Атырау облысында биыл 17 балабақша салынды

Мұнайлы өлке - Атырау облысында 2014 жылы 17 балабақшаның құрылысы жүргізілген, деп хабарлады www.24.kz.Осының арқасында облыс бойынша 3180 бүлдіршін биыл балабақша табалдырығын аттады. Жаңадан салынып жатқан «Нұрсая» мөлтек ауданында бой көтерген сәулетті ғимарат кеше қолданысқа берілді. Бұл нысандар өңірдегі балабақшаға кезекке тұрған бүлдіршіндердің санын азайтқанымен, мәселенің түйінін шешуге әлі біраз жылдар қажет. «Нұрсая» және «Тұлпар» ықшам аудандары соңғы 2-3 жылдың ішінде үйлері бой түзеген үлкен қалашыққа айналып үлгерді. Соған сәйкес  әлеуметтік маңыздағы нысандардың жеткіліксіздігі де бірден аңғарылды. Соның бірі - қазіргі таңғы ең өзектісі де балабақша мәселесі болатын. Бүгін осы аудандар үшін 280 орындық бүлдіршіндер үйі қолданысқа берілді. Келер жылы да дәл осы шағынаудандарға 320 орындық тағы бір балабақша салынбақ. Елбасының тапсырмасына сәйкес 2020 жылдарға дейін республика бойынша 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер балабақшамен толық қамтылып бітуі тиіс. Сондықтан жергілікті  атқарушы билік өкілдері үлкен іс-жоспар жасақтап жатыр. Өйткені саналы ұрпақтың қалыптасуына ең алдымен кешенді тәлім-тәрбие негіз болмақ.

- 2340 балалық 11 балабақшаның құрылысы басталғалы отыр. Жалпы осыған қарамастан облыста әлі 19 мыңдай бала кезекте тұр. Оның негізгі бөлігі облыс орталығында, - дейді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов. -  Сондықтан біз мемлекеттік қаржымен, бізде жұмыс істеп жатқан үлкен инвесторлардың қаржыларымен және жеке кәсіпкерлердің қаржысымен балабақша салу жұмысын көлемді түрде, жоспарлы, жүйелі түрде жалғастырып жатырмыз.

 Екі жыл бұрын ғана 14 мың болған балабақша кезегі жыл санап өсіп келеді. Бұл мұнайлы өңірдегі қарқынды демографиялық ахуалдан да хабар берсе керек. Бар байлықты бала деп ұғатын халқымызға еліміздің экономикалық әлеуеті де мүмкіндік беріп тұр. Сондықтан облыс аумағында балабақша тапшылығын азайтуға күш саламын, жаңа құрылыс бастаймын деген инвесторға да, жеке кәсіпкерге де жол ашық.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе