Сенаторлармен кездесулерде халық өздерін толғандырған мәселелерді көтерді

АЛМАТЫ-ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ҚР Парламенті Сенатының депутаттары жұмыс сапарымен өңірлерде жүр, деп жоғары палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатор Ләззат Сүлеймен бүгін Алматы облысының Ақсу ауданында болды. Сапар аясында аудан басшылығымен кездесу болып, оған «Nur Otan» партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары мен ардагерлер, жастар ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, медиаторлар, әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты. Ләззат Сүлеймен кездесу барысында Парламент Сенатының 2019 жылы атқарған жұмысы, оның ішінде жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» және «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» заңдар туралы хабардар етті. Сонымен қатар, аймақтарды дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасымен жұртшылықты таныстырып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған мәселелерді көтерді, оның ішінде шаруа қожалықтарының жұмысына қазіргі таңда аса қажетті шағын механикаландырылған көпсалалы тракторларды елімізде шығару, игерілмей жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының ортақ табысы есебіне зейнетақыны қоспау және тағы басқа мәселелер бар. Л.Сүлеймен сапар аясында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша жөндеуден өткен «Қарлығаш» балабақшасында болды. Сондай-ақ Е.Сиқымов атындағы мектеп-интернатының ұжымымен де кездесіп, мектеп ұстаздарына «Педагог мәртебесі» туралы заңды жан-жақты таныстырды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында депутат аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Сенатор қабылдауына 11 адам келді. Қабылдау барысында атаулы әлеуметтік көмектің төленуі, үй мәселесі, тағы басқа мәселелер көтерілді. Айтылған мәселелер бойынша сенатор жан-жақты жауап беріп, кейбір мәселелерді өз бақылауына алды. Сондай-ақ Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Плотников Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «АЗИЯ АВТО-Қазақстан» акционерлік қоғамы автомобиль құрастыру зауытының құрылысында болды. Депутат негізгі өндіріс корпусындағы дәнекерлеу және бояу цехының, сондай-ақ кірме теміржол құрылысының барысымен танысты. Кәсіпорын басшылығы корпустар құрылысын жалғастыру және технологиялық жабдықтарды сатып алу үшін қаржы тарту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы депутатты хабардар етті. Автомобиль нарығын дамыту, ел тұрғындарына жеңіл автомобильдерге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру, автомобиль паркін жаңартуды ынталандыру, елді мекендердегі экологиялық жағдайды жақсарту мәселелері талқыланды. Халық арасында автокөлікті жеңілдікпен несиелеу жоғары сұранысқа ие екені және оны жалғастыру мен кеңейту қажеттігі атап өтілді. «Дәнекерлеу және бояу цехын іске қосу 2021 жылы жоспарланып отыр. Бүгінгі күні шамамен 80 млн жеке қаражат инвестицияланды», - деді «Азия Авто» АҚ президенті Ержан Мәндиев. Зауыттың бірінші кезегінің қуаты жылына 60 мың автомобильді құрайды. Автомобиль өндірісінің деңгейі 50 пайызға жететін болады. Өскемен қаласындағы «Азия Авто-Қазақстан» кәсіпорнында толық циклді автомобиль өндірісінің құрылыс жобасы жүзеге асатын болады, ол «Бипэк Авто Қазақстан» серіктестігі және «АвтоВАЗ» қоғамдық акционерлік қоғамының бірлескен кәсіпорны болып табылады. Зауыт 2013 жылдың қараша айынан бастап салынып келеді. Дәнекерлеу, бояу және автомобильдерді жинау жөніндегі өндіріс қуатын салуға келген инвестициялардың жалпы көлемі 380 млн. долларды құрайды. Өндіріс кешені өнімдерін өткізудің келешектегі негізгі нарықтары Қазақстан, Ресейдің Сібір және Орал өңірлері, Орталық Азия елдері болады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе