2014 жылы игерілмеу нәтижесінде азайтылатын шығыстар қалпына келтірілмейді

АСТАНА. 1 «Болашақ» бағдарламасының арқасында шетел асып, білім алып қайтқан мамандардың біліктілігіне шүбә келтіретін Үкімет мүшелері де бар екен.2014-2016 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласы дамуының басым бағыттары кеңінен талқыға түскен осы аптадағы Үкімет отырысында еліміздің Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев шетелде білім алып келген кейбір мамандарға көңілі толмайтындығын ашына айтты, ашығын айтты. Мәселен, қазіргі таңда отандық ғарыш саласында тер төгіп жүрген мамандардың басым бөлігі сонау кеңес заманында білім алғандар. Тек енді ғана «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар бұл салаға бет бұруда. Алайда, олардың барлығы бірдей ғарыш саласына қабылданып кетеді деп айту қисынсыз. Оны Т.Мұсабаев ашып айтты. «Соңғы кезде бізге «Болашақ» түлектері келе бастады. Оларды жұмысқа алып та жатырмыз. Дегенмен, бәрін бірдей қабылдап жатқан жоқпыз. Өйткені бізге, ашығын айтсақ, бакалавр мамандарын тықпалап жатады. Олардың білім деңгейі төмен. Саламызға кем дегенде магистрлер керек. Ал сыраханада отырып ағылшын тілін үйренген адамнан кәсіби маман шығады деп айта алмаймын. «Болашақтың» да түр-түрі бар», - деп шорт кесті ол.

Жалпы, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов заманауи технологиялардың жыл сайын жаңғыруы уақытында жоқ мамандықтарға оқушыларды үйрету қажет деп бір ойдың ұшығын шығарды. Алайда, ол қандай мамандық екендігін бас ұстаздың өзі дөп басып айта алмады. Бір қызығы, қиялдағы мамандықтарға бас қатырып жүргенде төтенше жағдайлардан қорғайтын, олардың салдарын жоятын мамандар мен халықаралық сауда ісінің білгірлері де елімізде тапшы көрінеді. Әрине, бұл түйіндерді тарқату, қажетті мамандарды даярлау алдағы күннің еншісі десек те болады.

Ал Үкімет отырысының негізгі күнтәртібіне келер болса, негізгі баяндама жасаған А.Сәрінжіпов алдағы уақытта еліміздегі жоғары оқу орындарына дербестік беру қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда еліміздегі жоғары оқу орындары жоспарлы жүйенің ескірген ұстанымдары негізінде жұмыс істеу сүрлеуінен шыққысы жоқ. Коммуналдық кәсіпорындар ретінде жұмыс істеп, мемлекет атынан қандай да бір мемлекеттік қызметті төменгі баға бойынша көрсететін білім ошақтары бәсекелестіктен де ада. «Жүйелі шешім ұсынамыз - ЖОО-ларға автономия беру, оларға ЖОО-лар арасында ресурстар үшін бәсекелестікті, сондай-ақ нарықтық жағдайда студенттер арасындағы бәсекелестікті күшейту үшін дербестік беру қажет», - деді ол.

Бұдан бөлек, министр Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты бірқатар жайттың басын ашып берді. «Біріншіден, тестілердің мазмұны қайта қаралатын болады. Тестілер базасынан талаптарға сай келмейтін сұрақтар алынып тасталады. Екіншіден, тестілеу технологиясы өзгертіледі. Компьютерлік тестілеуді енгізу субъектілік факторлардың нәтижеге әсерін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді бас ұстаз. Айта кетерлігі, оқушылардың 1 жылдың ішінде бірнеше қайтара тест тапсыру мүмкіншілігі пысықталу үстінде. Бұдан бөлек, аталған өзгертулер аясында толыққанды жауаптар мен шешімдерді талап ететін, жаңа буын тестілерін байқап көру әрі енгізу көзделіп отыр. Осылайша, ұлттық тестілеудің білімді бағалаудан құзіреттілікті бағалауға көшуі жүзеге асырылмақ. Айтпақшы, А.Сәрінжіповтің сөзіне қарағанда, 2016 жылға дейін қазақ тілінде білім беретін оқу орындарының саны артып, мектепке дейінгі білім беру саласында мұндай ұйымдар саны 2 мыңға дейін, орта білім беруде 4 мыңға дейін жеткізілсе, техникалық және кәсіптік білім беру саласында олардың саны 50-ге артатын болады.

Жиын соңында мемлекет педагогикалық ресурстардың дамуына және олардың біліктілігін арттыруға барынша зор көңіл бөліп отырғандығын баса айтқан ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов: «Дегенмен, аталған кадрлардағы дисбаланс - бұл, білім беру жүйесіндегі әлсіз педагогтардың болуынан ғана орын алмауы мүмкін. Бұл ретте, мықты, жас, талантты педагогтардың жағдай жасап, жоғары жалақы төлейтін басқа салаларға кетіп жатқандықтарын атап өту қажет», - деді.

 

2014 жылы игерілмеу нәтижесінде азайтылатын шығыстар қалпына келтірілмейді

Кеше Үкімет үйінде қайта бас қосқан Министрлер кабинетінің мүшелері 2013 жылға арналған республикалық бюджетті талқылап, бірауыздан мақұлдады. Негізгі баяндама жасаған ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев өз сөзінде аталған нақтылаудың басты міндеті - жыл қорытындысы бойынша болжанатын қосымша түсімдерді және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы күтілетін бюджет қаражатын толық игерілмеуін, экономиканы қосымша ресурстармен қамтамасыз ететін және оң макроэкономикалық әсер беретін ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жолымен ұтымды пайдалану болып табылатындығын баса айтты. Соның нәтижесінде 790,6 млрд. теңгені құрайтын республикалық бюджеттің тапшылығы 80 млрд. теңгеге немесе 0,2 пайызға төмендеп, игерілмеудің теріс салдары жоғарыда аталған шаралармен жойылмақ. «Өз кезегінде, әкімшіліктерге игерілмеу нәтижесінде азайтылатын шығыстардың 2014 жылы қалпына келтірілмейтінін түсіну қажет. Барынша жұмыла жұмыс істеу және көзделген қаражат шегінде қойылған міндеттерді шешу қажет», - деді министр.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі 2013 жылы Жалпы ішкі өнімнің номиналды көлемі 34 444,3 млрд. теңгені құрайтынын, бұл мамырдағы мақұлданған көрсеткішке қарағанда 153,3 млрд. теңгеге, оның ішінде базаның әсері есебінен 128,4 млрд. теңгеге, Жалпы ішкі өнім дефляторының 107,0 пайызынан 107,1 пайызға дейін 24,9 млрд. теңгеге өсуі әсері есебінен жоғары болатынын нақтылап өтті.

Сонымен қатар Е.Досаев жалпы сомасы 100,0 млрд. теңгенің бірқатар жобаларға бағытталатынын баса айтты. Атап айтқанда, «Жезқазған-Бейнеу» теміржол желісінің құрылысына 30,0 млрд., «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайта отырып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға 30,0 млрд., ЭКСПО-2017-ні өткізуге дайындыққа 20,0 млрд., «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 20,0 млрд. теңге жұмсалмақ.

Отырысты қорытындылаған Үкімет басшысы Серік Ахметов: бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi - мемлекеттiк органдардың бiрiншi басшыларына нақтыланған республикалық бюджет бойынша қаулы жобасына қол қоюды тапсыра келе: «Бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерi бiр тәулік iшiнде Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлiгiне түзетiлген стратегиялық жоспарларды ұсынулары қажет. Сондай-ақ, Премьер-Министр кеңсесiне Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлiгiмен бiрлесе отырып, бюджетті нақтылау жөніндегі заң жобасын даярлап, ҚР Парламентi Мәжiлiсiне ағымдағы жылдың 5 қарашасына дейін енгiзудi тапсырамын»,- дедi.

 

Қазақ-Қырғыз экономикалық байланысы жанданып келеді

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Қырғызстанға жасаған ресми сапары аясында қырғыз Президенті Алмазбек Атамбаевпен және Үкімет басшысы Жантөре Сатыбалдиевпен кездесті. А.Атамбаевпен кездесу барысында екі жақты қарым-қатынастың, атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы әріптестіктің қазіргі жағдайы мен перспективалары талқыланды. Ал қырғыз Премьер-Министрімен кездесу кезінде С.Ахметов Қазақстан мен Қырғызстанның жоғарғы деңгейдегі экономикалық әріптестігін атап өтіп, 2012 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы миллиард АҚШ долларына жеткендігін баса айтты. «Біз екіжақты қарым-қатынастың, бірінші кезекте, сауда-экономикалық әріптестіктің ауқымды мәселелері бойынша сындарлы диалог жүргізуге дайынбыз. Біздің елдеріміз арасында ынтымақтастықты арттыру үшін үлкен әлеует бар, сонымен қатар бірлесіп шешетін мәселелер тұр», - деген ҚР Үкімет басшысы жоғары деңгейдегі кездесудің Астана мен Бішкек арасындағы екіжақты әріптестікті жандандыру үшін қосымша серпін беретініне сенім білдірді. Өз кезегінде, Ж.Сатыбалдиев: «Қырғызстан мен Қазақстан арасында түптеп келгенде үлкен проблема жоқ. Мен алға қойған мақсаттарға бірлесіп жетудің шешімдерін табатынымызға үміттенемін»,-деді.

Осы күні екі елдің Премьер-Министрлары қазақ-қырғыз Үкіметаралық Кеңесінің 4-отырысын ашты. Алқалы жиында Қырғызстан Премьер-Министрі Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетіп, аталған шарада келісілген шешімдердің қабылдануы екі елдің халқына да айтарлықтай пайда әкелетініне сенім білдірді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе