Алматыда Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Қуаныш Маскеевтің 80 жылдық мерейтойы аталып өтуде

АЛМАТЫ. 15   - Бүгін Алматыда С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде  медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Қуаныш Мүбаракұлы Маскеевтің80 жылдық мерейтойы құрметіне арналған салтанатты конференция болып өтті.

Шараға ҚР ҰҒА академиктері Камал Ормантаев, Алшынбай Рақышев,  С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы,   мерейтой иесінің достары мен әріптестері қатысты. Салтанатты шараға қатысушылар конференция барысында ғалымның Қазақстан ғылымына, медицина университетінің дамуына сіңірген еңбектерін (1975-1987жж. университет ректоры) атап өтіп, мерейтойымен құттықтады. 

«Университеттің барлық материалдық-техникалық базасын университетіміз қазіргі күнге дейін пайдаланып келеді - бұл Қуаныш Мүбаракұлының еңбегі. Бұл университет үшін әлі ешкім Маскеев атқарғандай  істерді жасаған жоқ...», -деп атап өтті ҚазҰМУ-дің ректоры Айқан Ақанов конференция барысында. 

Қуаныш Маскеев  1932 жылы 12 ақпанда туылған. Фтизиатр, медицина ғылымдарының докторы (1972), профессор (1974), ҚР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер (1981), академик (1995) және ҚР Жаратылыс ғылымдары академиясының вице-президенті (1996 жылдан бастап). 1955 жылы ҚазММИ-дің емдеу ісі факультетін тәмамдаған. 1964-1975 жылдары КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің Алма-Ата дәрігерлердің білімін жетілдіру институтында ассистенті, доцент, туберкулез кафедрасының меңгерушісі және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарған. 1972 жылы докторлық диссертациясын қорғады.  Ал 1975 жылы АММИ ректоры қызметіне тағайындалды, осы қызметті 1987 жылдың сәуір айына дейін атқарды. Осы аралықта оның басшылығымен университетте оқу-әдістемелік орталық және ақпарат зертханасы ұйымдастырылды, оқыту процесін компьютерлендіру және лингафонизациялау басталды, шетелдік студенттер үшін факультет ашылды, көптеген кафедралар қайта жабдықталды, техникалық құралдар мен кітапхана қоры екі есеге арттырылды, институт мұражайының іргесі қаланды, 38 доктор және 350 ғылым кандидаты, т.б. дайындалды. Материалдық база айтарлықтай күшейді: ректорат ғимараты жөндеуден өтті, аудиторлық корпус, конгресс-холы бар бас оқу  ғимараты, студенттік жатақханалар, емдеу-сауықтыру орны, аспиранттар және клиникалық ординаторлар үйі, балалар бақшасы, барлығы 11 нысан салынды, оның ішінде 2 тұрғын үй бар.

 Қ.М. Маскеевқызмет жолында 177 жұмыс жариялады, оның ішінде: 36 - бүкілодақ бойынша, 7 - халықаралық басылымдарда жарияланды. Оның 3 монографиясы, 1 оқулық, 3 оқу құралы, 14 әдістемелік ұсынысы басылып шықты. Ол өнертабысқа 3 авторлық куәлік алған. Ғалым 13 кандидатты  және 2 ғылым докторын дайындаған. Сондай-ақ, оның редакциясымен фтизиатрия және пульмонология саласы бойынша 5 ғылыми жинақ шығарылды.

Қуаныш Мүбаракұлы Маскеев   Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2 төсбелгімен, ҚР Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен, КСРО  және ҚазКСР ДМ Құрмет грамоталарымен, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен, медицина саласына қосқан үлесі үшін С.П.Боткин (1984) атындағы медальмен марапатталған.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе