Алматыда Шекарашылар күні аясында РФ әскери жоғары оқу орындарына түскен 30-дан астам курсант әскери ант қабылдады

Бүгін 18 тамыз - Қазақстанда Шекарашылар күні. Осы күні 1992 жылы Елбасының Жарлығымен  елімізде Шығыс шекаралық округінің базасында Шекара әскерлері құрылған болатын. Осылайша, биыл ҚР ҰҚК Шекара қызметінің құрылғанына 24 жыл толып отыр. Дәстүр бойынша, бүгін Алматыда Шекарашылар күнін атап өту - ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясында оқуға енді ғана түскен курсанттардың әскери ант қабылдау рәсімінен басталды.Бұл жолы биыл ғана Ресей Федерациясының әскери жоғары оқу орындарына жолдама алған 30-дан астам қазақстандық курсант Отан алдында әскери ант қабылдады. Шекарашылар күніне тұспа-тұс келген мерекеге болашақ шекарашы офицерлердің ата-аналары мен туған-туыстары қатысты.

Салтанатты рәсімде академия бастығының бірінші орынбасары полковник Шалқар Асқаров сөз сөйлеп, барша шекарашыларды төл мерекесімен  құттықтады. Шекара қызметінің тарихына қысқаша тоқталып,  әскери анттың маңыздылығын айтты. Содан кейін, ант қабылдау рәсімі басталды.

Ресей Федерациясының әскери оқу орындарына оқуға түскен қазақстандық шекарашылардың арасында жалғыз қыз - мектеп қабырғасын биыл ғана бітірген 17 жастағы астаналық Альфия Балтабаева да бар. Бұл Қазақстанның Шекара қызметі тарихындағы  алғашқы жағдай. Альфия Ресейдің медициналық әскери оқу орындарының біріне оқуға түскен. Елге әскери медицина маманы болып оралады.  Айта кетелік, Альфия әскери адам болуды кішкентайынан армандаған екен. Оның үстіне, қыздың әкесі Махаббат Балтабаев Шекара қызметі саласында әскери медицина маманы болып қызмет атқарады.

Айта кету керек, осы жолы ант қабылдаған шекарашылардың басым бөлігі көрші елдің Калининград шекара институтына барады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе