Қазақстанда медресе шәкірттері арасындағы тұңғыш республикалық олимпиада басталды

Бүгін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ұйымдастыруымен Алматыдағы «Нұр Мүбарак» Египет Ислам Мәдениеті университетінде тұңғыш рет медресе шәкірттері арасында республикалық олимпиада басталды.Білім сайысының ашылу салтанатына Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысты, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметінен.

«Ислам - білім мен ғылым діні. Діни басқарма шәкірттеріміздің біліміне аса мән беріп отыр. Бүгінгі ілім сайысын өткізудегі мақсатымыз - сіздердің білімдеріңізді жан-жақты шыңдау. ХХІ ғасыр имамына қойылар талап зор. Сондықтан дін өкілдері заман талабына сай болуы тиіс. Тек діни саламен ғана шектеліп қалмай, өзге ғылымдарды да үйренуіміз керек. Құрметті шәкірттер, ілім сайысына қош келіпсіздер. Сіздерге сәттілік тілеймін! Алла тағала баршамызға қайырлы білім берсін», - деді бас мүфти кіріспе сөзінде.

ҚМДБ төрағасы болашақта мұндай шараны Орталық Азия елдерінің Діни басқармалары арасында өткізу туралы жоспарда бар екенін жеткізді.

Айта кетейік, білім додасына еліміздің әр аймағынан 9 медреседен келген 54 шәкірт қатысуда. Олар 2 кезең бойынша Ислам тарихы, араб тілі, ақида, фиқһ пәндерінен сынға түспек.

Діни басқарманың білікті мамандары шәкірттердің білім деңгейін анықтап, игі шара соңында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан шәкірттерді бағалы сыйлықтармен және Бас мүфтидің алғыс хатымен марапаттайды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе