Астанада «Болашақ бүгіннен басталады: ЕХРО-2017 Астана» атты әдістемелік құралдың тұсауы кесілді

Бүгін Астанадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайында «Болашақ бүгіннен басталады: ЕХРО-2017 Астана» атты әдістемелік құралдың тұсаукесері болды.

Жинақты «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ ҚР Тұңғыш Президенті мұражайымен және Астана қаласының білім басқармасымен бірлесе отырып әзірлеген.

«ЕХРО-2017»  халықаралық мамандандырылған көрмесі тәуелсіз Қазақстанның тарих бетіндегі ең жарқын жетістігіне айналмақ. Әдістемелік құрал педагогтарға Астанада ЕХРО көрмесінің өткізілуі туралы әңгімелеген кезде оқушыларға түсінікті әрі қызықты етіп жеткізуге көмектеседі. Кітапта ЕХРО көрмелерінің тарихы туралы материалдар, сондай-ақ  Қазақстанның елордасында Халықаралық мамандандырылған көрмені өткізуге дайындалу туралы сабақтар жинағы ұсынылған. Сабақтар семинарлар мен конференциялар, дөңгелек үстелдер, саяхаттау сабағы, байқаулар мен жарыстар, дәрістер мен ғылыми жобалар секілді сан алуан түрде өткізіледі», - деп атап өтті баспасөз мәслихаты барысында «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ маркетинг және ілгерілету департаментінің директоры Әсел Қожақова.

Сонымен қатар, кітаптың жеке тарауында елорда оқушылары мен студенттерінің баламалы энергия көздерін пайдалану туралы жобалары ұсынылған. Сондай-ақ, басылымға әлемдік ауқымды көрмені өткізуге лайық деп танылған Қазақстан елордасының қалыптасу және даму тарихын жүйелі түрде оқытуға бағытталған «Астанатану» курсының материалдары енгізілген.

Кітапқа енген материалдар қазақ және орыс тілдерінде жазылған және көпшілік оқырман қауымға,мамандар мен оқытушыларға арналған. Жинақ оқушылардың әрқайсысының көрмені өткізуге тікелей қатысы бар екенін сезіндіруге, олардың бойында өз туған еліне деген мақтаныш сезімін және өскелең ұрпақтың азаматтық болмысын қалыптастыруға бағытталған.

«Әдістемелік құрал - ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы мен Астана мектептері қатысып отырған тұңғыш ортақ жобамыз. Сонымен қатар, Көрмелердің халықаралық бюросы біздің педагогтарымыздың еңбегіне жоғары баға беру арқылы басылымды дайындауға өз үлесін қосты. Әдістемелік құрал Астананың мектептерінде ғана емес, сонымен бірге, Қазақстанның басқа өңірлеріне де таратылады. Біз ЕХРО көрмесіне дайындық жұмыстарына бүкіл елдің белсенді қатысатынына үміттіміз», - деп атап өтті Ә. Қожақова.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе