Мектепке дейінгі білім беретін жаңа буын педагогтарын даярлау қажет - апталық шолу

АСТАНА. 24 Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғыз Республикасына Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылы ішіндегі алғашқы мемлекеттік сапары өтті.Қырғызстанға сапармен шақырғаны үшін аталған елдің Президенті Алмазбек Атамбаевқа алғысын айтқан Мемлекет басшысы: Әр уақыттағы екі ел арасындағы ыстық ықыласты біз тағы бір рет көріп отырмыз. Біздің дипломатиялық қарым-қатынасымызға биыл 20 жыл болады. Сіздердің тәуелсіздік күндеріңіз жақындап келе жатыр, біз сонымен құттықтаймыз. 20 жылдың ішінде екі елдің арасында, сіздер мен біздерде көп жағдайлар болды. Жаңа буын өсіп келе жатыр, жаңа экономика болды. Көп қиыншылықтар болып жатыр», - деді.

Сонымен қатар Елбасы өз сөзінде Қырғызстан халқының басынан өткен қиыншылықтарға Қазақ елінің қиналып, жақсылықтарына бірге қуанатындығын айта келе, бұл тек дипломатиялық тұрғыдағы әңгіме еместігіне баса назар аудартты.

«Екі елдің арасында шешілмей қалған іс жүзінде мәселе болмауы керек. Қазақстанның шындығында да мүмкіншілігі бар. Ол үшін инвестицияға да, бизнеске де жағдай жасау керек. Біз соның бәрін келісу үшін келдік. Екі елдің арасында жоғары мемлекеттік кеңес 4 жыл бұрын құрылған болатын.  Сол 4 жылдың ішінде не жасалды, не жасалмады, соны да қарауымыз керек», - деді Н.Назарбаев  Қазақстан мен Қырғызстан  Жоғары мемлекетаралық кеңесінің үшінші отырысында.

Айта кетейік, Қазақстан Қырғызстанға 200 мың тонна астық береді. Өз кезегінде қазақ пен қырғыз бауырлас әрі көршілес халық екенін атап өткен А.Атамбаев: «Әрине, менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлының біздің қарым қатынастарымызды жаңа, белсенді, жемісті ынтымақтастық деңгейге жеткізу керек деуі түбегейлі дұрыс», - деді. Осыдан кейін шағын құрамдағы кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталған Қырғызстан Президенті: «Қазіргі уақытта біз үшін азық-түлік мәселесі өзекті. Біз Қазақстан Қырғызстанға 200 мың тонна астықты ақшасын бөліп төлеу арқылы жеткізетіндігіне уағдаластық. Газ жеткізу және басқа да мәселелер көтерілді. Бұл тұрғыдан айтар болсам, біз әр уақытта да Қазақстанның, Қазақстан Президентінің қолдауын сезініп келеміз», - деді.

Айтпақшы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қырғызстанға мемлекеттік сапары аясында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің 1-ші және 2-ші шешімдерін, Дипломатиялық қатынастардың орнатылуына 20 жыл толуына орай Қазақстан Президенті мен Қырғызстан Президентінің Бірлескен мерейтойлық декларациясын рәсімдеді.  Ал ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев пен ҚР Экономика және монополияға қарсы саясат министрі Т.Сариев 2007 жылғы 11 шілдедегі Қазақстандық-қырғызстандық инвестициялық қор құру туралы Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтері келісіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға, ҚР Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов пен ҚР Үкіметі жанындағы Құрылыс және өңірлік даму мемлекеттік агенттігінің директоры К.Нарбаев Қырғызстанда мектеп салу туралы Қазақстан мен Қырғызстан Үкіметтері арасындағы келісімге, ҚР Көлік және коммуникация министрі А.Жұмағалиев пен ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік байланыс агенттігінің директоры А.Кадыркулов Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан үкімет арасындағы Қазақстан мен Қырғызстан радио қызметтері пайдаланатын 30-2000 МГц радиожиілік белдеуінде радиожиліктер беруді үйлестіру туралы келісімге, ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов пен ҚР Есірткіні бақылау мемлекеттік қызметінің төрағасы К.Душебаев Қазақстан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрліктері арасындағы 2012-2013 жылдарға ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.

Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарға тоқталсақ, оның соңғы уақытта 2 есеге өскендігі, соңғы 5 айда 470 млн. долларға жеткендігі байқалып отыр. «Қырғызстанда қазақстандық капиталдық катысуымен 320 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстаннан құйылған тікелей инвестиция 1 млрд. АҚШ долларын құрайды. Қырғызстанда қалыптасқан қиын ахуалға орай біз елдегі өнеркәсіпті көтеру үшін құрылған Қазақстан-Қырғызстан бірлескен қорына  100 млн. доллар мемлекеттік ақша бөлдік. Бүгін міне 4 жобаға қол қойылды. Менің ойымша, бұл одан әрі жалғасатын болады әрі осы 100 млн. доллар қаржы елдеріңізде игеріледі. Елдің оңтүстіндегі Ошта орын алған тонаушылықтардан кейін Қазақстан шамамен 40 млн. долларға қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетті»,  - деді Елбасы.

Сонымен қатар Қазақстан Қырғызстанға қосымша 100 млн. текше метр газ жеткізеді. «Қосымша 100 млн. текше метр газ жеткізу мәселесі шешілді. Бұл өте маңызды мәселе болатын. Біз «Алматы-Кемин» жобасын жүзеге асыруға бірлесіп кірісуге тапсырма бердік. Бұл бізге болашақта электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік береді. Сонымен энергетика саласының басқа да, атап айтқанда, жаңа бірлескен су электр стансасын салу мәселесі талқыланды. Үкіметаралық комиссияға Шымкенттен Қырғызстан территориясына мұнай құбырын тарту туралы мәселені зерделеу де қазірдің өзінде жүктелді», - деді Қырғызстан Президенті.

Бұдан бөлек, келесі күні Бішкекте өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің кеңейтілген құрамындағы отырысынан кейін Бішкек декларациясына қол қойылды. Құжатты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Түркия Президенті Абдулла Гүл, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Әзербайжан Премьер-Министрі Артур Расизаде рәсімдеді. Сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Қаржылық ережелері туралы, Түркі академиясын құру туралы,  Түркі мәдениеті мен түркі мұрасына қолдау көрсету қорын құру туралы келісімдерге қол қойылды.

Айта кетейік, Түркі кеңесінің келесі Cаммиті Әзірбайжанда өтетін болды.

Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі ІІ Саммитінің қорытындысына орай Бішкек декларациясына қол қою рәсімінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі кеңесінде экономикалық ынтымақтастық мәселесіне баса назар аударылғанын атап өтті.

 «Біз негізінен елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне баса назар аудардық. Бұл экономикалық ынтымақтастықта көлік-коммуникация, байланыс салалары зор  маңызға ие. Сондықтан да біздер Көлік және коммуникация министрліктеріміз бен кеден органдарымыздың Түркия-Ахалкала-Карс-Тбилиси- Баку және Каспий теңізі арқылы Қазақстаннан осында және Қазақстаннан Қытайға өтетін  маңызды темір жолды іске қосуға дайындық жүргізу барысында кездесу өткізулеріне уағдаластық», - деді Елбасы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Түркі академиясын,  Түркі мәдениеті мен түркі мұрасына қолдау көрсету қорын құрудың да өзектілігіне тоқталып, осы арқылы жастарымызды бір-бірімен жақындастыру үшін тілдерімізді, мәдениетімізді, жалпы түркі әлемін оқып-білуге бірлесіп үйренуге шақыратындықтарын жеткізді. «Менің пайымымша, бұл тұрғыда біз маңызды жұмыс атқардық»,  - деді Мемлекет басшысы.

«Жаттанды» оқуды қою қажет

Сонымен қатар осы аптада, яғни 24 тамызда Астанада «Білім беру жүйесін жаңғырту - адами капиталдың сапалы өсуінің басты бағыты» атты республикалық педагогикалық тамыз конференциясының отырысы өтті.

 Осы алқалы жиын барысында сөз сөйлеген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов мектепке дейінгі білім беретін жаңа буын педагогтарын даярлау қажет екенін баса айтты. «Біз әлемдік тенденцияларға талдау жасадық. Ол мектепке дейінгі тәрбиенің мектепке дейінгі білім беруге айналып келе жатқанын көрсетті. «Үлкен жетілік» елдерінде балаларды ерте жастан оқыту қарастырылған. Мектепке дейінгі жастағы балаларды жан-жақты дамытуға көңіл бөлінеді. Мектепке дейінгі оқыту мен тәрибенің мазмұнын және әдістерін қайта қарастыру керек. Олар әр баланың жеке қабілетін дамытуға бағытталуы тиіс. Осы мақсатта мектепке дейінгі білім беретін жаңа буын педагогтарын даярлау қажет», - деді министр.

Осы жылдың өзінде 146 жаңа мектеп пайдалануға беріледі екен, ал  2015 жылға дейін 522 мектеп салынады.

Бүгінде ең маңызды міндеттердің бірі, педагог мәртебесін көтеруге байланысты. Мұғалімдерге лайықты еңбекақы төлеу мәселесіне тоқталған министр, «Мемлекеттік бағдарламада 2015 жылға қарай педагог жалақысы жеке сектордағы деңгейге жақындайтыны қарастырылған. Бұл - бүгінгі деңгеймен салыстырғанда 2 немесе 3 есе артады деген сөз. Бір жылдан бері мұғалімдер категориясына байланысты қосымша ақы алады», - деді.

Конференция барысында министр тарапынан саладағы кемшіліктерге байланысты сын айтылды. Осы орайда ол биыл ҰБТ нәтижелері өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен болғанын тілге тиек етті.  «Қатысушылардың 36 пайызы «шекті» деңгейден өте алмады, ал былтыр тек 10 пайыз болатын. Бұның себебі неде? Біріншіден, ҰБТ-ны ұйымдастыру мен өткізуге талап күшейтілді. Бұл тестілеудің барынша әділ өтуін қамтамасыз етті», - деді министр. Екіншіден, тест мазмұны жаңартылды. Оған «оқып, білу», «жаттау», деңгейіндегі тапсырмалар ғана емес, ойлап, шешуді қажет ететін логикалық тапсырмалар енгізілді. Логикалық тапсырмалар көбірек қиынға түсті. Мысалы, математика бойынша бітірушілердің 63 пайызы жауап бере алмаған. Осылардың бәрі мектептегі білім беру сапасының жеткілікті деңгейде емес екендігін көрсетті. Сондықтан, мұның түпкі себептерін анықтап, нақты шаралар қабылдау керек.

Б. Жұмағұловтың пайымдауынша, біріншіден, «жаттанды» оқуды қою қажет. Жаттанды оқудың орнына пәндерді жүйелеп оқытуға көшкен жөн. «Бұған жол беруге болмайды. Өйткені, ол мемлекеттік білім беру стандартына және оқыту сапасына кері әсер етеді. Осы орайда алдағы уақытта жаңа тестілерде мұндай тапсырмалар болмауы тиіс», - деп атап өтті ведомство басшысы.

Ведомство басшысының сөзінше,  тағы бір мәселе - мұғалімдердің біліктілік және кәсіби міндеттерді орындау деңгейінің төмендігіне байланысты. Заңнамаға сәйкес мұғалімдер Мемлекеттік  білім беру стандарты талаптары бойынша  білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан оқушылардың ҰБТ-ның шекті деңгейінен өте алмауына біліктілік деңгейі төмен мұғалімдер де жауап береді. Бұл - мектеп әкімшілігі, аудандық, қалалық білім бөлімдері, облыстық білім басқармалары жұмысының әлсіздігін көрсетеді. Осыған байланысты мектепке дейінгі және орта білім департаменті облыстық білім басқармаларымен бірлесіп, әрбір аймақтағы ҰБТ қорытындыларын жан-жақты талқылауды, тиісті шаралар қабылдау, білім сапасын жақсарту бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қабылдау жүктелді.

Бұдан бөлек, оқулықтар мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Шын мәнінде оқулық оқушы талабын қанағаттандыра алмай отыр. Қазіргі тарихи білім арқылы оқушының тұлға, азамат және отансүйгіш ретінде қалыптасуына күш салуымыз керек. Азаматтық ұлттық сана қалыптаспаған жағдайда ұрпағымыз тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі бола алмайды. Оқулықтар ескірген әдістеме бойынша дайындалады. Осылайша, оқулық дайын ақпараттан ғана тұрады. Қазіргі заманғы талаптар сақталмайды. Мұғалім осындай оқулықтармен жеке тұлғаны қалай дамытады?» - деді министр. Сондықтан білім стандарттарының негізін және оқулықтар мазмұнын қайта қарау қажет.

Айтпақшы, жылдың соңына дейін заман талабына сай келмейтін 20 жоғары оқу орны, келесі жылы 10 жоғары оқу орны оңтайланады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе