Мәскеуде Қазақстан мен Ресейдің тау-кен металлургия саласының өкілдері кездесті

МӘСКЕУ. 24 Бүгін Мәскеуде «Мәскеу құрыш және қорытпа институтының» базасында ҚР металлургия және тау-кен саласының өкілдері, қазақстандық жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен ресейлік ғылым және өнеркәсіп мекемелерінің

жетекшілері қатысқан әріптестік кездесу өтті. 

Кездесуде әлемдік металлургияның даму болжамы көрсетілді, тау-кен металлургия саласында білім және ғылым интеграциясы мәселесі талқыланды. Институттардың жетекшілері мен зерттеу бағыттары бойынша әлеуетті мекемелердің өкілдері өнеркәсіп саласындағы үдеріс бойынша тәжірибелерімен алмасты. 

Кездесудің ашылуында Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков тау-кен металлургия саласы отандық экономиканың ірі секторы және ұлттық экономиканың әлеуетті саласы болып табылатындығын атап өтті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес индустриялық-инновациялық даму экономиканың басты бағыты екендігі айтылды.

Сондай-ақ, елші кездесуге келген қатысушыларды Қазақстанда өндірістің және экспорттың көлемін, жалпы бағаны арттыруға бағытталған тау-кен металлургия саласы бойынша 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама іске асып жатқандығымен ақпараттандырды. Қызмет етіп жатқан кәсіпорындар кеңейіп, жаңа нысандар іске қосылуда, сонымен қатар жоғары сапалы өнім өндірісі шығарыла бастады.

Дипломаттық миссияның басшысы еуразиялық кеңістікте интеграция үдерісінің маңыздылығын атап өтті. Бірыңғай экономикалық кеңістік аясында Қазақстан мен Ресей және Беларуссия мемлекеттері арасында орнаған ынтымақтастықты үлгі ретінде қарастыруға болатындығы атап өтілді. 

З.Тұрысбеков қазіргі кезеңде екі ел жастары арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту және күш-жігерді шоғырландыру маңызды екенін атап өтті. «1994 жылдың өзінде Қазақстан Президенті «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында қазақстандық студенттерді кәсіби деңгейде даярлауға бастамашы болды» деп атап өтті дипломат.

Қазақстандық мамандарды оқытуда жетекші ресейлік жоғары оқу орындарының маңызы зор. «Бүгінде ҚР мемлекеттік органдарында немесе отандық бизнес-құрылымдарда жоғары қызметте жүргендердің көбі кезінде Ресейде жоғары білім алғандар», - деп қосты дипмиссия басшысы.

Сондай-ақ, елші Қазақстанда жоғары білім жүйесін дамыту жөніндегі жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы айтып берді. Бұл саладағы серпінді жобалардың ішінде Астанадағы «Назарбаев Университеті» аталды, сондай-ақ елдегі «20 зияткерлік мектеп» жобасының жүзеге асырылуын әңгімеледі.

Қазақстандық тараптан кездесуге «Тау-Кен Самұрық» Ұлттық кен-руда компаниясының», Қазақстанның ірі металлургиялық корпорациясының, олардың арасында «Қазхром», «Қазақмыс» «Қазмырыш», «Қазақалтын» АҚ және басқаларының, «Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының, «Қазатомөнеркәсіп» ААҚ өкілдері қатысты. Қазақстандық жоғары оқу орындарынан Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан МТУ, Рудный индустриялық институты мен Шымкент университетінің өкілдері болды.

Ресей тарапынан Мәскеу құрыш және қорытпа институтының  ғалымдары, И.Бардин атындағы Қара металдар орталық ғылыми-зерттеу институтының, А.Цепиков атындағы Бүкілресейлік МЕТМАШ ғылыми-зерттеу институтының, «Сирек металдар» ғылыми институты ААҚ және басқа да мүдделі ұйымдардың басшылары қатысты.

Әріптестік кездесуді Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігі «Мәскеу құрыш және қорытпа институты» ғылыми-зерттеу техникалық мекемесімен бірлесіп ұйымдастырды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе