АҚТАУ. 29 Маңғыстау облысында 1 қыркүйекке дейін жалпы білім беретін 8 жаңа мектеп пайдалануға тапсырылуы тиіс.Облыста биылғы оқу жылында 138 жалпы білім беретін мектеп балаларды білім нәрімен сусындатты. Онда тәлім алатын оқушылардың қатары 98 мыңнан асып жығылады. 1 қыркүйекке қарай қосымша 6 912 шәкіртке арналған 8 жалпы білім беретін мектептің есігі айқара ашылады деп жоспарланып отыр.
«Қарақия ауданының Жетібай кентінде 624 балаға арналған, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылы «Атамекен» ықшам ауданында да 624 орынға шақталған мектептер ашылады. Мұнайлы ауданында 4 мектеп пайдалануға беріледі: Басқұдық пен Баянды ауылдарында (әрқайсысы 960 орынға), Маңғыстау-4 (1200 орын) және Маңғыстау-5 (960 орын). Жаңаөзен қаласындағы «Бостандық» ықшам ауданында 624 оқушыға арналған және Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында 960 балаға арналған мектептер бой көтереді. Аталмыш білім ордаларының басым бөлігі бойынша құрылыс жұмыстары 2012 жылы қолға алынған», - деп түсіндірді Маңғыстау облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Зейнеп Тастемірова.
Аталмыш мектептердің іргесі 1,5 млрд. теңге көлеміндегі инвесторлардың қаржысына және республикалық бюджеттен бөлінген 3,2 млрд.теңге трансферттер есебінен қаланды.