Қазақстан және Қытай аграрлық-техникалық университеттері студент алмасуға келісті

Бүгін Қазақстанның агротехникалық университеттерінің жетекшілері мен ауыл шаруашылығы мамандарының Қытай Халық Республикасына арнайы сапары аясында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Солтүстік Батыс ауыл шаруашылық, орман шаруашылық ғылым-техника университетінің арасында өзара келісім туралы меморандум жасасты. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.Аталған ынтымақтастық жөніндегі келісімге Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ректоры Н.Серғалиев пен Солтүстік Батыс ауыл шаруашылық, орман шаруашылық ғылым-техника университетінің ректоры Су Чи Шин қол қойды.

Меморандумның басты мақсаты - ғылыми-зерттеу және білім беру саласындағы тараптардың кезеңдік және жүйелі түрде тәжірибе алмасуына және ынтымақтастыққа жәрдемдесу болып табылады.

Оның аясында, профессорлық-оқытушылар құрамы, доктаранттар, магистранттар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамыту және ізденушілерге ғылыми, педагогикалық және зерттеу тағылымдамаларынан өтуге жәрдемдесу, алмасу барысында студенттердің оқу үрдісінде алған кредиттерін екіжақты тану, өзара мүмкін болатын білім беру бағдарламаларын және екі дипломды білім беруді дамыту үшін университеттердің ғылыми және білім беру мүмкіншіліктерін пайдалану және т.б. міндеттер көзделуде.

Сондай-ақ, білім беру мен ғылымның өзекті мәселелері бойынша бірлескен симпозиумдар, халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру, ортақ ғылыми-зерттеу бағдарламалары мен жобаларды қолға алу жоспарлануда.

Келісімнің басымдыққа ие бағыттарына бірлескен ғылыми-зерттеу ұйымдарын ұйымдастыру арқылы жаңа техника мен технологияларды игеріп, инновациялық кәсіпорындар және оқу мен әдебиеттермен алмасу үшін бірлескен авторлық ұжымдар құру жатады.

Айта кетейік, «Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты» ЖШС бас директоры А.Сағитов бастаған Қазақстанның агротехникалық университеттерінің жетекшілері мен ауыл шаруашылығы мамандарынан құралған арнайы топ үстіміздегі жылдың 23 қарашасынан бері ҚХР аумағындағы ауыл шаруашылығының ең басты өндірістік кешендері мен салалық оқу орындарының жұмыстарымен танысуда.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе