БҚО: Жаңақала ауданында үш бірдей жаңа мектеп пайдалануға берілді (ФОТО)

- Білім күні Жаңақала ауданында үш бірдей жаңа мектеп пайдалануға берілді.Аудан орталығы Жаңақала ауылында 100 төсектік интернатымен 600 орындық мектеп-гимназия салтанатпен ашылды. Бұл нысанға республикалық бюджеттен 1 млрд. 148,472 млн. теңге бөлініп, құрылысты «Тасқала Транс Газ» ЖШС жаңа оқу жылына дейін салып бітірді. Іші-сырты бірдей келіскен, кең де жарық ғимаратта оқушыларға барлық жағдай жасалған, кабинеттері мен басқа қажетті орындар түрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жаңақазан ауылдық округіндегі Жуалыой елді мекеніндегі 108 орындық, қос қабатты мектеп ғимаратын (жобалық құны - 252 млн. теңге) «Алаш ҚК» ЖШС тұрғызды.

Жаңажол ауылдық округіне қарасты Сарыкөл ауылындағы құны 242 млн. теңге тұратын 108 орындық мектеп ғимаратын «Bema servuces» ЖШС мерзімінде пайдалануға берді. Бұл жерде кезінде күй атасы Құрманғазы мен оралдық жазушы, өлкетанушы Никита Савичев кездескен болатын. Н.Савичев Құрманғазының өнеріне жоғары баға беріп, оның суретін салған еді. Мектеппен бірге осы қос тұлғаның мүсіндері де бірге ашылып, мереке шырайын келтіре түсті. Жуалыой мен Сарыкөлдегі бұрынғы мектептер апатты жағдайда еді. Енді Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес өңірде апаттық жағдайдағы мектептер жойылды.

Білім ордаларының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің атап өткеніндей, өңірде бес жаңа мектеп ашылса, соның үшеуі - Жаңақала ауданында. Елбасы тапсырмасына сәйкес мектептердің шалғай елді мекендерде де іске қосылуы - сөз жоқ, қуанышты жайт. Бұл білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, облыс әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, 2013-2015 жылдары өңірде 9 мектеп салынса, соның төртеуі - апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына тұрғызылғандар.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе