мен мемлекетке сіңірген еңбектерін жоққа шығаруға болмас және қызметке келген жас маман жұмыс тәжірибесі жағынан олардан асып түседі деу де орынсыз. Дегенмен қашанда жаңалыққа жаны құмар жастардың өзі қызмет еткен салада да жаңа тың серпілістер жасайтынына сенім мол. Жалпы бұл бағытта тарқатып айтатын мәселе көп. Мысалы қазір ауылдық аймақтарды қаншама пайыз компьютерлендірдік десек те ауыл халқы мемлекет қомақты қаржы жұмсаған сол машиналардың қарым-қабілеттерін толық пайдалана алмай отыр. Ал компьютердің алдында өзін судағы балықтай сезінетін жастар оның мүмкіндіктерін сарқа пайдаланады. Бәлкім жастар арқылы компьютердің қыр-сырын терең меңгерушілердің саны да арта түсер. Бұдан жастар қызметке келген ұйым, мекемелердегі жұмыс сапасы да арта түседі деп үміттенуге болады.   

    Осы орайда айта кететін тағы бір мәселе, кеше қалада өсіп, білім алған жастардың ауылдың тыныс-тіршілігімен, ондағы халықтың мінез-құлқымен де таныс болғаны абзал. Өйткені бұл сол жастардың болашақтағы атқаратын қызметтері барысында ескерулері тиіс маңызды мәселелердің бірі. Ауыл халқымен етене жақын араласқан азаматтардың бойында біршама қазақы мінез-құлық қалыптасып, қазаққа тән қасиеттер пайда бола бастайды. Ауылдың  құнарлы  дәмін татқан қала жастары ертең шетелдік арзан әрі құнарсыз, кей жағдайда тіпті денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны көп тағамдарды да аңсамайтын болады. Ал ана тілін үйрену үшін ауыл таптырмас  мектеп. Ауылға аттанған жастар үшін тұрғын үй алуға мүмкіндіктер жасалып, жеңілдікпен несиелер берілетіндігін ескерсек, бұл жобадан бас тартуға ешқандай да себеп жоқ.

        Расын айту керек, бүгінде біз әлемге өзімізді демократиялық жолмен дамып келе жатқан ашық, жариялы қоғам деп мәлімдеп отырмыз. Кейде осы демократияның көрінісі тек Астана мен Алматыда ғана ма деген ойға қаласыз. Бәлкім, ауылдық аймақтарда қаладағыдай ақпарат кеңінен тарап жатпағандықтан  болар, бәлкім басқадай себептері бар шығар, әйтеуір ауылдың тыныс-тіршілігі кеңес одағы кезіндегі заманды елестетеді. Әрине онда мемлекет жүргізіп отырған аграрлық сала, кәсіпкерлікті дамыту, білім, денсаулық сақтау салаларындағы реформаларды көруге болады. Ал азаматтық қоғам, адам құқықтары жөніндегі мәселелер ауылда әлі де болса қолдауды қажет ететінін ешкім де жоққа шығара қоймас. Осыған орай жоғары білім алған көзқарасы кең, көзі ашық азаматтар ауылға барса, ондағы демократиялық құндылықтардың қалыптасуына біршама ықпал етеді ме деген де ой келеді кейде. 

     Қорыта айтқанда,  жастардың ауылдың тіршілігімен, ондағы халықтың өмірімен таныс болғаны дұрыс. Бүгінгі ауылда қызмет етіп жүрген жас ертең  билік басында отыратын басшы. Ол  қабылданған шешімнің қалалық жерде қалай, ауылдық жерде қалай жүзеге асатынын білуі керек. Ауылдық аймақтың мүмкіндіктерімен жете таныс басшы оған қаншалықты мөлшерде қаржы қажеттігін және оның қалай бақылануы керектігін біледі және қызмет барысында осы мәселелерді ескеретін болады. Бұл жоспарланған істің талапқа сай әрі тиімді жүргізілуінің кепілі. Ауылдық аймақтағы ұйым, мекемелердегі қызметтен министрліктер мен ведомстволарға дейінгі аралықтағы жағдайды «көзімен көріп, қолымен ұстап білген» маманды ғана тәжірибелі маман деп атауға болды. Ендеше «Дипломмен ауылға» жобасы кадр бліктілігіне қатысты көзге көріне бермейтін, бірақ маңызы зор мәселелердің шешімін табуға ықпал ететіні сөзсіз.

      Аталмыш жобаға байланысты Мемлекет басшысы тарапынан айтылған мәселелер студент жастардың көңілінен шыққан болуы керек. Бүгінде жобаға байланысты жұмыстар осы кездің өзінде-ақ қолға алынып, студенттердің арасында ауылға аттануға ниет білдірушілер саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Алайда мұнда әлі жетілдіруді, толықтыруды қажет ететін мәселелер бар сияқты. Ақпарат құралдарында таратылған мәліметтерге қарағанда, ауылға барғысы келетін жастардың көбі  үлкен қалалардың маңындағы ауылдарға барғанды жөн санайды. Ол әрине түсінікті де. Дегенмен, осылай болды екен деп, орталықтан шалғай жатқан ауылдарды назардан тыс қалдыруға болмайды. Ол үшін мемлекет жоба аясында шалғай жатқан ауылдарға баратын жастарға өзге аймақтардан гөрі көбірек жеңілдіктер жасауы қажет сияқты.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе