Алматыда ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының курсанттары Отан алдында ант қабылдады

АЛМАТЫ.  ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара қызметі академиясының саптық алаңында биыл ғана оқуға түскен 200-ден астам бірінші курс курсанттары Отан алдында әскери ант қабылдады. Күн салқын болса да бүгінгі салтанатты рәсімге өте көп ата-ана жиналды. Олардың ішінде қарттар да, тіпті сәбилерін көтеріп келгендер де болды.  Шекара қызметі академиясының қақпасы ашыла салысымен алға ұмтылған олар, ұлдарын жақсылап көру үшін, ыңғайлы орын іздеп, саптық алаңның біресе ана шетіне біресе мына шетіне жүгіріп шарқ ұрып жатты. Толқып, көздеріне жас алғандар да болды. Әдеттегідей, алаңға Шекара қызметі академиясының жеке құрамы мен әскери оркестрі сап түзеп шықты. Кейін алаңға салтанатты түрде аталмыш әскери жоғары оқ орнының жауынгерлік туы шығарылды. Бұдан соң, ата-аналар мен шекара қызметі ардагерлерінің құрметіне мерекелік бағдарлама қойылды. Ең алдымен Шекара қызметінің мото-маневрлік десанттық шабуылдаушы «Боран» тобының әскери қызметшілері автоматтан оқу жаудыра отырып, қоян-қолтық ұрыс жүргізудің неше түрлі ұтымды әдістерін көрсетті. Құлақ тұндырған атыстан кейін, өнерпаз курсанттар тамылжытып «Жасыл фуражка» әнін шырқады. Артынша, алаңға сап түзеп шыққан бірінші курс курсанттары алдында сөз сөйлеген Шекара қызметі академиясының бастығы, полковник Павел Поливанов  жас отан қорғаушыларға әскери анттың маңыздылығын ұғындырды.«Әскери қызметке келген Қазақстанның әрбір азаматы Отан алдында әскери ант қабылдайды. Бұл көнеден келе жатқан әскери дәстүр. Ел басына күн туғанда ата-бабаларымыз өз халқының батыр қорғаушылары болуға ант ететін болған. Бүгінгі сапта тұрған бірінші курс курсанттары алдында тұрған басты міндет  ол, аға ұрпақтың қалдырып кеткен бай мұрасын сақтап қалу. Әскери антқа және борышқа адал болу, сондай-ақ әскери намысты, абыройды сақтау», - деді полковник П. Поливанов. Сонымен қатар ол,  қазір әлемде болып жатқан әр түрлі күрделі жағдайлардардың отан қорғаушылар алдына жаңа талаптар қоятындығын жеткізді. «Тек Орталық Азия ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқан әр түрлі қарулы қақтығыстар, саяси және діни экстремизмнің таралуы ұлттық қауіпсіздік органдарына жаңа талаптар қояды. Бұл талаптарды орындау үшін әрқайсыңыз әскери білімді толыққанды меңгеріп, тәртіптіліктің үлгісін танытып, шекарашылардың әскери даңқын қадірлеп, бағалай біліңіздер», - деді полковник П. Поливанов. Бұдан кейін, Шекара қызметі академиясының бастығы ант қабылдауға бұйрық берді. Әскери ант қабылданып болған соң, полковник П.Поливанов курсанттарды құттықтады. Салтанатты рәсімнің соңында ұлттық әнұран орындалды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе