«Нұрлы жол» аясында апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешіледі - Апталық шолу

Осы аптада Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Орталық коммуникация қызметінде болып, білім саласындағы біршама жаңалықтармен, жоспарларымен жұртшылықты таныстырған болатын. Брифингтегі негізгі мәселе «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде мектепке дейінгі және орта білім беруді дамыту тақырыбын қамтып, бұл бойынша вице-министр Есенғазы Иманғалиев пен министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім, ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева біраз жайттан мағлұмат берді. Сондағы айтылған жағымды жаңалықтардың біріне келсек, министрлік жергілікті ат­қа­рушы органдармен бірлесе отырып, Ұлттық қор қаражаты есебінен апатты және үш ауысымды мектептердің орнына құрылыс салуға қажет білім ұяларының санын анықтаған.Айта кетерлігі, Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауының шеңберінде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Ұлттық қор есебінен 2015-2017 жылдарға жалпы сомасы 61,9 млрд. теңгені құрайтын 73 мектептің құрылысы жоспарланыпты. Яғни үш ауысымды сабақтарды жою үшін Ұлттық қордан 57 мектеп, апатты мектептердің орнына 16 мектеп салу қарастырылған.

«2014-2015 оқу жылында республиканың 99 мектебінде сабақтар үш ауысымда жүргізіледі. 136 мектеп апатты болып табылады. Осы мектептер мәселесін шешу үшін Ұлттық қордан 2015 жылға - 14,3 млрд. теңге, 2016 жылға - 23,9 млрд. теңге, 2017 жылға - 24,5 млрд. теңге қарастырылған. Құрылысы жоспарланған мектептердің тізімі қалыптасты. Ұлттық қордан республиканың 12 өңірінде 73 мектеп салынады. Мұнымен қоса, республикалық және жергілікті бюджет есебінен бірқатар мектептің құрылысы жүзеге асырылады. Жалпы осы бағыттағы шаралар 2018 жылға қарай үш ауысымдағы және апатты мектептерді жоюға, мектепке дейінгі ұйымдардың орнын толтыруға, сондай-ақ бұл мәселелерді түбегейлі шешуге мүмкіндік береді», - дейді вице-министр.

Айта кетерлігі, мәліметтерге сүйенсек, республикамызда 8467 мектепке дейінгі ұйым тіркеліп, оларға 727,4 мың бала барады екен. Оның ішінде 3832 балабақша (541,5 мың бала) және 4635 шағын орталық (185,8 мың бала) бар. Тұтастай алғанда, Қазақстанда балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту 78,6 пайызды құрайды.

Бұның ішінде республиканың 6 өңірінде - Алматы (62,9 пайыз), Маңғыстау (68,1 пайыз), Оңтүстік Қазақстан (72,4 пайыз), Жамбыл (70,9 пайыз) облыс­тарында және Алматы (64,7 пайыз) мен Астана (63,1 пайыз) қалаларында балаларды мектепке дейінгі орындармен қамту республикалық деңгейден төмен. Яғни, аталған өңірлерде 2020 жылға қарай 100 пайыздық нысаналы көрсеткішіне қол жеткізбеу қаупі бар. Осыған байланысты жоғарыда көрсетілген өңірлердің Маңғыстау облысынан (2 балабақша) басқа әрқайсысында Ұлттық қор қаражаты есебінен жалпы сомасы 15,39 млрд. теңге тұратын 3 балабақшадан, басқа өңірлерде 1 балабақшаның құрылысы қолға алынбақ. Жалпы алғанда, осы шаралар 2018 жылға қарай үш ауысымды және апатты мектептерді жоюға және мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Және бір жаңалық - ҚР Білім және ғылым министрлігі Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірлесе мектепке дейінгі білім беру жаңа стандартының жобасын әзірлеуде. Мектепке дейінгі, орта білім және ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Жаңыл Жонтаеваның сөзіне қарағанда, осының нәтижесінде мектепке дейінгі білім беру бағдарламаларының мазмұны жаңартылады. Мектеп алдындағы сыныптар мектепке дейінгі білім беруге жатқызылатынына тоқталған Ж. Жонтаева, осы орайда мектеп алдындағы (5-6 жастағы балалар) дайындықпен қамтылған балалардың үлесі 99,6 пайызды құрап отырғандығын жеткізді. Атап айтқанда, жаңа стандарт Қазақстанның түрлі облыстарындағы 30 мектепке ілкі жоба ретінде енгізіледі. Жалпы, Білім және ғылым министрлігі мектеп алдындағы сыныптардың білім беру бағдарламаларын сынақтан өткізуді 2015-2016 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастамақ.

 

Көлік сатып алу үшін жеңілдетілген несие қарастырылады

Осы аптада Үкімет ісіндегі жаңалықтардың бір парасы отандық автокөлік саласын дамытуға қатысты болды. Атап айтқанда, Үкімет алдағы уақытта автокөлік сатып алу үшін қазақстандықтарға жеңілдетілген несие беруге арнайы қаржы қарастыратын болады. Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтың айтуынша, ел азаматтары жеңілдетілген несиемен тек отандық көліктерді сатып ала алады. Оның мөлшерлемесі 4 пайыздан аспайды және 3-5 жыл мерзімге негізделген. Сосын несие теңгемен ғана беріледі.

«Бұл мақсатта бюджеттен 15 млрд. теңге бөлінеді. Бұл қаржы шамамен 4-6 мың автокөлікті сатып алуға жетеді. Әрине, көліктердің құны мен саны тұтынушының қандай модель мен оның құрамдануын таңдауына байланысты болады», - деп атап өтті вице-министр.

 Автокөлік демекші, бюджеттің қаржысына мемлекеттік сатып алу аясында жоспарланған бір санаттағы көлікке еліміздің өңірлерінде бюджет қаржысы әр түрлі сомада қарастырылғаны да анықталыпты. Яғни, мемлекеттік органдар көлікті сатып алуда әртүрлі бағалар белгілеген. «Мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алуға ұсыныс жасаған автокөліктердің құнына талдау жүргізді. Сол талдаудың нәтижесі бойынша көліктердің бір маркісіне республиканың түрлі өңірінде бағаның әрқилы екенін анықтады. Бұл бағаның айырмашылығы елдің кейбір аумағында 40 пайызға дейін жоғары болып отыр», - дейді Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Оның айтуына қарағанда, осыған байланысты барлық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне мәселені қарастыру үшін нұсқау хат жіберілген екен. Ендігі күні бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуын болдырмау үшін Қаржылық бақылау комитеті автокөлік сатып алуға арналған шығыстарды жоспарлау кезінде қолдануға болатын жүйелі ұсыныстарды әзірлеп жатқан көрінеді.

«Мұндай жұмыс мемлекет қаржысы игерілетін бағыттардың барлығында жүргізілетін болады. Жұмыс тобы іс-қимылдарының жоғарыда айтылған кестесі мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды салықтық тәртібін көтеруге, «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыруға бөлінетін қаржының, сондай-ақ бүкіл бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

 

Сайлау-2015: Үш үміткер үгіт-насихат жұмысына кірісті

Сонымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 14 ақпанда көтерген бастамасы арқасында кезектен тыс Президент сайлауы 26 сәуірге тағайылдалып, бұған арнайы Жарлық шығарылған болатын. Осы аптада наурыздың 26-сынан бастап, Орталық сайлау комиссиясының ресми тіркеуінен өткен үш үміткер саяси дода науқанына қызу кірісіп кетті, жер-жерлерде, өңірлерде жұртшылық арасындағы үгіт-насихат жұмысы басталды. 

Заң талаптарына сәйкес, президенттікке үмітті азаматтар үшін алғашқы сынақ - мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау болып табылады. Яғни, Қазақстанда «Президент боламын, ел басқарамын» деген азаматқа мемлекеттік тілді еркін меңгеруі талап етіледі. Осыған орай, президенттік сайлауда кандидат атанғысы келетіндердің барлығы дерлік ең алдымен мемлекеттік тілден емтихан тапсырып, жұртшылық алдында өз ойын жеткізетін, еркін сөйлей алатынын нақпа-нақ дәлелдеуі шарт. Сондай сынақтардан соң ғана үміткер келесі кезеңге жолдама алып, сайлауға түсу үшін қажетті жақтаушыларының санын, яғни қолдаушылардың қолын жинауы керек-тұғын. Осы екі сынақтан сүрінбей өтсе, қалғаны соншалықты қиын да емес еді, яки арғы жағы үгіт насихаттың еншісіне тиетін болған. Алайда, биылғы сайлауға президенттіктен үміттілер саны көп болғанымен, заң талаптарына толық жауап беретін үш кандидат қана суырылып алға шықты, Орталық сайлау комиссиясы сайлауға да солар түсуге лайықты деп шешім шығарды. Олар: «Нұр Отан» партиясының атынан ұсынылған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Коммунистік партияның үміті - Тұрғын Сыздықов және өзін-өзі ұсынушы, Қазақстанның кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов. 

Сөйтіп, биылғы сайлауда президенттікке кандидат ретінде 27 адам ұсынылса, оның 25-і өзін-өзі ұсынған еді. Айта кетерлігі, 2005 жылғы президенттік сайлауда 18 кандидат өтініш берген екен, оның ішінде Орталық сайлау комиссиясының алдында талаптарды толық орындаған бес кандитдат додада қалған. 2011 жылы 22 кандидат өтініш берсе, сайлауға төртеуі ғана түскен болатын.

Бұл жолы  27 үміткердің тек үшеуі ғана саяси додаға түсуге лайықты болып шықты. Өйткені, ұсынушылардың басым бөлігі мемлекеттік тіл сынағынан өтпей қалды. Ресми мәліметке қарағанда, кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтауға арналған он жеті отырыс өткізсе, оған барлығы он бес адам келген. Тек жеті үміткер ғана қазақ тілін еркін меңгергендігін дәлелдеген. Алайда, сол жетеудің ішінде біреулері қол жинай алмаса, бірі өз еркімен бас тартып, енді біреулері сайлауға қатысты құжаттарды дұрыс тапсырмағандықтан науқанды тоқтатуға мәжбүр болды.

Нәтижесінде Орталық сайлау комиссиясы қажетті қолдау қолын жинаған Нұрсұлтан Назарбаевты бірінші етіп ресми тіркеуден өткізді. Айта кетерлігі, ҚР Президенттігіне кандидат болып тіркелу үшін үміткерлер сайлаушылардың 93 мыңнан астам расталған қолын жинау керек болатын. Ең алдымен, Н.Назарбаев өз қолдаушыларының 560 523 расталған қолын жинады. Ал кезектен тыс президенттік сайлауға өзін-өзі ұсынған Әбілғазы Құсайынов сайлаушылардың 132 152, Қазақстанның коммунистік халық партиясының атынан кезектен тыс президенттік сайлауға түсіп отырған Тұрғын Сыздықов сайлаушылардың 98 384 расталған қолын жинаған.

Қазіргі таңда үш кандидат үгіт-насихат жұмыстарымен қызу айналысуда. Кеше, 26 наурыздан басталған үгіт жұмысы 24 сәуір күні сағат 00.00-де аяқталады. Сосын сайлау қарсаңындағы күнде және сайлау күнінде кез келген үгітке тыйым салынады. Сонымен қатар, еліміздің сайлау туралы заңнамасына сәйкес үгіт жұмысын жүргізуге мемлекеттік органдарға тыйым салынады. Лауазымды қызметте отырған азаматтар да өз қызметін  пайдаланып, үгіт жүргізбеуі тиіс. Сонымен бірге, әскери қызметшілерге, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, сот, прокуратура, Ішкі істер министрлігінің қызметкерлеріне, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне үгіт жұмыстарын жүргізуге болмайды. Бұдан бөлек, шет мемлекеттің азаматтарына да үгіт жұмыстарына араласуға тыйым салынған. Жалпы, үгіт-насихат жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары, кандидаттың сенімді өкілдерінің халықпен кездесуі арқылы жүргізіледі.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе