Жолдау міндеттері: Орал мектептері «Бестік одақ» құрды

- Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен өңірдегі дарынды балаларға арналған мектептер арасында «Бестік одақ» меморандумына қол қойылды, деп тілшісі.

Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Тимур Нұркешовтің айтуынша, жаңадан құрылған одақ Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыруды көздейді.

Одақ мүшелері қатарында дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешені, Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған №8 облыстық мектебі, Батыс Қазақстан облысының дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» мектеп-лицей-интернаты, Батыс Қазақстан облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты бар.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында зияткерлік мектептердің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиіс екенін айтқан болатын.

Т.Нұркешовтің сөзіне қарағанда, осы орайда өңірде зияткерлік мектеп тәжірибесін тарату жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Облыс мектептері мұғалімдеріне арналған семинарлар, директорлардың тағылымдамасы, кітапхана, психолог мамандарға өткізілетін шеберлік сағаттары осыған дәлел. 2016 жылдан бастап облыс мектептерінің 47 директоры тағылымдамадан өтсе, аудандарда 7 көшпелі семинар ұйымдастырылды. Сонымен қатар зияткерлік мектеп педагогтары жүйелік-әдістемелік кешен үшін 400-ден аса материал дайындады. 

«Жаңадан құрылған одақ құрамындағы білім ордалары зияткерлік мектеп жүйесін өз мектептеріне енгізуде. Оның ішінде оқыту әдістері, әлеуметтік жобалар бар. Яғни, біздің мақсатымыз - облысымыздағы үздік мектептермен бірлесіп, зияткерлік мектеп тәжірибесін тарату жұмыстарын әрі қарай жүйелі, табысты жалғастыру. «Бестік одақ» бес бағытта жұмыс істейтін болады. Олардың қатарында оқушылардың академиялық, шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал ету, ата-аналармен бірлесіп жұмыстану, мұғалімдер мен әкімшілік қызметтегі мамандардың кәсіби дамуына жәрдемдесу бағытындағы іс-шаралар бар», - деді Тимур Нұркешов. 

Еске салайық, Елбасы 5 қазандағы Жолдауында орта білім жүйесінде негізгі қадамдар айқындалғанын атап өте келе, Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту әдісі мен жүйесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуы тиістігін айтты.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе