Бейжіңде Абайдың туғанына 170 жыл толуы аталып өтті (ФОТО, ВИДЕО)

Қытайдағы қазақ студенттері Абай Құнанбайұлының туғанына 170 жыл толуына мерекелік кеш ұйымдастырды.Қытайдың ұлттар мұражайы сарайында Абайдың өлеңдері мен қара сөздері орындалып, әндері шырқалды, жиынға қатысқандар ұлы ақын және ойшыл Абай өмірі туралы сұрақ-жауап ойынына қатысты.

«Абай мұрасы - қазақ халқының рухани қазынасы, ол ақын, музыкант, философ, әдебиетші болды. Біздің жастарымыз білімге ұмтылуы, Абай тағылымын зерделеуі тиіс», - деді кеш қонағы, белгілі жазушы Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңестің мүшесі Акбар Мәжит.

Дүниежүзілік күрес федерациясының мүшесі, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі құрамасының жаттықтырушысы Айдархан Қабылдоллаұлы өзінің 1995 жылы Қазақстанда өткен Абайдың 150 жылдығын мерекелеуге қатысқанын еске алды. «Сол кезде Қазақстанның экономкалық жағдайы күрделі болса да, ел әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар шақырып, Абайдың 150 жылдығын жоғары дәрежеде өткізді», - деді ол.

Қытай Орталық радиосының дикторы Балапан Рабат қазақстандық журналистерге берген өзінің сұхбатында Абай еңбектері мен идеяларын тарату және оны жүзеге асыру қазақ халқын және оны мәдениетін ойдағыдай сақтап қалудың міндетті шарты деген пікірін жеткізді. «Бізге темір жолдар, сауда және экономиканың басқа да аспектілері қажет шығар, бірақ та біз рухымызды жоғалтсақ, халық болып қала алмаймыз», деп атап көрсетті ол.

«Біз студент болсақ та, Абай өсиеттерін ұстанамыз, Абай бүкіл қазақ халқының ұлы ақыны», - тілшісіне сұхбатында Қытайдағы қазақ студенттері бірлестігінің төрағасы Қайшаннұр Қызыр.

ҚХР телеграф және почта университетінің даярлық курсының студенті Айбын Ерболұлы салтанатты кешке ақынның данышпан ойлары жазылған картиналар мен плакаттарды әзірледі. «Абай қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлемнің көрнекті ойшылдарының бірі, оның өмірі мен шығармашылығы - бүкіләлемдік мұра. Бұл шара менің біздің халқымыз үшін мақтанышымды арттырды», - деді тілшісіне сұхбатында.

Еске сала кетейік, Қытайдағы қазақ студенттерінің бірлестігіне қазақ диаспорасы өкілдерінен 15 мыңнан астам ҚХР азаматтары кіреді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе