Ауыл мектептеріндегі сапасыз білім жұмыссыз жастардың артуына сеп болады - Қ. Айтаханұлы

Ауыл мектептеріндегі сапаға мән бермеу білімсіз, жұмыссыз жастардың артуына сеп болады.Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханұлы осы мәселені көтерді.

Сауал барысында сенатор Елбасы Жолдауында ұлттық білім берудің сапасына назар аударылғанын, білім саласын дамытуға қатысты нақты міндеттер жүктелгенін тілге тиек етті. Қ. Айтаханұлының пікірінше, Елбасы жүктеген міндеттерді орындау, әсіресе ауылдық жерлердегі білім беру сапасына ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені еліміздегі жалпы білім беретін мектептердің 78 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

«Ауылда оқушылардың 1 млн. 237 мыңы немесе 51 пайызы білім алуда. Алайда, бүгінгі таңда ауыл мектептерінде шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Біріншіден, олардың материалдық-техникалық базасы нашар. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер, зертханалар жоқ, көрнекі құралдар ескірген, кітап қоры аз. Шет тілдерін оқыту деңгейі төмен», - дейді Қуаныш Айтаханұлы. Оның мәліметінше, ауыл мектептерінің 70 пайызы шағын жинақталған мектептер. Жалақының аздығынан, әлеуметтік қорғау, моральдық және материалдық ынталандыру шараларының толық шешілмеуінен ауылда жоғары кәсіби білікті мұғалімдер де тапшы.

«Ауыл мектептері оқушыларының физикалық, интеллектуалдық және шығармашылық дамуына тиісті жағдайлар жасалмаған. Еліміздегі спорт залдары жоқ мектептердің 82 пайызы ауылда. Ауыл мектептерінің ақпараттық-технологиялармен қамтылуы да өз дәрежесінде емес. Бүгінгі күні кең жолақты интернетпен қала мектептерінің 67 пайызы, е-leаrning бағдарламасымен 32 пайызы қамтылған болса, ауыл мектептерінде бұл үрдіс әлі басталмаған», - дейді сенатор.

Оның сөзіне қарағанда, ауыл мектептерін бітірушілер жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік грантты жеңіп алуда да бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Мәселен, 2012-2013 жылдардағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары бойынша ауыл мектептері түлектерінің 21 пайызы ең төменгі шекті балды жинай алмады. Ал осы ҰБТ-ның жоғары балын жинағандар ішінде ауылдық мектеп түлектерінің үлесі бар-жоғы 29 пайызды құраған. Нәтижесінде ауыл мектептері мемлекеттік грант есебінен оқуға түсе алмай, ақылы оқу орындарына баруға мәжбүр болуда. Бұны да кез келген ауыл баласының қалтасы көтере бермейді. Осы айтылғандардың барлығы мектептік орта білімді ғана қанағат еткен, білімсіз, жұмыссыз жастардың көбеюіне, халқымыздың сапалық көрсеткішінің төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.

Осыған орай, сенатор Қуаныш Айтаханұлы ауылдық жерлердегі проблемаларға баса назар аудару қажеттігін алға тартады. «Елімізде білімді, білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында ауылдық жерлерде мектептер мен балабақшалар салуға қажетті көлемде қаржы бөлінсе игі. Ауылдық мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, ауылдағы ұстаздардың біліктілігі мен жалақысын көтеру шаралары қарастырылса екен. Аудан орталықтарынан дарынды балалар мектептері ашылып, ауылдағы мектептерде қордаланған мәселелер арнайы қаралса, оң шешімі қабылданса», - деді Қ. Айтаханұлы.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе