Депутат О.Асанғазы Астанадағы Аграрлық университеттің студенттеріне жатақхана салуға мемлекет бюджетінен қаражат бөлуді сұрады

АСТАНА. 8 /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық  университетіне оқу-тәжірибелік база қажет.Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Оразкүл Асанғазы осылай мәлім етті.

Сауал барысында депутат Елбасының биылғы Жолдауында білім беру саласына жаңа серпін беретін ерекше міндеттер жүктелгенін атап өтті. О. Асанғазының айтуынша, Жолдауда білімді маманның жұмыспен қамтамасыз етілуі және оның баспанасына қатысты міндеттер орынды көтеріліп отыр.

Депутат: «Бұндай қағидатты мәселелер Елбасы үнемі көтеретін ауыл мәселесіне де тікелей қатысты. Сондықтан ауылға мамандар даярлайтын аграрлық бағыттағы жоғары оқу орындарына да аталған проблема барынша ортақ», - дей келе, осындай оқу орындарының бірі ретінде Астанадағы Қазақ агротехникалық университетін мысалға алды.

Оның айтуына қарағанда, қырыққа жуық мамандық бойынша жеті мыңдай студент білім алатын аталған ірі университеттің материалдық-экономикалық базасы жаңа сипаттағы мамандар дайындауға кедергі жасауда.

«Атап айтсақ, біріншіден, қазіргі кезде 70 пайызы ауылдан келіп оқитын студенттердің 40 пайызға жуығы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Ауылдан келіп ақылы бөлімдерде оқитын студенттерді жатақханамен мейлінше қамтамасыз ету - мемлекеттің үлкен әлеуметтік көмегі болмақ. Бұл болашақ мамандардың әлеуметтік тұрмысына айтарлықтай ықпал етіп, олардың сапалы білім алуына  әсер етеді», - деді О. Асанғазы.

Бұл ретте депутат Елбасының биылғы жылғы Жолдауындағы жүктеген міндеттерге сәйкес Қазақ агротехникалық университетінің студенттеріне арналған 592 орындық жатақхана салуға мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлуді сұрады.

«Екіншіден, Президент Жолдауында жоғары оқу орнын бітірген жастың бірден кәсіби маман болып кетпейтіндігі айтылды. Ал оның білікті маман деңгейіне сай білім алуы оқу үрдісін тәжірибелік сабақтарымен ұштастыруында жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, аталған университетте осындай тәжірибелік сабақтарды өткізетін өндірістік және тәжірибе базалары жоқ. Кезінде болған оқу-тәжірибелік базасының жері қалаға өтіп  жеке тұрғын үйлерге беріліп кеткен. Университетке оқу-тәжірибелік шаруашылықты ұйымдастыру үшін  Ақмола облысы, Шортанды ауданындағы А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығынан аумағы 1000 га жер учаскесін бөліп, ұзақ мерзімді жалға беру мәселесі оң шешілсе игі», - дейді О. Асанғазы. Оның пайымынша, елімізде  «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы қарқын алып жатқанда бұл мәселені дұрыс шешпеске болмайды.

«Республикалық деңгейдегі Қазақ агротехникалық университеті атына заты сай оқу орны болғаны абзал. Сонда ғана білім мен кәсіби білікке ие болған маман ауылға оралып, жұмыспен қамтылып, қолжетімді баспанаға ие болады», деді депутат.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе