Баспана құнының негізсіз өсуіне жол бермеуді қадағалау керек - Апталық шолу

Былтырғы жылдың аяғында 20 мың теңгелік жаңа банкнот шығатындығы жайында хабарланған болатын. Сонымен қатар бұл банкноттың таралымы шектеулі түрде басылатындығы айтылған еді. Осы аптада Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов теңгенің 20 мыңдық банкнотын шығаруды Ұлттық банк белгісіз мерзімге кейінге шегергенін мәлім етті. «Сіздер білесіздер, 20 мыңдық купюраны шығару әлі ертерек деген шешім қабылдадық. Әзірге алдағы жылдары осы купюраның шығатынын қарастырып отырғаным жоқ. Осыған сәйкес, онда менің қолтаңбам да болмайды», - деді ол.Бұдан бөлек, бас банкир Ақпандағы SMS-шабуылдарға қарамастан халықтың банк жүйесіндегі депозиттерге сенімділігі сақталып отырғандығын алта тартуда. Естеріңізде болса, биылдың басында SMS-шабуылдар салымшыларға едәуір әсер етті. Соның салдарынан депозит жүйесінен кетіп қалған қаржы көлемі 250 млрд. теңгені құрады.

Осыған қарамастан еліміздегі банк секторының тұрақтылығы сақталғанына тоқталған Қ.Келімбетов «Жалпы халықтың банк жүйесіндегі депозиттерге сенімділігі бар. Осы орайда халықтың сенімділігі сақталып, 2014 жылдың басымен салыстырғанда, 1 маусымдағы жағдай бойынша депозиттер 14 пайызға артты», - деді. Яғни, биылғы ақпанда банктердің банкротқа ұшырау мүмкіндігі туралы SMS-шабуылдарға қарамастан өсім болды. «Бүгінде халық банктердің депозиттеріне сенімін жоғалтқан жоқ және депозиттер артып келеді. Осы орайда осындай сенімділік сақталуы үшін мемлекет 2008-2010 жылдары банктерді қолдаумен белсенді айналысқан болатын», - деді Қ.Келімбетов.

Сонымен қатар ҰБ басшысы екінші деңгейлі банктер айналасындағы жаңалықтарға тоқталып өтті. Ол Альянс банк, Темірбанк және Forte bank-тің бірігуі арқылы құрылатын біріккен банктің капитал көлемін айтты. «Болашақта Альянс банк, Темірбанк және Forte bank-тің қатысуымен біріккен банк болады деп күтудеміз. Біздің алдын ала есептеулеріміз бойынша осы банктің капиталы 120 млрд. теңгеден асады», - деді ол.

Оның пайымынша, біріккен банк нарықтағы салмақты жаңа қаржылық ойыншы болуға қауқарлы. Сонымен қатар ол жыл соңына дейін Қазкоммерцбанк пен БТА банктің бірігуі жоспарланып отырғандығын еске салып өтті. Нәтижесінде жаңа банк бірінші немесе екінші орындағы жүйе құраушы болады деп күтілуде.

Бұдан кейін Қ. Келімбетов баспана мәселесі бойынша өзінің пікірін білдірді. Бұл тұрғыда ол EXPO-2017 көрмесіне қарай Астанада баспана құнының артуын болжайтынын жеткізді.

«Әрине, баспана құнында өсім болады. Алайда бұл тұрғыда тұрғын үйдің санаты мен оның орналасуы орны бөлек мәселе», - деді ҰБ басшысы. Қ.Келімбетов баспана құны шамамен қандай деңгейде өсетінін атап өтпеді. Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселеге нарықтың қағидалары ықпал етеді, яғни барлығы сұраныс пен ұсыныстың арақатынасына байланысты болады. «Бізге бірлесе отырып, бағаның қолдан өсуіне жол бермес үшін тиісті қадағалау жүргізу керек», - деді ол.

Атап айтқанда, 2007-2014 жылдары 200 мың адам ипотекалық несиелерді алған екен. ҰБ мәліметінше оның ішінде 30 мың адам ипотекалық несиелерді төлеуге қауқарсыз болып отыр. Сондықтан бұл - банк саласы үшін үлкен мәселе. Қазіргі кезде Ұлттық банк осы бағыттағы проблемаларды шешу үшін тиісті жұмыстарды екінші деңгейлі банктермен бірлесе атқарып жатыр. «Осы мәселенің шешімін тапқан жағдайда оны сіздерге хабарлайтын боламыз. Алайда, бұл проблеманы шешудің жеңіл жолын көріп тұрғанымыз жоқ», - деді ол.

Кешенді тестілеу нәтижесі былтырғы деңгейден жоғары

Өтіп бара жатқан осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде кешенді тестілеу қорытындыларына байланысты өткен брифингке Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев қатысып, тілшілердің бірқатар сауалдарына жауап берді.

Кешенді тестілеуге қатысқандардың 66,29 пайызы ең төменгі шек - 50 балды еңсере алмады.Вице-министрдің сөзіне қарағанда, 19-22 шілде аралығында республиканың 42 оқу орны базасында өткен кешенді тестілеу нәтижесі былтырғыға қарағанда біршама жоғары. Тоқтала кететін жайт, кешенді тестілеу жоғары оқу орындарына түскісі келетін өткен жылдардағы мектеп бітірушілерге және кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының, колледждердің түлектеріне арналады.

«Кешенді тестілеуге қатысуға 87 мың 60 өтініш берілген, олардың ішінде 84 мың 496 түлек тест тапсырды. Соның нәтижесінде кешенді тестілеудің төменгі шегін (50 балл) 56 мың 17 талапкер еңсере алмаған, бұл 66,29 пайызды құрайды. Бұнымен қоса, шығармашылық емтихан тапсырғандардың да бар екенін ескерсек, онда ең төменгі шекті еңсере алмағандар саны 57 мың 759 адамды құрайды және бұл 56,52 пайызға тең», - деді Т. Балықбаев.

Шығармашылық емтихан тапсырғандарды қоса есептегенде шамамен 44 пайыз түлек кешенді тестілеуді табысты еңсерген. Олар жоғары оқу орындарына түсуге үміткер бола алады.

Айта кетейік, 23 шілдеден бастап 31 шілдеге дейін Қазақстан жоғары оқу орындарының білім гранттарына өтініштер қабылдау басталды. Соған орай, ұлттық бірыңғай тест пен кешенді тест тапсырған талапкерлер білім грантын алуға өздері өтініш беретін болады.

Еске сала кетсек, биылғы жылы мемлекеттік тапсырыстың көлемі 34 мың 165 грантты құрайды. Оның ішінде күндізгі оқыту нысаны бойынша 31 мың 135 грант болса, қысқаша оқыту гранты - 500, дайындық бөліміне 2530 грант бөлінген. Осы гранттар 31 шілдеге дейін өтініштерін тапсырған талапкерлер арасында республикалық конкурс арқылы айқындалады. «Бүгінгі таңда гранттың ең көп бөлінген бағыты техникалық ғылымдар - 12 мыңнан астам. Сонымен қатар, гранттағы 5864 орын - педагогикалық мамандықтарға, 2650 орын ауыл шаруашылығы және ветеринария мамандықтарына бөлініп отыр», - деді Т. Балықбаев.

Қазақстан - мәдениетаралық диалогтың көшбасшысы

Бұл аптада елордада ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақаралық І кеңесі өтті. Шараға ЮНЕСКО-ның барлық бес өңірлік топтарынан, атап айтқанда, Араб мемлекеттері, Азия және Тынық мұхиты, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен 125 мемлекеттің ұлттық комиссияларының өкілдері, сондай-ақ ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбеков қатысты.

Кеңес аясында Қазақстанның 8 тарихи нысаны ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралары тізіміне енгізілді «Табанды жұмыстарымыздың негiзiнде ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралар тiзiмiне елiмiздiң үш тарихи ескерткiшi енгiзiлген болатын. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесi, Тамғалы петроглиф археологиялық тас кешенi, Сарыарқа және Солтүстiк Қазақстан көлдерi мен жазықтары, Қорғалжын және Наурызым қорықтары. Биыл олардың қатарын тағы да 8 тарихи нысан нақтырақ айтқанда, Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген, Талғар және Жамбыл облысындағы Ақтөбе Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек толықтырып отыр. Елiмiздегi осындай жәдiгерлердiң әлемдiк мәдени құндылықтар қатарында дүниежүзiлiк мұралар тiзiмiне енуi тұтас халқымыздың арман-тiлегi мен риясыз пейiлiнiң көрсеткiшi деп бiлемiн», - дедi шара барысында И.Тасмағамбетов.

Сонымен бірге, елорда әкімі адамзатқа ортақ руханиятты барынша жақындастырып, әлемдiк тұлғалар есiмiн таныстыруда «Атаулы даталар күнтiзбесi» жобасының айрықша орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, ЮНЕСКО күнтiзбесiне Қазақстанның төл тарихына, ұлттық тұлғаларына қатысты мерейтойлық даталар енгiзiлген. «Бұл әрине, бiрiншi кезекте әлем елдерiне ұлттық әдебиетiмiздегi жауһар туындылармен сусындауға мүмкiндiк беріп отыр. Осы арқылы жаһан жұртшылығы қазақ халқының мәдениетiмен, тарихымен танысуда», - деді И. Тасмағамбетов.

Өз кезегінде ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Эрик Фальт Қазақстан дінаралық және мәдениетаралық диалогтың көшбасшысы екенін қадап айтты. Сөз арасында Ұйым өкілі ЮНЕСКО Бас директоры Ирина Бокова атынан Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа алғысын жеткізді. Сонымен қатар, ол Қазақстанның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясына тұңғыш кеңесті ұйымдастырғаны үшін шынайы ризашылығын білдірді. «Юіз ЮНЕСКО миссиясын ілгерілетуде Қазақстанның қосып отырған үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан халықаралық қауымдастық үшін мәдениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілету бағытындағы стратегиялық құрылымды қамтамасыз етуде аса маңызды рөл атқарады әрі осы үдерістің негізгі көшбасшыларының бірі», - деді Э.Фальт.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе