Ақтауда «Студенттер көктемі» IV республикалық фестивалі өтті

АҚТАУ. 23 cәАқтау көлік колледжі өткен жылы Астанада М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының филиалдары бас қосқан фестивальден бас жүлдені алып қайтқан болатын.Фестивальдің шарты бойынша жеңімпаз атанған Ақтау көлік колледжінің биылғы ұйымдастырып отырған республикалық фестиваліне  Астана мен Алматы, Ақтөбе мен Шымкенттен арнайы қонақтар келіп, көлік колледждерінің басшылары және әр өңірден келген 100-ден астам студенттер қатысты.  

Шараның алғашқы күнінде  «Көлік саласындағы жаңа технологиялар» атты ғылыми практикалық студенттер конференциясы өтті.

Онда студенттердің құрастырған модельдері мен макеттері таныстырылды. Ақтау көлік колледжінің студенті Азамат Құрманов «Ақтау қаласындағы №3 жолаушылар тасымалына арналған автобус маршрутының тиімділігін арттыру» тақырыбында макетін ұсынса, «31-32 шағын ауданда орналасқан Ақтаудың темір жол вокзалының» жаңа жобасын Ринат Бекмұханметов таныстырды.

«Қаладан қашықта орналасқан Маңғышлақ вокзалына қатынау халық үшін қиын. Уақыт үнемдеп, халыққа тиімді болуы үшін 31-32 шағын ауданнан Ақтау вокзалы болуы керек. Осы бағытта біз жетекшімізбен ақылдасып, жобамызды дайындап алып келдік», - дейді Р.Бекмұханметов.

Конференция барысында студенттер көлік саласында тың жаңалықтар ашу, көлік саласындағы экологиялық және әлеуметтік өзекті мәселелер бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу тақырыптарында дайындаған баяндамаларымен таныстырды.  

«Ел экономикасы үшін қажетті ұсыныстар жасап, баяндамалар дайындапсыздар. Елге пайдасы тиетін, нәтижелі жұмыстар болғай. Облысымыздың көрсеткішін көтеруде Ақтау көлік колледжінің  үлесі зор. Мұнда 259 студент грант бойынша білім алуда»,-деп атап өтті конференцияда сөз алған облыстық білім басқрамасының бастығы Динара Жұмашева.  

Конференциядан кейін Ұлы Отан соғысының 67 жылдыған арналған әскери-спорттық спартакиада өтті. Онда әркім өз еркімен ортаға шығып, кір тасын көтеруден, қол күрестен күш сынасып, автоматты шашып, қайта жинады. Команда болып бөлініп футбол ойнады.

«Бүгінгі студент - ертеңгі кәсіп иесі. Ал, оларға патриоттық тәрбие беру, салауатты өмір сүруге дағдылау, ғылым жаңалықтарынан да хабардар ету, жастардың жеке дамуы үшін жағдайлар жасау-фестивальдің негізгі мақсаттарының бірі саналады. Фестиваль аясында өтетін іс-шаралар студент жастардың ғылыми-зерттеу, әскери-спорттық және шығармашалық қызметтерін арттыруға бағытталды. М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік коммуникациялар академиясы колледждерінің әкімшілігі студент-жастардың бос уақытын тиімді  ұйымдастыру мақсатында  жыл сайын дәстүрлі «Студент көктемі-2012» республикалық фестивалін ұйымдастырып, еліміздің өркендеуіне үлес қосатын білікті, жан -жақты азаматтар тәрбиелеуде»,-дейді Ақтау көлік колледжінің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Роза Кезбаева.

Фестивальдің қорытындысында «Каспий достарын шақырады» тақырыбында көркем өнерпаздар байқауы өтті. Байқау барысында жан-жақтан келген өнерпаздар ән салып, би билеп, күй тартып, театрландырылған көрініс көрсетіп, өнерлерін ортаға салды. Жоғары дайындығымен көзге түскен Ақтөбе өнерпаздары бірінші орынды, Астана мен Ақтау екінші орынды, Алматылықтар үшінші орынды иеленді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы жылы фестиваль Шымкентте өтпек.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе