Оралда «Жайық өзені алабындағы ортағасырлық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» атты халықаралық ғылыми конференция өтуде

ОРАЛ. 21 Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында 21 қыркүйек күні «Жайық өзені алабындағы ортағасырлық қала мәдениеті және көшпенділер өркениеті» атты халықаралық ғылыми конференция басталды.Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев тарихтың белгісіз беттерін қалпына келтіруде мұндай шаралардың маңызы зор екендігін атап көрсетіп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Пленарлық отырыста ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Карл Байпақов (Алматы қаласы) «Әлемдік мәдени мұра тізіміндегі Ұлы жібек жолының сериялық номинациясы» тақырыбында баяндама жасаса, Мәскеуден келген тарих ғылымдарының докторы, профессор, РҒА археология институтының бөлім меңгерушісі Марина Мошкова «Лебедевка оба кешеніндегі соңғы сармат жерленімі» төңірегінде сөз қозғады. Тағы бір мәскеулік, тарих ғылымдарының докторы, РҒА этнология және антропология институтының аға ғылыми қызметкері Эмма Зиливинская «Алтын Орда қалалары: шығыс пен батыс аралығы» жайында айтса, өзен алабындағы және жағалау аймақтардағы дала аудандарының клмиаттық өзгерістеріне бейімделу және табиғат ресурстарын кешенді басқару бойынша сарапшы, Еуропалық одақтың консультанты Босх Рикс (ПРООН, Нидерланды) «Дала ресурстарын тиімді пайдалану: Орта Азия қалаларының сауда саясатынан және климаттық өзгерістерден бастап көші-қон және даму мәселелеріне дейін» ой өрбітті. Батысқазақстандық белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сыдықов «Жайық өзені бойындағы Алтын Орда кезеңінің қалаларына» тоқталды.

Конференция барысында жан-жақтан келген басқа да ғалымдар сөз алып, секциялық отырыстарға жалғасты.

22 қыркүйек күні конференцияға келгендер Орал қаласы іргесіндегі «Жайық» қалашығын көзбен көріп, далалық семинарға қатыспақшы. Шара осы күні қорытындыланады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе