ҚазҰУ БҰҰ Балалар қорымен бірлесіп, қыздарға арналған жобаны іске қосты

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесе отырып, UniSat наноспутниктерін әзірлеу бойынша қыздарға арналған білім беру жобасын іске қосты.

Университеттің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, жобаны ресми түрде іске қосу рәсіміне ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры Тілекқабыл Рамазанов, Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) Өкілінің орынбасары Вероника Ващенко және университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Жобаға қатысуға 20 қыз іріктеліп алынды. Олар Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері және орта мектептерінің жоғары сынып оқушылары. Олардың барлығы ҚазҰУ-дың ғылыми-технологиялық парк базасында наноспутникті құру курстарында білім алуға бірегей мүмкіндік алады. Оқу бағдарламасы бес айға көзделген және жобалау, дизайн, бағдарламалау, құрастыру, тестілеу және іске қосу сияқты ғарыш аппаратын құрудың маңызды кезеңдерін қамтиды. Оқу соңында қыздар наноспутниктердің үлгілерін жасаулары қажет және оларды атмосфераның жоғарғы қабатына жіберу жоспарлануда. «ЮНИСЕФ үшін жас ұрпақты дамыту, инновациялар мен гендерлік теңдікті ілгерілету өте маңызды. Қыздардың наноспутниктерді құру бағдарламасына қатысуы оларға жаңа мүмкіндіктер ашады. UniSAT бағдарламасының нәтижелері қоғамда «ғарыштық» өзгерістерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп атап өтті жобаны іске қосу салтанатында Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілінің орынбасары Вероника Ващенко. ҚазҰУ Проректоры Тілекқабыл Рамазанов ҚазҰУ-да 2012 жылдан бастап шағын ғарыш аппараттарын әзірлеу бойынша ғылыми-технологиялық мектеп құру жобасы іске асырылуда екендігін атап өтті. Ғарышқа «al-Farabi» сериялы 2 наноспутнигі жіберілген, «AlfaSat» наноспутниктің әзірленген білім беру конструкторлары еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында қолданылуда. «Бүгін біз ЮНИСЕФ-пен бірлесе отырып, тек қана қыздар қатысатын UniSat наноспутниктерін әзірлеу бойынша білім беру жобасын іске қосудамыз. Бұл жоба біздің елімізде қыздар қауымы арасында STEM-білім беру саласын дамытудың тағы бір қадамына айналатынына сенеміз. Курстың ашылуы халықаралық 8 наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі де бізді қуантады», - деді ҚазҰУ Технопаркінің директоры Әмірхан Темірбаев.
12300
    Iздеу

    Күнтізбе