Қазақстандық курсанттар АҚШ-тың Вест-Пойнт әскери академиясына аттанды

Қазақстан Республикасының Қарулы күштері Құрлық әскерлері Әскери институтының тоғыз курсанты АҚШ Құрлық әскерлерінің Вест-Пойнт әскери академиясына олардың күнделікті тыныс-тіршілігі, оқыту бағдарламасы, дене және жауынгерлік даярлығымен етене танысу үшін аттанды.Бұл туралы ҚР ҚМ баспасөз қызметі хабарлады.

Мұндай сапарлар қорғаныс ведомстволарының ынтымақтастығы шеңберінде жыл сайын ұйымдастырылады және екіжақты сипатқа ие. Осы жылдың маусымында Вест-Пойнттың тоғыз курсанты біздің Құрлық әскерлерінің Әскери институтында болып қайтты. Болашақ офицерлер үшін мұндай сапарлар үлкен тәжірибе болып саналады. Олар өзге елдерден келген қатарлас құрдастарымен танысады, болашақ әріптестерімен достық байланыс орнатады, әлемдік тәжірибені, әскери мамандарды оқыту және даярлаудың халықаралық бағдарламаларын зерделейді.

             Таяу және алыс шетелдің әскери жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жасау әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруде, Қазақстан Қарулы күштерін құру мен сапалы дамытуда ерекше рөл атқарады.

             Бүгінде өздерінің өмірін әскери мансап және әскерде қызмет етумен байланыстыратын офицерлеріміз бен курсанттарымыз қазақстандық жоғары оқу орындарымен қатар Ресей, Беларусь, Украина, Үндістан, Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай және Ұлыбританияның әскери оқу орындарында оқуға мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда 400-ден астам қазақстандық әскери қызметші шетелде білім алуда.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе