Қаржы полициясының 3194 қызметкері жалпы аттестаттаудан өтеді

АСТАНА. 3 Қаржы полициясының 3194 қызметкері жалпы аттестаттаудан өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде өткен брифинг барысында ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта қаржы полициясы органдары қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізуге дайындық жүргізілуде. Аталған шара аттестаттаудан өтетін қызметкердің еңбек өтілі мен тәжірибесін, қойылған міндеттерді атқаруға қатысу деңгейін және жұмысының күрделілігі, нәтижесі мен тиімділігін ескере отырып лауазымына қойылатын талаптарға қаншалықты сәйкес келетіндігін, оның адамгершілік тұлғасын сипаттайтын кәсіби және жеке қасиеттерін бағалау мақсатында ұйымдастырылады.

Аттестаттау қызметкерлердің Қазақстан Республикасы заңнамасын білуін және логикалық ойлау қабілетін анықтау үшін компьютерлік тестілеу, дене шынықтыру, әскери және қызметтік дайындық бойынша бекітілген нормативтерді тапсыру және психологиялық тұрақтылыққа сұхбаттасу, комиссияның қызметкермен сұхбаттасуы және комиссияның шешім қабылдауы сынды бірнеше кезеңде жүзеге асырылатын болады.

«Халықаралық ұйымдарға, мемлекеттік билік органдарына іссапарға жіберілген қызметкерлер, жүктілігіне немесе бала тууына, бала күтіміне байланысты демалыстағы қызметкерлер және шетелде оқуда жүрген қызметкерлер кезектен тыс аттестаттауға жатпайды. Жалпы аттестаттауға қаржы полициясының 3194 қызметкері, оның ішінде: жоғары аттестаттау комиссиясының аттестаттауына 73 қызметкер кіреді. Олардың қатарына төрағаның бірінші орынбасары, төрағаның орынбасарлары, агенттік аппаратының басшысы, орталық аппараттың департамент бастықтары, облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы қаржы полициясы департаменттерінің бастықтары мен олардың орынбасарлары, Қаржы полициясы академиясының бастығы жатады», - деді ол.

Сонымен қатар ресми өкілдің айтуынша, орталық аттестаттау комиссиясына 479 қызметкер кіреді. Олар - орталық аппарат қызметкерлері, тағайындауы мен жұмыстан босатуы агенттік номенклатурасына кіретін қаржы полициясының аумақтық органдарының қызметкерлері. Ал аумақтық аттестаттау комиссияларында қаржы полициясының аумақтық органдарының 2610 қызметкері бар.

«Аттестаттауды өткізу кезінде объективтілік пен шынайылықты қамтамасыз ету және заң бұзушылық фактілерінің алдын алу мақсатында қаржы полициясының аттестаттау комиссияларының жұмыстарына азаматтық қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары мен ардагер ұйымдарының өкілдерін қатыстыру жоспарланып отыр», - деді М. Жұманбай.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе