Оңтүстік Қазақстан облысында мектептегі оқушы орнына тапшылық 34 мыңға жетіп отыр

АСТАНА.  18 Оңтүстік Қазақстан облысында оқушы орнына тапшылық 34 мыңға жетсе, балабақшаға тапшылық 176 745 орынды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін облыста жыл сайын ең аз дегенде 40 мектеп, 20 балабақша салынуы тиіс. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.Сенатордың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысы республикамыздың халқы тығыз орналасқан өңірлерінің бірі. Қазіргі таңда, облыста 531 804 оқушы білім алады, ол республиканың мектеп оқушыларының 21 пайызы. Үстіміздегі жылы еліміз бойынша мектепке барған бүлдіршіндердің төрттен бірі де осы өңірде. Дегенмен, облыс бойынша жалпы білім беретін 1 017 мектептің, 468-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан, 242 мектеп саман кірпіштен салынған.

«Балалардың туылу қарқынының тез өсуіне сәйкес мектепке келуші бүлдіршіндердің саны жыл сайын шамамен 17 мыңға өсіп отыр. Мысалы, 2011 жылы мектеп бітірген оқушылар саны 38 918 болса, мектепке қабылданғандар саны 55 836 оқушы. 2012 жылы мектеп бітірушілер саны 39 366 болса, мектепке қабылданғандар саны 56 367 оқушыны құрап, екі жылдың ішінде оқушы орнына деген тапшылық 34 мыңға жетіп отыр. Ал 12 жылдық білім беруге көшу кезеңінде 2015 жылы облыстағы мектептерде 662 873 оқушы білім алады деп жоспарлануда», дейді Қ. Айтаханов.

Сонымен қатар, депутат облыста«Балапан» бағдарламасы бойынша 99 450 бала немесе 36 пайызы мектепке дейінгі мекемелермен қамтылғанын, бала бақшаға тапшылық 176 745 орынды құрайтынын айтты. «Бұл мәселелерді шешу үшін облыста жыл сайын ең аз дегенде 40 мектеп, 20 балабақша салынуы тиіс. Аталған өзекті мәселелерді шешу мақсатында, жергілікті әкімшілік тарапынан облыста салынуы тиіс білім беру нысандарының тиісті құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне тапсырылған болатын. Алайда, белгісіз себептермен аталған тізімдегі жалпы құны 3,27 млрд.теңге құрайтын 9 мектеп 2013 жылға арналған республикалық бюджет жобасына енбей, кейінгі жылдарға қалдырылып отыр. Соған орай, республикалық бюджеттен Оңтүстік Қазақстан облысында 9 мектеп пен 8 балабақшаның құрылысын жүргізуге 6,31 млрд. теңге қаржы бөлінсе игі», деді сенатор Қуаныш Айтаханов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе