Биыл ұстаздықты таңдағандар саны елеулі түрде артты - Апталық шолу

Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның астанасы Анкараға барды. Осы ресми сапарда Елбасы мен Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды, сондай-ақ түркі тілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық кеңесінің қызметі сөз болды.Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.  Қазақстан Президенті Р.Ердоғанға қонақжайлығы үшін алғыс айтты.

Түркияға қазақстандық делегация ішінде ҚР Премьер-Минстрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚТЖ басшысы Асқар Мамин және басқа да ресми тұлғалар барды.

  

Азық-түлік өнімдерінің бағасын белгілеу мәселелері талқыланды

Осы аптаның соңында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Сапар барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Степногордегі «Степногор-Еуропалық подшипник корпорациясы» АҚ-да болды.

Айта кетейік, осы күні «Степногор-Еуропалық подшипник корпорациясы» АҚ-ның да жұмысы оңға басуда. Аталмыш кәсіпорын осыған дейін жолаушылар және жүк вагондарына, тепловоздар мен электровоздарға қажетті подшипниктер шығарып келген еді. Соңғы кездері теміржол саласынан сұраныс төмендеген соң кәсіпорын осы күні еуропалық үлгідегі подшипниктердің жаңа түрін шығаруды қолға алып отыр.

Бұдан бөлек, Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне мектеп мұғалімдерінің мәртебесін көтеріп, балаларға сапалы білім беру үшін ақпараттық инфрақұрылымды дамыту бойынша тапсырмалар берді.

 «Мирас» көпбейінді мектеп-гимназиясында Премьер-Министр педагогтармен жүздесіп, еліміздегі шағын жинақты мектептер мен мектеп-интернаттарда білім сапасын арттыру мәселелерін талқылады.

Кеңес барысында К.Мәсімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігі оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар шағын жинақты мектептер мен мектеп-интернаттарда орта білімнің жаңартылған мазмұнын енгізу және шағын жинақты мектептерді оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жетілдіру мәселелері қаралды.

Аталған мәселелер бойынша білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндама жасады. Министр өз қарауындағы ведомствоның еліміздегі барлық мектептерде заманауи тәжірибені енгізуді жалғастырып жатқанын айта келіп, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту шараларымен жинақтылығына және орналасқан жеріне қарамастан барлық мектептер бірдей қамтылатынын атап өтті.

Өз кезегінде Премьер-Министр қазақстандық мектеп оқушыларының 48%-ы ауылдық жерлердегі мектептерде білім алып жүргенін еске салды. Осыған байланысты К.Мәсімов аталған министрлікке бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Осы ретте Е. Сағадиевке педагогтардың мәртебесін көтеру бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды. Премьер-Министр сондай-ақ мектептерде арнайы инфрақұрылымды дамыту керектігін, интерактивті тақталар орнатып, интернетке қосу қажеттігін айтты. Бұл жұмысты ауылдағы мектептерден бастау керек.

Бұдан бөлек, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Ақмола облысына жұмыс сапары барысында К.Мәсімовке азық-түлік бағасын қолжетімді ету жолдарын айтты.

«Егер біздер бағаны қалыптастыру тізбесіне қарайтын болсақ, 2 есе айырмашылығы бар екендігін байқайтын боламыз. Нарықта жалпы өндірістің үлкен үлесін алып отырған жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа және фермерлік қожалықтардағы негізгі проблемалар ет, жұмыртқа және көкөністер өнімдерін өндіру», - деді министр.

Сонымен бірге, ол жеке қосалқы шаруащылық (ЖҚШ) және шаруа немесе фермер қожалығы (ШФҚ) өз өнімдерін тікелей сауда желілеріне шығармағандықтан, алыпсатарлар арқылы нарыққа шығатынын жеткізді.

Оның айтуынша, алыпсатарлар сатып алу бағаларын нарықтың бағасына сәйкес анықтайды. Нәтижесінде, өнім жоғары бағамен сатылады.

«Мысалы, ЖҚШ және ШФҚ сиыр етін 1 кг 750-800 тенгеден сататын болса, алыпсатарлар оны 1200-1300 тенгеден сатады. Өндірушілер шығарған шығынға қарамастан, алыпсатарлар шығын шығармай 2 есе пайда көріп отыр», - деді министр.

Астана маңында азық-түлік белдеуін дамыту мәселелері бойынша кеңесте Үкімет басшысы АӨК өкілдерімен азық-түлік өнімдерінің бағасын белгілеу мәселелерін талқыланды.

 Ол ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовке елордадағы сауда орындары еліміздің солтүстік және орталық облыстарындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемейтінін айтты. Қолжетімді бағадағы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселе екені даусыз, ал ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қарсаңында оның өзектілігі арта түседі. Өндірушілердің өндірістерін кеңейтіп, елорда тұрғындарына өнімдерін жеткізуді ұлғайтуға мүмкіндіктері бар. Алайда, Астана нарығына шығу, сауда-логистикалық инфрақұрылымның жетіспеуі, өндірістік қуаттарды жүктемелеуге қатысты бірқатар мәселелер әлі шешім таппаған.

Осыған орай, Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ұлттық экономика министрлігімен және Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп жұмыс істеуді, сондай-ақ бағаны белгілеу мәселелерін шешу үшін айтылған ескертулер мен ұсыныстар шешімі бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Елордада кәріз жүйесін дамытуға мән берілмек

Өтіп бара жатқан бұл аптада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов «Astana EXPO 2017» көрме кешені құрылысымен танысты.

Атап айтқанда, «Астана Экспо-2017» ҰК АҚ төрағасы А. Есімов К.Мәсімовке көрме нысандарының құрылысы туралы баяндады.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, ЭКСПО-2017-ге дайындық бойынша жұмыс кестеге сәйкес қызу жүріп жатыр. Нысандар мен инфрақұрылым салуға отандық кәсіпкерлер кеңінен тартылуда. Көрме кешенін аралау барысында Премьер-Министр қалалық жолаушылар көлігі мен такси қалай жаңғыртылатынын қарап шықты.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан соң Кәрім Мәсімов «ЭКСПО -2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін дайындаудың өзекті мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді.

Сол күні Премьер-Министр Астананы дамытудың өзекті мәселелерімен танысты.  «Астананы дамытудың өзекті мәселелері: жол-көлік инфрақұрылымы, Есіл өзені жағалауын қайта жаңарту, тазарту құрылыстарының жұмысы, су кәріздері, жылу магистралі», -деп жазды Үкімет басшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі елордадағы өзекті мәселелердің бірі. Автокөлік санының артуына байланысты жанар-жағар май шығынының 1,3-1,5 есеге өсуі, сонымен бірге пайдаланылған газдың шығарылуының артуы сияқты мәселелер өткір болып отыр, бұдан өзге Астана тұрғындарына әсіресе қарбалас сәтте көлік кептелістерінің пайда болу мәселесі мәлім.

Елорданы аралауды Кәрім Мәсімов Кенесары көшесін қайта жөндеу учаскесін қараудан бастады. Белгіленген проблемаларды шешу үшін 15 көше мен даңғылдардың, 6 көпірдің, 19 көлік жол айрығы мен өтпежолдардың, жолдағы көлік қоятын 12 орынның жол-көлік инфрақұрылымын реттеу қажет.

Премьер-Министрге сондай-ақ Есіл өзенінің арнасын қайта жөндеу бойынша жұмыс барысы таныстырылды. Жобалық және құрылыс жұмыстарын қала аумағын су басудың тұрақты қауіп-қатерінің алдын алу үшін аяқтау керек. Қазіргі уақытта қаланың шекараларында 23,4 км қайта жөнделген арна пайдалануға берілген.

Елордадағы күрделі проблема шілде айындағы нөсер жауыннан кейін шиеленісе түскен тазарту құрылыстары мәселесі болып табылады. Тазарту құрылыстарының өткізу қабілеті су жинағыш алаң аумағынан су бұруды уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан елорданың бірқатар көшелерін су басты. Тазарту құрылыстарын салу осы проблеманы шешуге мүмкіндік береді, жұмысты 2018 жылы аяқтау жоспарланған.

Нөсерлі кәріз жүйесін дамыту елорда көшелерін су басудың алдын алуға мүмкіндік береді. Астана аумағында қазіргі таңда нөсерлі кәріз жүйесінің 10 құрылысы, оның ішінде жалпы су жинау ауданы 8,5 мың га болатын 8 тазарту құрылысы кешені және 2 су жинауыш тоған бар.

Астана әкімдігі тиісті жобаларды кезең-кезеңмен жүзеге асырумен нөсерлі кәріз жүйесін дамыту бойынша 2019 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын әзірледі.

 

2016 жылға 32 мыңға жуық грант бөлінді

Қазақстанда жоғары оқу орнына түсу үшін білім гранттары иегерлерінің тізімі бұқаралық ақпарат құралдарында 12 тамызға дейін жарияланады. Бұндай шешімді осы аптада Астанада Білім гранттарын бөлу жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның мүшелері қабылдады.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің сөзіне қарағанда, биыл 31 702 грант бөлінді, оның ішінде 2 950 орын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде оқуға, 28 752 грант 1 курсқа қабылдауға қарастырылды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылы мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына негізделді. Осы орайда аталған басымдықтарды ескере отырып, 12 593 грант техникалық және технологиялық мамандықтарға ескерілген. Сонымен қатар, 5 000 грант - педагогикалық, 2 690 грант  - ауыл шаруашылығы мен ветеринария мамандықтарына, 3 000 грант  - медициналық салаға мамандықтарға бөлініп отыр.

Министрлік мәліметінше, конкурстық негізде мемлекеттік тапсырыс берілетін ЖОО-лар тізімі айқындалды. Еліміздің 112 азаматтық жоғары оқу орындары арасында  оқу гранттары 87 ЖОО-ға бөлінді.

«Ағымдық жылғы оқу гранттарын алу конкурсына 59 677 адам қатысуда, олардың ішінде 47 342-сі - қазақ тілінде білім алуға (80 пайызға жуығы), 12 335 талапкер орыс тілінде оқуға тапсырды», - деді министр.

Е. Сағадиев «Мәңгілік ел жастары - индустрияға!» жобасы аясындағы квота бойынша өткізілген конкурсқа 9 797 адам қатысып отырғандығын жеткізді.

Комиссия отырысы барысында ведомство тарапынан қуантарлық ақпарат айтылды, яғни биылғы жылы ұстаздық мамандықтарды таңдағандар саны елеулі түрде артыпты. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта еліміз бойынша білікті мұғалімдер тапшылығын шешуде септігін тигізетіні анық.

Атап айтқанда, ағымдағы жылы  97 мың талапкердің ішінде 60 мыңға жуығы оқу гранттарын алу конкурсына қатысуда. Жалпы, 32 мыңға тарта грант бөлініп отыр.

«Қазақ тілінде «География» бағытында білім алуға конкурс бір орынға 28 адамнан, «Алғашқы әскери дайындық» - 22 адам, «Музыкалық білім» - 18, «Бейнелеу өнері» - 14, «Педагогика және психология» - 12 адам үміткер. Егер де орыс бөлімдеріне тоқталатын болсақ, онда «География» мамандығы бойынша бір орынға 18 адам үмітті, «Алғашқы әскери дайындық» бағытында - 15, «Бейнелеу өнері» - 11. Бұл ретте мұғалімдік кәсіп мектеп және  колледж түлектері арасында танымал болып отырғандығы байқалып отыр», - деді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры міндетін атқарушы Гүлзат Көбенова.

Сонымен қатар Г. Көбенова биыл техникалық мамандықтарға студенттер арасында елеулі конкурс байқалып отырғандығын атап өтті. Қазақ бөлімдерінде «Геодезия және картография» (бір орынға 7-ден астам үміткер), «Ақпараттық жүйелер» (төрттен астам), «Электроэнергетика» (төрттен астам) бағыттарында конкурс көбірек.

Орыс тілі бөлімдерінде «Геодезия және картография» бойынша бір орынға алтыдан астам үміткер, ал «Электроэнергетикада» - төрттен асып отыр.

Осы арқылы аталған мамандықтарға конкурс орташа есеппен алғанда бір орынға 2-7 адамға үмітті болған.

Мұнымен қоса, ауыл шаруашылығы саласындағы  мамандықтарға да жоғары конкурстық деңгей тіркелген екен.  Бұдан бөлек, «Стоматология» бағытында білім алуға ниеттілер көп тіркелді. Сондай-ақ орыс бөлімінде «Халықаралық қатынастар» бойынша бір орынға - 22 адам, «Құқықтануда» -12 адам үмітті.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе