Алматы мен Қытайдың Хубэй провинциясының өзара ынтымақтастығы нығая түспек

Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Хубэй (Қытай) провинциясы Коммунистік партия комитетінің хатшысы Ли Хунчжун мырзаны қабылдады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.Кездесу барысында оңтүстік астананың басшысы Қазақстан мен Қытай арасында жоғары деңгейде стратегиялық әріптестік орнағандығын жеткізді.

«Биыл маусым айында Қазақстан Президенті мемлекеттік іссапармен Қытайда болып қайтты. Осы сапар барысында Елбасы Алматы қаласын жаңа «Жібек жолының» орталығына айналдыру туралы идеяны алға тартты. Бұл - екі ел арасындағы қарым-қатынасқа жаңа серпін берер еді», - деді өз сөзінде Ахметжан Есімов.

Алматы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2013 жылы 35 пайызға ұлғайып, 5,5 млрд. АҚШ долларын құрады. Ал 2014 жылдың алғашқы тоқсанында тауар айналымының көлемі 1 млрд. 63 млн. АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға артық.

Алматы қаласының әкімі осы мәліметтерді айта келе, қалада туристік кластердің дамып жатқандығын және ол үшін барлық жағдайдың жасалғандығын жеткізді.

Өз кезегінде Ли Хунчжун мырза Қытай делегациясының Алматыға келудегі мақсаты - екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту екендігін ерекше атап көрсетті. Сондай-ақ Қытайдың Алматы қаласына ерекше көңіл бөлетіндігін және Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалайтындығын айта келе, өзара тиімді әріптестікті экономика және сауда саласында ғана емес, туризм және білім беру саласында да дамытуды ұсынды.

Кездесу соңында тараптар жан-жақты ынтымақастықты одан әрі дамыту бойынша арнайы Келісім дайындауға келісті.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе