«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне батысқазақстандық университет бірнеше жобамен қатыспақ

ОРАЛ. 27   «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті атынан бірнеше технологиялық жобамен қатысқымыз келеді.Бұл туралы аталмыш университеттің машина жасау факультетінің деканы, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академияның корреспондент-мүшесі Сәрсенбек Монтаев мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта өндірілетін электр және жылу энергиясы қыста ғимараттар мен тұрғын үйді жылытуға, жазда керісінше оны төмендетуге жұмсалады. Бұл мәселені қазіргі заманғы жылу оқшаулағыш материалдарды пайдалану арқылы шешуге болады. Сондықтан бес жыл бұрын құрамында БҚАТУ-дың оқытушы-ғалымдары, магистранттары, студенттері бар команда осы бағытта шешім табуға ізденді, еңбектенді.  Соның нәтижесінде жаңа жылу оқшаулағыш көбікті әйнек материалының технологиясы жасақталды. Қазақстанда, соның ішінде Батыс Қазақстанда кең таралған кремнийлі, карбонатты жыныстарды қолдана отырып, түсінікті тілмен айтқанда, бор мен әйнектің негізінде мықты, отқа жанбайтын, жылу өткізгіш, экологиялық жағынан таза, дымқыл тартпайтын қасиетіне қарай пайдалану мерзімі ұзақ болатын ерекше материал жасауға қол жеткізілді. Бүгінде жылу сақтағыш материал ретінде құрылыста қолданылып жүрген пенопласт пен әйнекмақтаның осалдығы (стекловата) белгілі болды. Мысалға, пенопласт 10 жылдан кейін өз-өзінен бұзыла бастайды, 200 градустан жоғары температурада балқи бастайды әрі ауаға улы заттар бөледі. Әйнекшыны құрғақ күйінде жылуды жақсы сақтағанымен, ауадағы дымқылды сорады, жаңбыр тигенде, мүлдем жарамсыз болып қалады.

Көбікті әйнектің плита түрін ғимараттың сыртын қаптауға пайдалануға болады. Мұндай материал елімізде өндірілмейді. Жаңа материалдың зертханалық үлгісі жасалып,  сынақтан өткізілді, инновациялық патент алынды. Аталмыш жоба бірнеше халықаралық конкурстардың  жеңімпазы болып, халықаралық ғылыми қауымдастыққа танылды. Біріккен Араб Әмірліктерінен көбікті әйнекті өндіріске енгізуге ұсыныс түсті. Алайда жоба жергілікті инвесторларға, өзіміздің тауар өндірушілерге беру үшін сақталуда. Қазір жобаның құжаттары ҚР Білім және ғылым министрлігінде инновациялық жобалардың конкурстық комиссиясына сараптамаға тапсырылды.

Энергия сақтағыш жаңа құрылыс материалдарының технологияларын жасақтау - ғылыми ізденістердің  сұранысқа ие болып отырған бағыттарының бірі. Сонымен қатар жасанды қиыршық тас, тиімді қабырғалық керамикалық материалдардың технологиялары жасақталды. Бүгінде құрылыста құрастырмалы және монолитті көпқабатты ғимараттардың, үйлердің құрылысына полимерлі және талшықты жылу сақтағыш материалдардан тұратын үш қабатты қабырғалық құрастырмалар қолданылады.  Олардың бірқатар кемшіліктері бар және бағасы қымбат әрі пайдалану мерзімі ұзақ емес. Сондықтан ондай тиімсіз материалдың орнына қабырғалық керамикалық материалды пайдалану ғимаратты жылытуға кететін шығынды 2-2,5 есеге азайтып, жылудың сақталуын арттырады. Ал, жасанды қиыршық тас батыс өңіріндегі сапасыз жолдарды жөндеуге септігін тигізері анық.

«Көрменің тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталатындықтан, осындай бірнеше жылу сақтағыш құрылыс материалдары технологияларын халықаралық көрмеге апарып, әлемге танытсақ деп жоспарлап отырмыз», деді С.Монтаев.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе