Біздің мақсатымыз «Сорбонна-Қазақстан» француз институтын ғылыми орталыққа айналдыру - Франсуа Олланд

Біздің мақсатымыз «Сорбонна-Қазақстан» француз институтын ғылыми орталыққа айналдыру. Бұл туралы бүгін «Ғылым ордасы» РМК ғимаратында өткізген дәрісі барысында Франция Президенті Франсуа Олланд мәлімдеді.«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті базасында ашылған «Сорбонна-Қазақстан» француз институтының болашағы зор.  Біздің мақсатымыз бұл институтты көпфункциялы ғылыми орталыққа айналдыру. Болашақта онда мықты кәсіби кадрлар даярлау жүйесі жолға қойылады. Әртүрлі ғылыми бағытта зерттеулер жүргізіледі. Бір сөзбен айтқанда, «Сорбонна-Қазақстан» француз институты Қазақстанның игілігі үшін қызмет етуі тиіс», - деді өз сөзінде Ф. Олланд.

Сонымен қатар, Франция Президенті Қазақстан мен Франция арасындағы өзара  ынтымақтастық арта түсуі үшін Қазақстанда француз тілінің кең көлемде оқытылуы керектігін жеткізді.

«Бүгінде Астана мен Алматыда француз университеттері бар. Оларда Қазақстанның элитасы оқиды.  Бірақ, бұл аз. Сондықтан, француз тілінің басқа да жоғары оқу орындарында кең көлемді оқытылуын қалар едім. Бұл жерде Францияның университеттері де көмек көрсетуге дайын. Өйткені, тіл, мәдениет және ғылым - Франция мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қайнар көзі», - деді Ф. Олланд.

Айта кетелік, бүгінгі шараға Францияның Қазақстандағы елшілігі мен Алматыдағы Консулдығының және Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, сонымен қатар, қаладағы жоғары оқу орындарының басшылығы мен ғалымдар,  студенттер, журналистер қатысты.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе