Парсы шығанағына жол ашылды - Апталық шолу

Осы аптада Қазақстанның дербес дамуында ерекше тарихи жағдай орын алды. Қазақстан-Түрікменстан-Иран арқылы өтетін Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган теміржол желісі ресми түрде ашылып, еліміз Парсы шығанағына теміржол арқылы тікелей шығу мүмкіндігіне ие болды. Яғни, 2008 жылы бастау алып, жақында құрылысы аяқталған осынау жобаның арқасында Қазақстан Еуропаға 600 шақырымға жақындай түсті деген сөз.Айтулы оқиға аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Иран мен Түркіменстан шекарасында жолығысты.

«Бүгінгі істің тарихи мәні бар. Біріншіден, үш елдің халқы үшін жолдың бойында неше түрлі елді мекендер пайда болып, халық жұмыспен қамтылады, қарым-қатынас жанданады. Екіншіден, үш мемлекеттің арасындағы сауда-саттық ұлғаяды. Биылғы жылдың басында біз Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы жолды іске қосқанбыз. Осы аз уақыттың ішінде сауда-саттық 40 пайызға өсті. Енді, міне, теміржол арқылы өзара сауда-саттық ісіне үш мемлекет қатынасатын болды. Үшіншіден, бұл жол біздің төңірегіміздегі барлық көршілерімізге өз ықпалын тигізеді», - деді Елбасы.

Президенттің айтуынша, осы тарихи оқиға аясында Қазақстан арқылы өтетін Қытайдан Каспий теңізіне дейін тікелей теміржол салғанын атап өтті. Ендеше, жаңа теміржол нысаны соған қосылады, ал оның өзі жол бойы Қытайға ғана емес, Қытай арқылы Тынық мұхитына шығаратын мүмкіндік қалыптастырып отыр. «Біз Қазақстан, Түркіменстан, Иран елдері 900 шақырымдық осы жолды салып, Орталық Азия мен Парсы шығанағындағы елдердің басын қостық деп айтуға болады. Жалпы жол, көпір салу дегеніміз өте рахымды іс. Бұл жайында Құранда айтылған. Біз бұл жолды салу арқылы көне Жібек жолын қайта тірілттік деуге болады», - деді Елбасы.

Тұтастай айтсақ, үш мемлекеттің аумағынан өтетін «Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Гөрган» темір жолы желісі «Солтүстік-Оңтүстік» жаңа халықаралық көлік дәлізінің бір бөлігі саналады. Жолдың 146 шақырымы Қазақстан,  700 шақырымы Түркіменстан, ал қалған 82 шақырымы Иран аумағы арқылы өтеді. Айта кетерлігі, теміржол магистралінің Түркіменстан мен Қазақстан арасындағы учаскесі өткен жылдың мамырында екі елдің басшыларының қатысуымен ашылған еді. Бұл ретте Қазақстан мен Иранның аталған декларацияға сәйкес өз учаскелеріндегі бөліктерді толығымен аяқтап пайдалануға берген болатын. Ал Түркіменстан болса, темір жолдың Қазақстан бағытындағы 444 шақырымды аяқтап, өткен жылдан бастап Иран бағытындағы 256 шақырымды өз күштерімен қарқынды салуда.

Тоқтала кететін жайт, бұл жоба үш елдің де мүддесін тоғыстырып отыр. Мәселен, Қазақстанның астығы ендігіде Парсы шығанағы арқылы Таяу Шығысқа шығатын жол тапты. Айта кетелік, былтыр Қазақстан Иранға 1 миллион тонна астық тасымалдаса, ондағы рыноктың тұтыну мүмкіндігі 9-10 миллион тонна болып табылады. Ендеше астықтың тасымал әлеуеті ашылады деген сөз. Сонымен қатар, Иран Үкіметі көлік әлеуетін, соның ішінде ел аумағы арқылы өтетін транзитті тасымал әлеуетін дамытуға ерекше назар аударып келеді. Бұл елде транзитті көлік тасымалының 20 пайызы теміржолдардың үлесіне тиеді екен. Көлік инфрақұрылымын дамытудағы басым жобалары да баршылық. Мәселен, Иран өзінің теміржолын қосымша 4,8 мың шақырымға ұзартып, Кум-Исфахан, Казвин-Рашт, Энзели-Астара, Мелайер-Керманшах, Мийане-Табриз, Горган-Боджнурд-Мешхед, Шираз-Бушехр, Тегеран-Хамадан-Санандадж бағытында жаңа теміржол телімдерін салуды күн тәртібіне қойып отыр. Осындай мақсатқа сәйкес Өзен-Қызылқия-Берекет-Этрек-Горган теміржолын салу ісін Иран үкіметі ерекше назарда ұстаған болатын. Себебі, бұл теміржол желісі Еуропа мен Азия елдеріне Орталық Азия мен Парсы шығанағына шығуға, Оңтүстік Азия елдеріне өз жүктерін Солтүстік және Шығыс Еуропаға жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Франция-Қазақстан:Ұқсас ұстанымдар

Аптаның жұмасында Француз Республикасының Президенті Франсуа Олланд Қазақстанға тұңғыш рет мемлекеттік сапармен келді. Әлбетте, Францияның қазіргі басшысының бұл жаңа сапары болғанымен, Қазақстан мен Француз Республикасы арасындағы қарым-қатынастың тарихы Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен орнаған. Айтпақшы, Шарль де Голль сонау 1966 жылы Қазақстанға аяқ басып, Байқоңыр айлағын да аралапты. Мұны да Елбасы кеңейтілген құрамдағы кездесу аясында айтып қалды. «Сіздің сапарыңыз біздің Ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп отыр. Қазақстандықтар біздің Тәуелсіздігімізді Еуропада алғашқы болып мойындаған Франция екенін біледі, сонымен бірге Тәуелсіз Қазақстанға ең бірінші сапар жасаған тұңғыш еуропалық лидер Франсуа Миттеран болатын. Осы жылдар ішінде біз бірлесе жұмыс істеп келеміз, стратегиялық әріптестік туралы келісіміміз де бар. Осының өзі біраз жайтты аңғартады. Жалпы, ресми Париж Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы бастаманы алғашқылардың бірі болып қолдады. Франция біз үшін ірі инвестор, қазіргі таңда жүзден астам компаниялар француз капиталының қатысуымен жұмыс істеп жатыр. Біз білім беру саласында да ынтымақтасамыз. Астанада бүгін жоғары оқу орындарының бесінші форумы өтеді, Алматыда Орталық Азияда алғаш рет Сорбонна институтының филиалы ашылып отыр. Біздің елордамызда Француз Президенті Шарль де Голльге ескерткіш ашылатынын білесіздер. Ол 1966 жылы сапарында Байқоңыр айлағында болып қайтқан еді», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетерлігі, әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, соңғы бес жылда екі елдің тауар айналымы екі есеге артып, былтыр оның жалпы сомасы 6 миллиард доллардан асқан. Қазақстан экономикасына француз бизнесі салған инвестиция 11 миллиард доллардан асып отыр.

Жалпы алғанда, Қазақстан Президенті Ақордадағы кездесудің жоғары деңгейде өткенін алға тартады. «Келіссөздер барысында өңірлік мәселелер, Таяу Шығыс жағдайлары, Ресей мен Еуропа арасында санкциялар аясындағы халықаралық тақырыптар бойынша мазмұнды пікір алмасулар өрбіді. Украина мәселесі де талқыланды. Франция тарапы біздің ынтымақтастығымыз бойынша бірқатар өзекті мәселелерге қолдау білдірді. Еуропалық Одақ мен Еуразиялық экономикалық одақ арасындағы диалог орнату мүмкіндіктері де қаралды. Сонымен қатар біз Украина дағдарысын реттеу қадамдарын да салыстырдық», - деп атап өтті Н.Назарбаев. Президент Назарбаев француз әріптесі екеуінің Украина жағдайына ұстанымы ұқсас екенін де атап өтті. «Біз ешкімге де көмек болмайтын, керісінше, халықаралық саяси жағдайды нашарлататын осынау дағдарысты еңсеруді нүктесі табылғанын қалаған едік. Бұл дағдарыс тек Еуропа мен Азияның ғана емес, әлем экономикасына теріс әсер етіп отыр. Біз мәмілеге жетелейтін қадамдар бар деп есептейміз. Мен өз тарапымнан Қазақстанның осы мәселедегі күш-жігерін арттыруға дайынмын. Франция Президенті де бұл бағытта біздің күш-жігерімізді қолдап отыр», - деді Н.Назарбаев.

Франция тарапы да көптеген бағыттар бойынша Қазақстанмен бірлесе жұмыс атқаруға дайындығын алға тартады. «Бұл менің Қазақстанға алғашқы ресми сапарым. Сіз 2012 жылғы көктемде Парижге келген тұста 1993 жылы Франсуа Миттеран Қазақстанға келгенін, оның екі ел арасындағы ынтымақтастықта маңызды орын алғандығын менің есіме салған едіңіз. Бұл Қазақстан Тәуелсіздігінің екінші жылы ғана болатын», - деді Ф. Олланд. Сонымен қатар, Француз президенті 20 жыл ішінде Қазақстан керемет өзгеріске түскенін айтып, соның ішінде жаңа Астана салынғанын табысты жетістікке балады. «Қазақстан Орталық Азия өңірінде көшбасшы рөліне ие. Қазақстан өңірдегі бірінші экономикалық күш қана емес, ол өзінің барлық көршілерімен, мейлі ол Ресей мен Қытай болсын, мейлі Иран болсын, ыңғайлы әрі жайлы қарым-қатынас орнатып отырған мемлекет. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан көптеген бастамалардың мүмкіндігіне ие. Ал соған орай, Франция көптеген бағыттар бойынша Қазақстанмен бірлесе жұмыс атқаруға дайын», - деді Ф. Олланд.

Айтпақшы, бұған дейін Қазақстан-Француз байланысы негізінен энергетика саласында өрбісе, ендігіде бұл байланыс әртараптандырылатын болады. Соның ішінде мәдени-рухани байланыстар, білім және ғылым саласының ынтымақтастығы. Бұл ретте Француз Президентінің Қазақстанға сапары аясында ресми түрде ашылатын Алматыдағы Сорбонна институтының филиалын атасақ та болады. «Білім беру саласындағы ынтымақтастыққа келсек, Қазақстан жоғары оқу орындарын дамытуға мүдделі, ал біз өз тарапымыздан бұны қолдауға дайынбыз. Осы бағытта альянс құрып, аса жоғары деңгейде ынтымақтастық жүргізуге де әзірміз. Бұл ретте дипломдарды, университеттік деңгейлерді өзара мойындау, Қазақстанның жоғары оқу орындарымен университеттераралық өзара байланыс мәселесін тереңдетуге әзірміз. Ал қол қойылған келісім ғылыми зерттеулер, университеттердің ынтымақтастығын дамытады», - деді Франсуа Олланд. Сонымен қатар, Франция басшысы ертең Алматы қаласында Орталық Азиядағы алғашқы Сорбонна институтының филиалы салтанатты жағдайда ашылатынын тілге тиек етті. «Менің ойымша, біз осы арқылы Қазақстан мен Францияның басқа да беделді университеттері арасындағы байланысқа жол ашамыз. Осы ретте француз тілін дамытудың жайы да өзекті дегім келеді. Бұл   екі мемлекеттің мәдени ынтымақтастығын тереңдетуге өз септігін тигізер еді», - деді Ф. Олланд.  

Айта кетейік, Ақордадағы келіссөздер қорытындысына сәйкес бірқатар құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Француз Республикасы Орталықсыздандыру және мемлекеттік қызмет министрлігі арасында екі елдің мемлекеттік басқару саласындағы екіжақты ынтымақтастық туралы әріптестік келісімі бекітілді. Бұдан бөлек, ҚР Энергетика министрлігі мен Француз елінің Экология, орнықты даму және энергетика министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісіміне қол қойылды. Сонымен қатар ҚР Инвестиция және даму министрлігі мен ФР Сыртқы істер және халықаралық даму министрлігі арасында тау шаңғысы туризмі саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум бекітілді. Мұнымен қоса екі елдің үкіметтері арасында Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін және ғарыштық аппараттардың құрастырмалы-сынақтық кешенін жасау мен пайдалану шарттары туралы 2009 жылғы 6 қазандағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаға қол қойылды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе