Оқушылар мектеп басшылығы бекіткен форманы сабақ барысында киюге міндетті

Қазақстан өзінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы бекітіп, мемлекет пен діннің арақатынасын реттейтін зайырлылық қағидаттарына сүйенетінін айқындады.Қазақстанның мемлекеттік білім беру жүйесі де зайырлы және оның діни білім беру жүйесінен бөлек екенін айта кету керек. Яғни, зайырлылық ұғымы - білім беру мекемелерінде жастар бойында белгілі бір діни көзқарасты қалыптастыруға қарсы екенін білдіреді. Зайырлылық - Ата Заңмен бекітілген мемлекет тұрпаты, сондықтан Конституция негізінде жасақталған ҚР «Білім туралы» Заңы да зайырлылық қағидаттарын басшылыққа алады.

Бүгінгі таңда отандық БАҚ беттерінде мектеп оқушыларының хижаб (араб елдерінде мұсылман әйелдердің денесін жасыру үшін киетін киімі) киюіне қатысты мәселе жиі қоғамдағы жиі қозғалатын тақырыптардың біріне айналып үлгерді. Әсіресе, хижаб киген оқушылардың сабаққа қатысудан бас тарту оқиғаларының орын алуы мәселені одан сайын ушықтырған болатын. Аталмыш мәселеге қатысты дінтанушылар, мектеп ұстаздары мен ата-аналар, құзырлы органдардың мамандары әр түрлі пікір айтуда. ҚР «Білім туралы» Заңына сəйкес білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарының бірі білім берудің зайырлы сипаты болып табылады. Аталмыш заңға сәйкес білім беру ұйымдарында діни ұйымдардың құрылымдарын құруға және олардың қызметін жүргізуге, діни ымырасыздық пен айрықшалықты насихаттауға, педагог қызметкерлердің білім беру үдерісін діни насихат жүргізу мақсатында пайдалануына тыйым салынады.

Соңғы үш-төрт жылдағы қоғам назарына іліккен «хижаб мәселесі» мектеп басшылығының оқушылардан бірыңғай мектеп формасын талап етуінен туындатты. Мұндағы талап етілген мектеп формасы әр мектептің ішкі жарғысымен бекітіледі. Алайда, бұл талаппен келіспейтін кейбір ата-аналар «Құран мен сүннетте мұсылман әйелдің бүркеніп жүруі міндеттелген» деп уәж келтіруде.

Осы тұста кейбір азаматтарымыздың еліміздің 25 жылдан бергі зайырлылық ұстанымын әлі де жақсы түсінбейтіндігін және құқықтық, діни сауаты төмен екендігін аңғартады. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп айқын көрестілген.

Зайырлы Қазақстанда оқушы формасын әр мектеп өз жарғысымен бекітеді. ҚР «Білім туралы» Заңының 43-бабының 3-тармағына сәйкес «ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және бекіту білім беру ұйымдарының құзыретіне кіреді» және 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті». Яғни, оқушылар мектеп басшылығы бекіткен форманы сабақ барысында киюге міндетті болып табылады.

Сонымен қатар ҚР Конституциясының 30-бабының 1-тармағына сәйкес «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» деген талап негізінде ҚР азаматтары орта білім алуға міндеттелген. Яғни, қандай уәж болса да, орта білім алудан бас тартуға жол берілмейді.

Дін тұрғысынан да білім алу - парыз. Оны сауатты дін ғұламалары жақсы біледі. Бұл жайында еліміздің сарапшы-дінтанушылары діни ұстаным мен білімді қатар қойғанда білімнің үстемдігін алға тартады.

Бүгінгі жасөспірім Қазақстанның ертеңгі болашағы. Сондықтан Қазақстанның жарқын болашағы жолында кемел парасат пен жоғары руханият негізінде тәрбиеленген білімді ұрпақ өсіру - заман талабы. Руханият саласында асыра сілтеушілікке бой ұруға, білім алудан бас тартуға жол берілмеуі тиіс. Азаматтарымызды қоғам игілігі үшін алға қойылған талаптарды дұрыс түсінуге шақырып, бірбеткейліктен арашалап қалуымыз шарт.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе