Қазақстан мен Өзбекстан ЖОО-ларында ауғандық қыздарды оқыту бағдарламасы іске қосылды

– Сейсенбі күні Брюссельде Еурокомиссия ғимаратында Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында ауғандық қыздарды оқыту бағдарламасын іске қосу рәсімі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еуропалық Одақ шілде айында БҰҰ-мен бірлесіп, 50 ауғандық қызға Қазақстан мен Өзбекстан университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін пилоттық жобаға 2 млн еуро бөлді. Іс-шараға Ауғанстаннан, Қазақстан мен Өзбекстаннан келген дипломаттар, Еуропалық комиссия мен БҰҰ қызметкерлері, сарапшылар мен журналистер қатысты. Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко болды. «Бүгін бірегей бағдарлама таныстырылды. Алғаш рет мұндай формат Еуропалық Одаққа 2 жыл бұрын ұсынылды. Оны осы ұйымның өзі қолдаған», - деді қазақстандық дипломат журналистерге. «Бұл бағдарламаның идеясы 2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған 50 млн доллар қаражатқа бір мың ауғандық жасты оқуға даярлау бойынша бағдарлама аяқталғанда дүниеге келген болатын», - деп атап өтті ол. «Осы бағдарламамен білім алған ауғандықтар 100 пайыз өз еліне қайтып оралғанын және олар бірден жұмыс тауып кеткенін (75% қайтып оралғаннан кейін бірден жұмыспен қамтылған) көрген еуропалық тарап біздің тәжірибемізге қызығушылық танытып, осы идеяны қолдады», - деді Р.Василенко. Өз кезегінде Халықаралық ынтымақтастық және Еуропалық комиссияны дамыту жөніндегі бас директораттың Орталық Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия бойынша басқармасының басшысы Рафаэль Йодиче Ауғанстанды тұрақтандыру бойынша Қазақстанның әлеуетін жоғары бағалады. Осы уақытқа дейін біздің еліміз Ауғанстанға 80 млн доллардан астам көмек көрсетті, оның ішінде медициналық және білім беру орталықтарын салуға, сондай-ақ жолдар мен көпірлерді қайта жаңартуға 3,5 млн. бөлді. Р. Йодиче атап өткендей, егер Еуропалық Одақ, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы үшжақты ынтымақтастық бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдесе, онда Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындарында ЕО есебінен оқитын ауғандық қыздардың саны ұлғаяды. Ауғандық студенттер Қазақстанда Satbayev University, ҚБТУ, Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Алматы менеджмент университетінде ағылшын тілінде білім алады. Айта кету керек, БҰҰ Даму Бағдарламасының баяндамасына сәйкес, барлық ересек ауған әйелдерінің 11 пайызы орта білім алып, соның ішінен тек 19,5%-ы жұмысқа орналасқан, ал ерлердің 37 %-ы орта білім алған болса, оның 87%-ы жұмысқа тұрған. 2016-2017 жылдары Ауғанстан халқының жартысынан астамы кедейшілікте күн кешіп жатқан болатын.Автор:Тимур Дюсекеев
11300
    Iздеу

    Күнтізбе