Мобильді қосымша жасауды кәсіп еткен жастар көбейіп келеді

Мобильді қосымшалар нарығы әлем бойынша ғаламат қарқынмен дамып жатыр. Қосымшалар жасау үлкен қаражат әкелетін шығыны аз стартаптардың бірі. Барлығымыз да Clash of Clans ойнын жасап, әлемдік танымалдылыққа ие болған Supercell финляндиялық стартаптың жеткен керемет жетістіктерін білеміз. Небәрі алты адамнан тұратын компания үш жылда 3 млрд. АҚШ доллары тұратын алып компанияға айналды. Supercell компаниясы жарнамадан тыс күн сайын Clash of Clans ойыны барысында болатын ұсақ сатып алулардан 5 миллион доллар пайда көріп отырды. Қазақстанда ондай жетістікке жету неғайбыл деп айтуларыңыз мүмкін, дегенмен қазақстандық мамандар отандық нарықтың да әлеуеті зор деп отыр. «ҚазАқпарат» агенттігі осы саланың майын ішкен сарапшылармен тілдесіп көрген болатын.Zero To One Labs & nFactorial Incubator компаниясының негізін қалаушы Арман Сүлейменов Қазақстанда әлемдік деңгейдегі 10 мың бағдарламашыны дайындап, жаһан бойынша миллиондаған тұтынушы қолданатын мобильді өнімдерді шығаруды мақсат етіп отыр. 2015 жылдың мамыр айынан бастап, Арманның компаниясы 110-ға тарта мобильді қосымша жасады және 200-ге тарта инженер мен дизайнер дайындап шыққан («Intellection» компаниясымен бірге).

«Қазіргі уақытта менің командамда 20 адам бар. Өзім бағдарлама жасақтауға жиі араласа бермеймін, ең алғашқы қадамымды 15 жаста жеке сайттарымды жасаудан бастағанмын», - дейді ол. 

Оның сөзінше, iOS және Android платформасында бір қосымша жасау үшін 21 мың АҚШ доллары кетеді.

«Менің командамда бір қосымшаны 7 адам 3 ай бойы жасайды. Олардың орташа жалақысы 1 мың АҚШ доллары екенін ескерсек, бір қосымшаны iOS және Android платформасында жасауға 21 мың доллар шығындалады», - дейді Арман Сүлейменов. 

Бүгінде Арман өз командасымен бірге екі жобаны қолға алып отыр. Біріншісі - nFactorial Incubator деп аталады, оның аясында жас бағдарламашылар АҚШ-тағы атақты Кремний алабында 12 апталық жазғы мектептен өтіп, App Store/Play Market платформаларында өз өнімдерін жасауға мүмкіндік алады.

Екіншісі - Imbra қосымшасы. Ол кез келген адамның танымал қазақстандық және ресейлік жұлдыздардан бейне-құттықтау алуына мүмкіндік береді. Ресми іске қосылған күннен бері, 4 айдың ішінде қосымша арқылы , 1,3 миллион теңгеге 92 бейне-құттықтау жолданған. Қосымша сәтті іске қосылды десе де болады. 70-ке тарта жұлдыз жазылған. Ресейлік нарыққа шығуға алғашқы қадам жасалды - Александр Ревва қосымшаға жазылды. 

Дегенмен отандық жасақтаушылар қосымшаларын монетизациядан өткізуді ойлап та жүрген жоқ.

«Біз белгілі бір өнімнен ақша табу мақсатын нақты қойған емеспіз, біз бірегей әрі қызық дүние жасағымыз келеді. Әзірге біз аудиторияны өзімізге қаратып жатырмыз. Бұл бірақ қосымшадан пайда көруге болмайды деген сөз емес. Барша әлемде осы саладан қыруар ақша тауып жатыр, Қазақстан да солардың қатарында», - дейді «Intellection» компаниясының жетекшісі Бақытжан Байжикенов.

Бақытжан Байжикенов - информатикадан халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері. Ол Кремний алабында, әлемге танымал imo.im компаниясында қызмет етті. Аталмыш компания imo атты бейнеконференц-мессенджер қосымшасын жасап, үлкен жетістікке жеткен.

«Мен әлемдік деңгейдегі IT-компанияларда үлкен тәжірибе ала отырып, мен Қазақстанға оралуды, өз елімде отандық IT-индустрияны дамытуды армандадым. Қазақстанда үлкен әлеует барына сенемін. Біздің елде талантты жастар жетерлік», - деп есептейді ол.

Оның компаниясы жасақтаған қосымшалар адамдарға түскі ас пен бизнес-ланчтарға тапсырыс беруге, Қазақстан жаңалықтарын оқып, қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Intellection» - бұл ағартушылық жоба. Оның студенттері 150-ден астам мобильді қосымша жасап шықты. Кейбір оқушылар өзінің жеке бизнесін ашты. Кейбірі оқытудан соң, жұмысқа орналасты.

«Мобильді қосымша жасақтауды көп адам үйренгісі келеді. Бізге түрлі тәжірибелері бар адамдар келеді. Олардың бірі тіпті ештеңе білмейтін болса, екіншісі осы саланың кәсіби шебері. Біздің оқушылар үшін бұл өз кәсібін өзгертуге, мобильді қосымша жасақтаушысы болып қайта мамандануға және біліктілігін жоғарылатуға жақсы мүмкіндік», - дейді Бақытжан Байжикенов.

App Annie болжамы бойынша, 2017 жылы мобильді қосымшаларға кететін жалпы шығын 166 млрд. доллар болады деп күтілуде. Тұтынушылар мобильді қосымшалар дүкендерінде жалпы көлемі 65 млрд. теңге қалдырмақ. Мобильді ойындар кірістің негізгі бөлігін алады деп болжануда. Дегенмен мультимедиа алмасу қосымшаларының қарқыны жылдамырақ өседі.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе