Жеті жасар Мұстафа Құранды жатқа оқу жарысында жеңімпаз атанды (ФОТО)

Павлодардағы «Ақмешіт» мешітінде Құранды жатқа оқу сайысы өтті.  Бұл - аймақта ұйымдастырылған тұңғыш Құран оқу жарысы. Бәсекеге 6-30 жас аралығындағы 40 үміткер қатысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. - Өңірімізде Құранды жатқа оқу жарысы бірінші рет өткізілсе де, қатысушылардың қатары қалың. Бұл жарыста топ жарғандар алдағы қасиетті Рамазан айында өтетін облыстық Құранды жатқа оқу жарысына жолдама алды. Қатысушылардың ішінен болашақта есімдері елге мәшһүр қарилар шығарына сенеміз. Сауапты сайысқа атсалысқан азаматтарға, әсіресе Павлодар ауданына қарасты ауыл мешіттерінің имамдарына ризашылығымызды білдіреміз, - дейді «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы. Үміткерлер үш топқа бөлініп, өнер көрсетті. 10 сүрені жатқа оқуда 12 жастағы павлодарлық Салахаддин Бердімұрат топ жарды. Ал 22 сүрені жатқа оқу жарысында 10 жастағы Мұхаммед Ташай үздік деп танылды. Жарыстың ең кішкентай қатысушысы Мұстафа Құдабай 30 сүрені жатқа оқу сайысында жеңімпаз атанды. Жалпы, Мұстафа 37 сүрені жатқа біледі. Айта кетерлігі, сайыста Павлодар қаласындағы мешіттердің шәкірттерінен бөлек, Павлодар ауданына қарасты ауылдардың өкілдері де бақ сынады. Құранды жатқа оқу жарысының қорытындысы бойынша жеңімпаздар қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды. Жүлдегерлер де ақшалай сыйлықтарды қанжығаға байлады. Павлодар ауданы Жамбыл ауылының өкілі 17 жастағы Қасен Әбдірақым, павлодарлықтар 30 жастағы Данияр Нұрсейіт пен 14 жастағы Қайм Дансаликов ынталандыру сыйлығын олжалады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе