ЭКСПО жайында үздік шығарма жазған оқушы Қытайда білім алу мүмкіндігіне ие болады

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы ҚР Білім министрлігімен бірлесе Қазақстан мектептері мен колледждерінің оқушылары арасында білім беру жобаларын бастамақ. Бұл жобалар аясында пікір-сайыстар, шығармашылық байқаулар мен ақыл-ой ұшқырлығына арналған ойындар секілді сан алуан шаралар жоспарланып отыр.Жас буын - бұл ЭКСПО жобасы шеңберінде қамтылуы көзделіп отырған нысаналы топтардың бірі. Олардың білімділігі мен ақпараттану деңгейі Қазақстанның келешектегі тұрақты дамуын қамтамасыз етпек. Жоба жастар арасында ЭКСПО-2017 тақырыбын насихаттауға бағытталған, ол қоршаған ортаға ерекше назар аудару мәселелері және көрме тақырыбы - «Болашақ энергиясы» туралы оқушылардың хабардарлығын көтеруге арналған.

Білім беру жобалар топтамасы ішіндегі алғашқы байқау «Менің ЭКСПО-2017 көрмесіне қосар үлесім. Қазақстан экономикасын өзімнің болашақ кәсібім арқылы «жасылдандырудың» жолдары» тақырыбына арналған эссені жазуға арналған. Ол 2015 жылдың 1 сәуірінде басталады. Аталған байқауды «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ «MyChina»  білім беру орталығымен ынтымақтаса отырып, ҚР БҒМ-нің қолдау көрсетуімен және «Жасыл Ел» Жастар еңбек жасақтары республикалық штабының белсенді атсалысуымен ұйымдастырып отыр.

Жеңімпаздар Қытайдың Тау-кен ісі және технологиялар университетінде оқуға арналған гранттармен марапатталып, сондай-ақ, ЭКСПО 2015 көрмесінде Қазақстанды таныстыру үшін стендшілер ретінде Миланға баруға мүмкіндік алады.

2015 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 мамыр аралығында өтетін байқауға Қазақстанның мектептері мен колледждерінде оқитын 2015 оқу жылының барлық түлектері қатыса алады. Қатысушылар ұсынылған келесі тақырыптардың біреуіне арналған эссені 2015 жылдың 1 мамырына дейін  жіберуі керек: «ЭКСПО көрмесін өткізудің менің елім үшін маңыздылығы», «Қазіргі заманғы әлем үшін «жасыл технологиялардың» маңыздылығы» немесе «Менің кәсібім және Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуына менің қосар үлесім». Эссені орыс, қазақ немесе ағылшын тілдерінде жазуға болады.

Іс-шара қорытындысы бойынша шешімді байқау комиссиясы қабылдайды. Байқау шарттары туралы толық ақпаратпен www.expo-mychina.kz/ сайтында танысуға болады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе